Құрылыс индустриясының экономикаға берер пайдасы жан-жақты, мультипликативті әсері мықты. Сондықтан мемлекет бұл саланы дамытуға баса мән береді. Қаржылай қолдау көрсетіп, қарапайым халықты баспанамен қамтамасыз етуге барынша ықпал жасайды. Сол себепті «7-20-25», «Шаңырақ», басқа да осы секілді мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, соның аясында тұрғын үй құрылысын жандандыру ісі қолға алынып, бүгінде тұрақты жалғасын тауып келеді. Дегенмен халықты толықтай баспаналы ету әзірге мүмкін болмай тұрғаны жасырын емес. Оның да өзіндік себебі бар.
Тоқсаныншы жылдары аумалы-төкпелі заманда ауылдар қаңырап, халық жаппай қалаға ағылды емес пе? Сол тұста облыс орталығы болып тұрған Шымкенттің айналасына ауылдардан көшіп келген халық қоныс теуіп, соның нәтижесінде шаһардың аумағы бірнеше есеге өсіп кетті. Аз ғана уақыт ішінде жеке сектордағы үйлерден құралған тұтас шағын аудандар пайда болды. Алайда адамдардың өз күшімен жер үй салғанымен бұл тұрғын үйге деген қажеттілікті шешкен жоқ. Қайта ішкі көші-қон есебінен шаһардың халық саны жылдан-жылға өсе түсті. Есесіне тұрғындардың да баспанаға сұранысы артты. Қалада көпқабатты тұрғын үй құрылысы екі мыңыншы жылдардан кейін ұлттық экономика әлеуеті артқан соң ғана қолға алына бастады. Соның нәтижесінде тек көпқабатты үйлерден тұратын шағын аудандар бой көтерді. 2018 жылы Шымкент республикалық мәні бар қала мәртебесіне ие болды. Еліміздің үшінші мегаполисі атану шаһардағы құрылыс қарқынын бұрынғыдан да үдете түсуге ықпал жасады. 2012 жылы қабылданған қаланың бас жоспары уақыт ағымына, жағдайдың өзгеруіне байланысты қайта әзірленді. Қала аумағының кеңейіп, дамуымен тұрғын үй құрылысы да шарықтады. Бүгінде пайдалануға берілген баспаналардың жалпы ауданы бір жылға шаққанда миллион шаршы метрге жетті. Мұндай көрсеткіш шаһар тарихында бұрын-соңды болмаған. Дей тұрғанмен күні кешегіге дейін тұрғын үй құрылысында жеке сектордағы жер үйлердің үлес салмағы басым болып келді. Енді-енді ғана көпқабатты үйлер құрылысының саны жеке секторға қарағанда арта бастады.
Бірақ та бүгінде салынып жатқан құрылыс көлемі аз және оның қарқыны да баяу. Соның салдарынан азаматтарды жылдам баспанамен қамтамасыз ету мүмкін болмай тұр. Яғни кезекке тұрып, тұрғын үйдің берілуін күткен халықтың саны жылдан-жылға өсіп жатыр. Ал баспана құрылысы ұлғайып бара жатқан бұл көрсеткішті қуып жете алмай келеді. Мәселен, тұрғын үй басқармасының ресми дерегі бойынша, биыл 1 621 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Алайда бұл кезекте тұрған 50 мыңға жуық халықтың 2-3 пайызын ғана қамтамасыз етпек. Ал былтыр жеңілдікпен үй алуға кезекке қойылған халық саны 5 пайызға көбейген. Жалпы, тек мегаполис емес республика көлемінде тұрғын үй құрылысы саласында екпін бәсеңдеп қалған. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр халыққа баспана үлестіру көрсеткіші шамамен 9 пайызға азайған. Оның үстіне қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов айтып өткендей, 2035 жылға қарай мегаполистегі халық саны 2 миллион адамға жуықтайды. Осыған байланысты шаһардың бас жоспарын әзірлеуде бұл талап ескерілген. Сол үшін алдағы уақытта жыл сайын 2 миллиондай шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отыр. Ал мынадай жағдайда құрылыстың сұраныстан басып озуы мүмкін бе?! Қаншама жылдан бері пайда болған кезек мысықтабандап әрең жылжып жатыр. Жоғарыдағы болжамға сәйкес демографиялық өсім көрсеткіші артса, үйсіз-күйсіз жүрген адамдардың саны ертеңгі күні күрт өсіп кетпей ме?!
