Белгілі блогер, Оңтүстіктің тумасы Рысбала Икрамбай елуінші үйдің кілтін Шымкент қаласы Қазығұрт шағын ауданының тұрғыны, 8 баланың анасы Перизат Момынқұловаға табыстады. Жақында жарынан айырылған ол жалдамалы пәтерде тұрып келген. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған 36 жастағы келіншекті қалың қазақ көшеде қалдырмады. Күйеуінің 40 күндік асын қайда өткіземін деп жүрген анаға Қазығұрт елді мекенінен баспана бұйырды.
– Бұл өңім емес, түсім сияқты. Әлі де сенер-сенбесімді білмеймін. Шынымды айтсам, сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әуелі Алла, сосын мына бізді қолдаған халқыма көптен-көп рахмет. Рысбала және оның оқырмандарына, Қазақ елінің жанашыр жандарына алғысым шексіз. Басымды иіп алғыс айтамын, – деді П.Момынқұлова.
Ал сауапты іс жасап жүрген Р.Икрамбай 2020 жылы тұрмыс тауқыметін кешкен бір жанды халықтың көмегімен баспаналы еткен еді. Содан бері тұрмысы төмен, қиын тағдырды бастан кешіп, шиеттей бала-шағасымен пәтер жағалаған талай отбасын қуанышқа бөлеп, халықтың ақ батасын алып келеді. Әрине, мұның бәрі – халықтың көмегімен жасалып жатқан игі іс.
Қазір өздерін «Ырысты армиясы» деп атайтын Рысбала және оның оқырмандары жарынан айырылған аналар мен әкелерге үй алып беретін болған. Соның нәтижесінде қоғамда қайырымды жандар көбейіп жатыр. Осы уақытқа дейін Алматы қаласы және облысынан 33 үй, Шымкент қаласынан 4 үй, Түркістан облысынан 7 үй, Түркістан қаласынан 2 үй, Тараздан 4 үй сатып әперуге жәрдемдесті. Сонымен қатар ерекше балалардың да еміне қаражат жинауға қол ұшын созып, көпбалалы аз қамтылған отбасыларға азық-түлік үлестіріп, көмектесіп жатыр. Осы салиқалы амалы үшін де ол Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған «Жыл волонтері-2022» халықаралық сыйлығының «Белсенді волонтерлік қызметі» үшін аталымын жеңіп алды.
– «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, жалғыз өзімнің қолымнан ештеңе келмейді. Бұл – қалың қазақтың бір-біріне деген жанашырлығы мен көмегінің арқасы. Халқымның қонақжайлылығы, бауырмалдығы сондай, үймен бірге керекті тұрмыстық заттар мен жиһаздарына дейін әперуге дайын тұрады. Сол үшін қайырымдылық десе қолдан келгенше көмек беруге тырысатын ағайынға шын ризамын, – деді Р.Икрамбай.
Сондай-ақ ол игі бастамаға қолдау білдірушілердің көп болуына әлеуметтік желінің оң әсері тиіп жатқанын айтты. Әлеуметтік желі бүгінде тек байланыс құралы ғана емес, сонымен бірге мұқтаж жандар мен халық арасындағы «алтын көпір» рөлін атқарып отыр. Сонымен бірге әлеуметтік желінің көмегімен адамдар халықтың жәрдеміне шынымен зәру жандарды білуге, олармен байланысуға мүмкіндік алды.
Айта кету керек, әлеуметтік желі белсендісі бастаған «Ырысты армиясы» 30 қаңтар күні Ордабасы ауданы Темірлан елді мекенінің тұрғыны, төрт балалы жалғызілікті әке Ғабит Құрманбековке 49-баспананы сатып әперсе, 50-үйдің кілті, жоғарыда айтқанымыздай, көпбалалы ана Перизат Момынқұловаға бұйырды.
Шымкент