• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 08 Ақпан, 2023

Түркияда тағы екі отандасымыз жоғалып кетті

466 рет
көрсетілді

Түркияда орын алған жер сілкіністерінен кейін тағы екі Қазақстан азаматы іс-түссіз жоғалып кетті. Олар бұдан бұрын жоғалған Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті Мирус Құрмашевтың әріптестері еді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Мируспен бірге оның үш әріптесі де хабарсыз кетті. Олар Әділ Қадырбеков, Сабина Мамадьярова, және Түркия азаматы Құбылай Кескин», деп жазды Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев Instagram парақшасында.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлағандай, олар іздестіріліп жатыр.

Сонымен қатар Мағжан Мәдиев іздеу жұмыстарына жеке қатысу үшін Хатай қаласына аттанған. Astana Hub басшысының айтуынша, олардың қайда екені туралы бір-екі анықтама бар.

Мирус Құрмашев жер сілкінісі кезінде Түркияның Хатай қаласында болған. Жер сілкінісінен кейін онымен байланыс үзілген. Түркиядағы іздеуге қосыла алатын кез келген адам Мирустың ағасы Алматқа +7 702 430 20 21 телефоны арқылы хабарласа алады.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркия Республикасына елдің оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға шұғыл көмек көрсетуді тапсырған еді.

Сейсенбі күні Түркияға 41 адамнан тұратын топ аттанды, республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушыларынан бөлек Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері де барды. Оларды Газиантепте Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің өкілдері қарсы алды. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері келген бойда техника мен құрал-жабдықтарды түсіріп алған. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Түркияның зардап шеккен аймақтарына 125 дәрігерден тұратын жасақ жіберуге дайын екенін білдірді.

Сонымен қатар Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ұлттық аза тұту күнін жариялады.