Қалалық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ердәулет Әжібаевтің айтуынша, осы мәселе келешекте үлкен әлеуметтік проблемаға айналмау үшін жергілікті әкімдік құрылыс компанияларына үй салған уақытта инженерлік инфрақұрылым жүйелерін тарту жағынан жеңілдік жасауды қарастырып жатқан көрінеді.
«Құрылыс нарығында осы саладан пайда тауып жүрген компаниялар көп. Сондықтан тұрғын үй салу тек әкімдіктің еншісіндегі іс қана емес. Оның ішінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы да бар. Дегенмен басқарма бюджеттік үйлер құрылысын жүргізуге тапсырыс беруші мекеме саналады. Негізінен үйлер арендалық және несиелік бағытта салынады. Арендалық баспанаға әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар үміт ете алады. Жалға берілетін пәтер ешқашан жекешелендіруге жатпайды. Керісінше несиелік үйді Отбасы банкі арқылы ипотека жолымен өз атына рәсімдей алады. Басқарманың тапсырысымен тұрғызылып жатқан үйлердің 90 пайыз қаражаты «Нұрлы жер» тұжырымдасы мен облигация арқылы республикалық бюджеттен, қалғаны жергілікті қазынаның есебінен беріліп отыр. Құрылысты жандандыру мен сапасын арттыру мақсатында әкімдік тарапынан сметалық құжаттамадағы бағаларды және базаға өзімізде өндірілетін материалдарды енгізу жөнінде ұсыныстар әзірленді. Мәселен, қазіргі сметада бір есіктің құны 17 мың теңге күйінде тұр. Ал оның шын бағасы нарықта әлдеқашан шарықтап кеткен. Сонымен бірге Шымкентте көптеген құрылыс материалдары өндіріледі. Егер олар сметаның базасына енгізілсе, құрылыс компаниялары сол жергілікті өнімді қолданады. Сонда мегаполистің құрылыс индустриясы дамып, бюджетке салық есебінен қосымша табыс түсер еді. Үйдің сапасы мықты болу үшін берік, ұзаққа жарайтын құрылыс материалдарын пайдалану шарт. Бірақ мұндай кезде баспананың бағасы күрт қымбаттайды. Пандемия басталмай тұрған шақта бір тонна арматураның құны 280 мың теңге еді. Індет тудырған өндіріс тізбегінің бұзылуынан оның бағасы 500 мың теңгеден асып жығылды. 17 мың теңгеден сатылған бір текше метр пеноплекст қазір 38 мың теңгеден саудаланып жатыр. Сондықтан құрылыс саласының тамырына қан жүгірту үшін халықтың сатып алушылық қабілетін күшейту қажет. Ал азаматтардың жеке табысы жалпы мемлекеттің экономикасының әлеуетіне байланысты. Сол себепті бұл мәселенің шешімін жан-жақты қырынан қарастыру керек. Астанада тұрғын үйдің 1 шаршы метр құны – 380 мың теңге, Алматыда 360 мың теңге болса, ал Шымкентте 330 мың теңгені құрайды деп жоспарлап отырмыз. Өткен жылы мегаполисте бюджеттік үйлердің құны 180 мың теңге тұрған. Негізінде құрылысты салуға кеткен шығын одан әлдеқайда асып түседі. Ал мұнда бағаның арзан болған себебі жергілікті бюджет есебінен халыққа сату кезінде әдейі төмендетілді. Бірақ биыл өткен жылғыдай баға болмайды. Қандай шекте белгіленетіні енді нақтыланады», деді Е.Әжібаев.
