Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің есебін тыңдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Министр Президентке Түркияның жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарында қазақстандық құтқарушылардың жүргізіп жатқан іздестіру-құтқару жұмыстары туралы баяндады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері қиын жағдайларға қарамастан, жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыса отырып, жоғары кәсібилік танытып, өз міндеттерін нәтижелі атқарып жатыр. Әзірге аман қалған 4 адам құтқарылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құтқарушылар мен кинологтар тобы хабарсыз кеткен Қазақстан азаматтарын іздеу үшін бүгін таңертең Хатай қаласына келді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық құтқарушылардың жұмысына оң баға беріп, оларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар Президент Үкіметке Ислам ынтымақтастық ұйымы арқылы Сирияға гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды.