• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Төтенше жағдай 07 Ақпан, 2023

Жер сілкінісі: сақтық пен сабақ

1319 рет
көрсетілді

Түркия елінде болған алапат зілзала төтеннен төнетін қатер туралы ойлануға жетелейді. Әңгіме айғайға аттан қосу емес, жер сілкінісі жиілей бастаған кезеңде ел-жұрттың қауіпсіздігін қамту жайында болмақ. Елімізде осы бағыттағы сақтық шарасы қалай атқарылуда, төтенше жағдай туындаған кезде адамдар қалай әрекет етуі керек және жауапты сала мамандары өз міндеттерін қаншалықты тыңғылықты атқаруға дайын деген сауалдарға жауап іздедік.

Қауіп-қатер қайдан?

«Биыл елімізде жеті балдан асатын жойқын жер сілкінісі болмайды. Әсіресе Алматы өңірінде жуық арада сейсмикалық қауіп жоқ», дейді Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков. Дерек 200-ден аса болжамды параметрлерді талдау негізінде есептелген.

Жалпы, кейінгі бес жылда елдегі сейсмикалық құрылғылар 40 мыңға жуық жер сілкінісін тіркеген екен. Мәселен, 2018 жылы – 8 500, 2019 жылы – 7 800, 2020 жылы – 9 500, 2021 жылы – 6 700, 2022 жылы 6 900 жерасты дүмпуі болған. Алайда бұл қауіпті дерек емес, тірелген дүмпулердің барлығы дерлік қуаты жерүстіне сезілмейтін тербелістерге жатады.

Осы негізге сүйенген сейсмолог Ақкенже Сиылқанова күні кеше Алматы қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 375 шақырым жерде, Қытаймен шекаралас аумақта болған дүмпу және осыдан бірер күн бұрын тіркелген Шымкенттегі 2-3 балдық жер сілкінісі адам өміріне қауіп төндірмейтінін айтады.

– Мұндай зілзала ошағы зерттеу орталығының сейсмикалық стансаларына жиі тіркеліп тұрады. Қазақстан бойынша жылына 2-4 балдық жер сілкінісі бірнеше рет болады. Шамамен 7 мыңнан 10 мыңға дейінгі аралықта әлсіз микро немесе сезілетін жер сілкіністері тіркеледі. Тіпті 5-6 балл болғанның өзінде, үрейленіп, абды­раудың қажеті жоқ. Өйткені ол адам­ның өміріне аса қауіпті емес. Түрлі сейсмикалық жағдайларға баға беру үшін Сейсмология институты әртүрлі мерзім бойынша болжам жасап отырады. Қысқа, орта және ұзақ мерзімді болжам деп үшке бөлінеді. Орта мерзімді есеп жылына екі рет жасалады. Әрине жүз пайыз нақты деп айту қиын. Десек те 9 және одан да жоғары балды жер сілкіністерінің қайталану жиілігі көбіне 80 мен 200 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Егер Алматы қала­сын­да ең күшті жер сілкінісі соңғы рет 1911 жылы тіркелгенін ескерсек, қазір өңір сейсмикалық қауіпте тұр, – деді А.Сиылқанова.

 

Алаңдауға негіз бар ма?

Жалпы, елімізде жойқын зілзала бұрынғы Верный, қазіргі Алматы қаласының аумағында 1887 жылы тіркелген. Апат салдарынан үйлер, әлеуметтік нысандар қирап, 300-ден аса адам қаза болған еді. Яғни Алматы маңындағы зілзала қаупі ертеден байқалған. Бұл қауіп әлі де сейілмейді. Өйткені қысқа мерзім ішінде жер сілкінісін болжау оңай емес көрінеді. Дегенмен ғалымдардың бұл бағыттағы ізденісі нәтиже бере бастағандай. Мысалы, нидерландық сейсмолог Фрэнк Хугербитс 5 ақпан күні болған Түркиядағы жер сілкінісін, оқиғаға дейін 3 күн бұрын жорамалдаған. Ол мұны Twitter-дегі парақшасында жариялапты. Онда «Ерте ме, кеш пе, Түркияның оңтүстігінде, Иорданияда, Сирияда және Ливанда 7,5 балдық жер сілкінісі болатынын жазған. Күштілігі 6 магнитудадан жоғары сейсмикалық дүмпу 4-6 ақпан арасында болуы ықтимал» деген. Зерттеуші дата мен жер сілкінісінің қуатын дөп басып айтқан. Әрине, бұған білім-біліктен бөлек, заманауи техниканың мықтылығы сеп болған.