Басқарма өкілі құрылыс саласына қатысты тағы бір проблеманың шетін шығарды. Бұл – мамандар тапшылығы. Әсіресе сылақшы, тас қалаушы секілді қарапайым жұмысшылар маусымдық жұмыс кезінде таптырмай кетеді. Сондықтан құрылыс компаниялары жұмысшылар іздеп біраз қиналып жатады. Маманның пікірінше, бұған әлемдегі жастардың көзқарасын өзгертіп жатқан жаһандану үрдісінің де бір жағынан теріс әсері бар. Өйткені қазір өскелең ұрпақ бұрынғының жастары секілді жұмысшы мамандыққа сол саланың кәсіби шебері болуға қызықпайды. Керісінше әртүрлі спекуляциялармен, виртуалды тәсілдермен оңай олжаға кезіккенді қалайды. Осы ретте құрылыс саласының жетекшісі бұл мәселені оңтайлы шешудің жолы ретінде жастарға қосымша кәсіптік мамандықты жаппай оқыту керек екенін айтады. Ертең сол бойынша еңбек етпесе де далада қалмайды, өйткені қолынан бір іс келеді. Сол себепті маман мәселесі құрылыс саласында да сапаға, жұмыстың жүйелі жүруіне, нысанның уақытында тапсырылуына белгілі бір деңгейде әсері болып тұр.
Дей тұрғанмен халықтың тұрмыстық жағдайы мемлекеттің басты назарында болғандықтан, азаматтарды, соның ішінде баспанаға мұқтаж әлеуметтік осал топтағы жандарды үймен қамтамасыз ету әрдайым бірінші кезекте шешілуге тиіс мәселенің қатарына кіреді. Сондықтан Президенттің пәрменімен Үкімет тарапынан халықтың қалтасы көтеретін жайлы баспанамен қамту мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалардың қабылданғаны белгілі. Соның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасының «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ», «5-20-25» секілді бағыттарды атап өтуге болады. Өткен жылы Тұрғын үй басқармасы арқылы 1 605 пәтер арендалық жолмен пайдалануға берілсе, мемлекеттік бағдарламаның жоғарыда аталған бағыттары бойынша 1 640 отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар Отбасы банк арқылы ипотекалық үй алушыларға алғашқы жарна төлеміне әлеуметтік көмек ретінде 1 млн теңгеге дейін жалпы сомасы 50 млн теңгенің сертификаты берілді. Биыл да сертификатқа өтінім қабылдау басталып, жиырмадан аса үміткердің өтініші қарауға жіберілді. Айтқандай, енді шымкенттік БАҚ өкілдері, мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері Отбасы банкі жүзеге асыратын Qamqor бағдарламасына қатысып, баспанаға қол жеткізе алады. Мұнда ипотекалық несие 5 пайызбен 25 жылға беріледі. Басты шарты үй құнының 10 пайыз алғашқы жарнасын төлейді және атында ешқандай үй болмауы тиіс, сондай-ақ мегаполис тұрғыны болуы керек. Биыл осы санат бойынша 150 азаматты баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Ал «7-20-25» бағдарламасының басқалардан айырмашылығы, ол жекеменшік екінші деңгейлі банктер тарапынан іске асырылады. Бұл да – мемлекеттің төмен пайызбен ұсынатын жеңілдігі бар бағдарлама. Алайда мұнда өтініш беруші жекеменшік құрылыс компанияларынан жаңа үйді өзі тауып, құнын бағалатады. Содан соң банк төлем қабілетін растаса және бастапқы жарнасын құйып болғаннан кейін 25 млн теңгеге дейін ипотекалық заем ұсынады. Сондай-ақ бұл жерде үй нарықтағы бағамен сатып алынғандықтан, құны да жоғары болады. Мәселен, мемлекеттің бекіткен бағасы бойынша Отбасы банкі арқылы берілетін 2 бөлмелі пәтердің құны шамамен 14 млн теңге болса, «7-20-25» бағдарламасында 30 млн теңгенің төңірегінде сатып аласыз. Аталған бағдарламаның тағы бір артықшылығы, төлем қабілеті жақсы болса, кез келген уақытта ипоткалық несиеге үй алуға болады. Былтыр ешқандай шектеу болмай «7-20-25»-пен қаланың біраз тұрғыны баспанаға қол жеткізіпті. Алайда биыл неге екені белгісіз бағдарлама әлі іске қосылмай тұр екен. Соған байланысты қаладағы коммерциялық банктер азаматтардан өтінім қабылдап жатқан жоқ.
ШЫМКЕНТ