Елордада хореографиялық өнердің негізін қалаушылардың бірі, балетмейстер Тұрсынбек Нұрқалиевтің есімі ұлықталды. Талантты ұстазды еске алу мақсатында «Астана Опера» сахнасында «Рақмет, шебер!» атты кеш өтті.
Ұрпақтар сабақтастығы жалғасқанда өнері мәңгі өшпейді дейміз. Тұрсынбек Нұрқалиев қазақстандық әртістердің тұтас шоғырын тәрбиелеп, кәсіби тәжірибесін өскелең ұрпаққа сіңірді. Олардың қатарында қазақстандық өнерді елімізде және шетелдерде әйгілеп жүрген бишілер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Өнербаева, Әйгерім Бекетаева, Әнел Рүстемова, Бақтияр Адамжан, Еркін Рахматуллаев, көптеген халықаралық байқаудың лауреаттары Әсел Шәйкенова, Арман Оразов, Серік Нақыспеков, Данияр Жұматаев, Бауыржан Мекембаевтар бар. Еске алу кешінде талантты тұлғаның көзін көрген, тәлімін алған көпшілік ой-пікірлерімен бөлісті.
Айта кетейік, Тұрсынбек Нұрқалиевтің өзінің айрықша мәнері болатын. Сондықтан оның жұбайы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалия Бөрібаева концерт бағдарламасын әйгілі балетмейстердің жұмыс істеу қағидаты бойынша құрды. М.Хэгертидің «Хикая», Г.Форенің «Павана», Д.Шостаковичтің «Жол» секілді хореографиялық композициялары, С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетінен дуэт, К.Глюктің танымал «Мелодия» дуэті бағдарламаның сәнін келтірді. Сондай-ақ балет кешінде П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару», «Щелкунчик», Л.Минкустың «Дон Кихот» балеттерінен нөмірлер, Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балетінен «Романс» пен «Татар биі» ауқымды нөмірі, К.Сен-Санстың «Өлім алдындағы аққу», А.Хачатурянның «Спартак», В.Соловьев-Седойдың «Гопак» және тағы басқалар орындалды.
– Тұрсынбек Әбдібайұлы тек басшы, ұстаз ғана емес, ол балет әртістерінің барлығына қамқор әке болды. Алдына көмек сұрап келген әрбір жанға қолұшын беріп, балетпен айналысып жүрген жастардың тек театрда ғана емес, одан тыс жерлерде де өздерін жайлы сезінуіне қолдан келгеннің бәрін жасады. Ол елорданың қалыптасу кезеңінде күрделі жағдайларда жұмыс істеуге келіскен санаулы азаматтардың бірі болды. Әртістермен бірге жатақханада тұрды. Оның қалтқысыз еңбек етуінің нәтижесінде Астанада академиялық балет пайда болды, – деп еске алды Бақтияр Адамжан.