Қолы бостық, қарны тоқтық адамды аздырар болса, бұғанасы бекімеген бала үшін бұл қазір тіпті қауіпті. Интернет кеңістіктегі толассыз ағылған ақпараттың ағы мен қарасын айыра алмай, жеткіншектердің арбалып, алданып қалатыны – осы бос уақытының назардан тыс қалуында. Сондықтан да мемлекет қазіргі кезде баланың уақыты зая кетпеуі үшін тегін үйірме, секцияларға ден қойғаны мәлім.
Осы орайда Қарағанды облысында тегін үйірме мен секциялар мыңдаған баланың бабы мен бағын сынауға мүмкіндік беріп келеді. Мәселен, Қарағанды аймағында биыл балалардың тегін спорт секцияларына 2 млрд 164 млн теңге қаржы бөлінді.
Қарағанды қаласындағы «Спортика» фитнес-клубында жүзу, хоккей, дзюдо және би үйірмелері бар. Клуб жетекшілерінің айтуынша, Artsport бағдарламасы іске қосылғанға дейін барлық секцияға қатысушылардың ұзын саны 170 адам шамасында болыпты. Кейін бағдарлама негізінде мемлекеттік қаржыландырудан соң клубта жүзуге келген бала саны 527-ге жеткен екен.
– Қазір жүзуге – 527, хоккейге – 271, биге – 15, дзюдоға 17 адам келеді. Бәрі – тегін. Хоккейшілеріміздің нәтижелері көңіл көншітеді. Олар – Қазақстан чемпионаттарының жүлдегерлері. Сондай-ақ басшылықтың бастамасымен бізде 10 ерекше бала тегін жаттығады, – дейді фитнес-клуб әкімшісі Юлия Ульянова.
Бауыржан Қасымовтың шахмат академиясы да жас шахматшылардың басын қосқан. Мұнда Аrtsport бағдарламасы және ақылы негізде шахмат сабақтары өтеді. Бұған дейін мектептің үш филиалында 200 адам дәріс алған көрінеді. Қазір олардың қатары мыңдап саналады.
– Ал Artsport бойынша жұмыс істей бастағаннан бері оқушылар саны мыңнан асты. Бұл бағдарламаға дейін көптеген бала секция, үйірмеге қатыса алмай келгені белгілі. Өйткені оның бәрі ақылы еді. Қазір бізде 500-700-ге жуық адам – кезекте. Бізден жалпы 5 мыңнан аса адам оқып шықты. Бес жыл қатарынан академия Қарағанды облысының ең мықты мектебі ретінде танымал. Біздің тәрбиеленушілеріміз – республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, Әлем чемпионаттарының қатысушылары. Бағдарлама көмегімен біз Сұрыптау, Пришахтинск және серіктес қалаларда филиалдар ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді шахмат академиясының бас бапкері және оның негізін қалаушы Б.Қасымов.
«Аманат» футбол клубындағы баланың саны да өскен. Бұрын санаулы бала келсе, бүл күні 220 адам тегін жатығып жүр.
– Біз де алдымен, ақылы негізде жұмыс істедік. Ол уақытта ықылас білдірген бала аз. Топта барлығы 10 балаға дейін ғана болатын. Бес жаттықтырушы жұмыс істеді. Жан басына қаржыландыру бағдарламасы арқылы балалар мен жаттықтырушылар саны көбейді. Қазір бізде ваучерлер бойынша 13 топта 220 адам тегін жаттығады. Сондай-ақ 20-ға жуық бала мектептің бастамасымен тегін айналысады, олардың 10-ы – көп балалы отбасынан, – дейді футбол мектебінің жетекшісі Андрей Миронов.
Спорт секцияларын ұйымдастыруға өңірде Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Қарқаралы, Шахтинск, Саран, Бұқар жырау, Осакаров, Абай және Шет аудандарынан 48 спорт қызметін ұсынушылар жұмылдырылып отыр.
Қарағанды облысы