Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова биыл көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы көлемі өзгеретінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министр атап өткендей, Әлеуметтік кодекске жаңа ұғым - «Аналарды марапаттау» енгізілді. Дүйсенованың айтуынша, ол «Күміс алқа», «Алтын алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған әйелдерге беріледі.
«Марапатталған аналарға төленетін жәрдемақының мөлшері де сараланады. Бүгінгі таңда 6-7 және одан да көп бала туып, өсірген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алады. Әлеуметтік кодекстің қабылдануымен аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері де өзгереді. 7 және одан да көп баласы бар аналарға төленетін жәрдемақы 7,4 АЕК-ке дейін өседі», деп нақтылады Тамара Дүйсенова.