«Десе де тоқсан тармақ тамырын табиғатпен тығыз байланыстырып, тынымсыз тіршілік кешкен байырғы көшпелі қазақ дамыған техникасыз-ақ, алдағы ауа райының қалай болатынын дәл болжаған. Тіпті жер сілкінісінің өзін жан-жануарлар мен жәндіктердің қимыл-қозғалысына қарап-ақ, жора­мал­даған», дейді этнограф-ғалым, қазақ дүниетанымына байланысты көп­теген кітаптың авторы Болат Бопай.

– Жер-Анадан өзегін үзбеген бабаларымыз қоршаған ортаның тілін түсініп, табиғатпен етене жақын болған. Жүгiргeн aңның iзiн, ұшқaн құстың биiктiгiн, қыбырлаған жәндік пен қорадағы төрт түлік малдың тыныс-тіршілігін бақылап, ауа райын бағдарлап отырған. Ит екеш иттің де әрекетін назарда ұстаған. Мәселен, жер сілкінетінінен бір апта бұрын, кейде бір күн бұрын ит жер бауырлап жатпай қояды. Ал төрт түлік мал қораға кірмейді. Жер асты жыныс жүйелеріндегі өзгерістерге байланысты жәндіктер, жыландар, құрт-құмырсқалар, тышқандар, қыс мейлі, жаз болсын, жердің бетіне шығып алады. Негізгі белгілері – сиырдың азан-қазан мөңіреуі, жылқының арқырап кісінеуі, қой-ешкінің маңырауы, иттің ұлуы, мысықтардың үйге тұрмай сыртқа кетуі, жер астындағы тіршілік иелерінің жер бетіне шығуынан «Жер сілкінеді екен», «зілзала болады екен» деп ел ішіндегі данышпан, көреген ақсақалдар алдын ала болжап, халықты хабардар етіп отырған. Қазіргі гид­ро­логиялық-метеорологиялық құ­рал­­­дарын сол кездері малдардың инстинкті, жан-жануарлардың сезетін қа­­сиеттері алмастырған, – дейді Б.Бопай.

 

Қандай сақтық қажет?

Әйтсе де, көпшілік қазір бұл жора­малдарға мән бермейді. Өйткені интер­неттен алдағы апта мен айға арналған ауа райы анық жазылады. Бірақ құрылғылар кейде тұтқиылдан тиетін табиғат құбылыстарынан сақтай алмай, сан соқтырып жатады. Сондықтан қауіпсіздік ережелерін әр қазақстандық ескеруі керек.

– Алматы қаласы Төтенше жағдай­лар департаментінде қаланың халықты даяр­лау және оқыту орталығында жыл сайын 1800-ден астам адам оқы­ты­лып, шаһар бойынша 4 мыңға жуық сейсмикалық жаттығу өткізілді. Со­­ны­мен қатар сейсмикалық қа­уіп­­ті өңір­лерде орналасқан бар­лық объекті­лерде сейсмикалық жат­тығулар тоқсан сайын өткізіледі. Қала­ның мемлекеттік органдары мен ұйымдарының «Халықтың тө­тен­ше жағдайлардағы ережелермен хабардар ету» бекіту жоспарына сәйкес департамент каскадты әдіспен барлық білім беру, денсаулық сақтау объектілерінде, әкімдіктерде, мем­ле­кет­тік басқармалар мен бөлім­де­рінде 520 мың адамға сабақтар өткізді және де осы бағыттағы іс-шаралар жалғасып келеді. Әлеуметтік желілерде төтенше жағдайлар қызметкерлері мен «Қызыл Жарты Ай» қоғамдық ұйымы тұрақ­ты түрде онлайн оқыту трансляция­ла­рын өткізеді, – дейді ТЖМ Төтен­ше жағдайлардың алдын алу департа­мен­тінің басқарма бастығы Роллан Есмағанбетов.

Бұл әдісті журналист Бауыржан Бабажанұлы да қолдайды. Ол Facebook-тегі жазбасында азаматтар­ды бір­ыңғай оқыту үшін әлеумет­тік же­лі­нің әлеуетін пайдаланып, онлайн сабақтарды жаппай ұйым­дас­тыру керек деген пікірін ортаға салды. Өйт­ке­ні кей азаматтар мұндай қауіп­сіз­дік мақсатында ұйымдас­ты­­­ры­лып жатқан шаралардан бей­хабар.

– Біз студент кезде Алматыда жиі жер сілкінетін. ҚазҰУ қалашығындағы 9 қабатты 17-жатақхананың теңселіп тұр­ған сәтін де көрдік. Сол тұста зіл­зала бола қалған жағдайда не істеу керек­тігі жөнінде жаттығулар жиі өткі­зілетін. Басында күле қарағанмен, сигнал берілген сәтте құжатымызды ғана алып, далаға шығуды әбден үй­рен­дік. Меніңше, қазір де сондай жат­тығулар өткізуді қолға алу керек. Бүгін­де мүмкіндік көп, тегін онлайн сабақтар да ұсынылса, артық болмайды, – деді ол.

 

Қалай әрекет еткен дұрыс?

Төтенше жағдайлар министрлігі мамандары зілзала жағдайында қауіп­сіз­дік ережелерін міндетті түрде сақтауды ескертеді. Оның негізі тө­мен­дегідей:

– Жер сілкінісінің алғашқы дүм­пуі кезінде газды, су мен электр қуатын сөндіріңіз. Егер жер сіл­кі­нісінің күші аз болса, онда оны тұрған жеріңізде күткен абзал. Одан едәуір күштірек жер сіл­кінісі ке­зін­де (дүмпу күші бес және одан да жоғары балды құраса), егер сіз ғимараттың екінші және одан жо­ғарғы қабаттарында бол­саңыз, ғи­ма­раттан шығыңыз. Ішкі қабыр­ға­ның, бұрыштың, есік жақ­тауы­ның қауіпсіз жеріне тұрыңыз. Кереуеттің немесе үстелдің астына кіріңіз – олар сізді құлауы мүмкін заттардан және сы­нықтардан қорғайды. Терезе мен ауыр жиһаздан алыс тұрыңыз. Лиф­тіні мүлдем пайдаланбаңыз. Кө­ше­де болсаңыз, ғимараттар мен электр беруші желіден ашық алаң­­ға қарай шығыңыз, үзілген электр сымдарынан алыс тұрыңыз. Ғи­ма­рат жа­нынан жүгірмеңіз және оларға кірмеңіз. Көлікте болсаңыз, дүмпулер тоқ­та­ғанға дейін автомобильден шық­пай көшеде қала беріңіз. Ал зілза­ладан кейін айналаңыздағы меди­ци­налық көмекке мұқтаж жан­дарға жәрдем беріңіз. Егер мүм­кін болса, үйінділердің астында қал­ған азаматтарды шығарыңыз. Ра­диоқабылдағышты қосыңыз. Жа­­уап­тылар хабарлаған шара­лар­ды зейін қойып тыңдаңыз. Мүм­кін­дігінше, су құбыры мен газды тоқтатыңыз және энергия жаб­дық­таушыны сөндіріңіз. Белгілі бір жері зақымданған ғимаратқа кір­меңіз. Үйінді астында қалып қой­саңыз: сабырлық сақтап, көмек ша­қырыңыз, үрейге бой алдырмаңыз. Қайда екеніңізді, өзге адамдар қа­­сы­ңызда бар-жоғын анықтауға ты­­ры­сыңыз. Сізді тауып алғанға дейін дауыстап не қимыл жасап, назар аудар­татын заттарды қолдану арқы­лы басқаларға белгі беріңіз. Сондай-ақ дүмпудің қайталануына дайын болыңыз. Өйткені мұндай жағ­дай­лар­да алғашқы екі-үш сағат едәуір қауіпті болып есептеледі. Кей­де жер сілкінісі бірнеше тәулік, апта және тіпті ай өткеннен кейін де қай­та­лануы мүмкін, – дейді ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу депар­таментінің басқарма бастығы Роллан Есмағанбетов.