Еңбек дауының басты себебі жұмысшыларға жалақы төлеудегі алалаудан туындайды. Атырау облысында еңбекақыны мерзімінде бермей, жұмысшыларын жабырқататын кәсіпорындар аз емес.
Облыстық мемлекеттік еңбек инспекция басқармасының басшысы Игілік Әубәкіровтің мәліметінше, жалақыны мерзімінде төлемеу дерегі жыл сайын тіркеліп отыр. Мәселен, 2021 жылы 83 кәсіпорынның 1 388 қызметкерге 469,3 млн теңге жалақы қарызы болған. Жыл соңына дейін 80 кәсіпорында жұмыс істейтін 1 212 қызметкерге төленуге тиіс 447,8 млн теңге жалақы берешегі өтелген. Былтыр еңбек қауіпсіздігінің сақталуын қамтамасыз ету үшін 12 кәсіпорынға «Сенім» сертификаты берілді. Басқарманың араласуымен 122 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөнінде өндірістік кеңестер құрылған.
– Мұндай істі қолға алудағы мақсатымыз – еңбек дауының алдын алу, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осы орайда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы кәсіподақтар орталығымен бірге «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, кәсіптік аурулардың профилактикасы» деп аталатын жоспарды жасақтадық. Сол жоспарда зиянды жұмыс орындарын азайту қарастырылған. Осыған орай 245 өндірістік нысанның жұмысы тексеріліп, арнайы аттестациядан өткізілді. Қазір облыс аумағында 30 кәсіпорынмен «Нөлдік жарақат. Vizion Zero» меморандумына қол қойылды. Ал 6 ірі кәсіпорын «Халықтық бақылау» жобасымен жұмыс істейді, – дейді И.Әубәкіров.
Басқарма тарапынан осындай қадағалау жасалғанымен, былтыр да жалақы төлеуді кешіктіріп, жұмысшылар алдында қарызға батқан кәсіпорындар азаймаған. Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы ақпараттық талдау бөлімінің басшысы Самал Үбіғалиеваның мәліметінше, былтырғы жеті айда 1002 азаматтан шағым түскен. Басқармаға жолданған шағымның 907-сі қаралып, 146 кәсіпорынға тексеру жұмыстары жүргізілген. Тексерудің қорытындысымен еңбек заңнамасын бұзудың 224 дерегі анықталған. Мемлекеттік еңбек инспекторлары заңсыздықты жою туралы 96 нұсқама беріп, Еңбек кодексінің талаптарын бұзғандарға 182 әкімшілік хаттама толтырған. Сөйтіп, 399 жұмысшының еңбек құқығы қорғалып, мемлекет пайдасына 22,7 млн теңге айыппұл өндірілді. Ал жалақы берешегі бар 17 мекемеде жұмыс істейтін 181 жұмысшыға 37,2 млн теңге жалақысы толықтай өндірілген.
Еңбек дауларын шешу мақсатында қабылданған тиісті іс-шаралардың нәтижесінде жұмыс жағдайымен байланысты 23, оның ішінде 14 кәсіпорында еңбекақыны көтеру мәселесі шешімін тапқан. Жыл соңына дейін 26 кәсіпорында жұмыс істейтін 337 жұмысшының 59,4 млн теңге жалақы берешегі өтелген.
– Былтыр шетелдік жұмыс күшін тартқан 61 кәсіпорында жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 23 Қазақстан жұмысшысының еңбекақысы төмендетілгені, 33 шетелдік маманның берілген рұқсатқа сәйкес келмейтін лауазымды атқарғаны анықталды. Бұған 59 шетелдіктің біліктілігі атқаратын лауазымына сәйкес емесі дәлелденді. Сондай-ақ қазақстандық және шетелдік жұмыс күші санының ара қатынасына қатысты 72, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігінің сақталмауына байланысты 33, халықты жұмыспен қамту заңнамасын бұзған 14 дерек тіркелді, – дейді И.Әубәкіров.
Оның айтуынша, облыста еңбек жанжалдары орын алуы ықтимал 25 кәсіпорында тиісті шаралар қолданылып, 18 кәсіпорында бұл мәселе жұмысшылардың пайдасына шешілген. Ал 7 кәсіпорынға қатысты тиісті жұмыстар әлі де атқарылып жатыр. Еңбек жанжалдарын болдырмау, оның ішінде жалақыны көтеру, мерзімінен кешіктірмеу, міндетті әлеуметтік аударымдарды төлеу, өндірістік жарақаттардың алдын алу мәселелері 12 мәрте өңірлік үшжақты комиссия отырысында қаралған.
Ал сенбі, 11 ақпанда Теңіз кен орнындағы жұмысшылар бірреттік сыйақыға қатысты түсінік беруді талап етті. Атырау облысының әкімі мен «Теңізшевройл» ЖШС баспасөз қызметтері сол күні Теңіз кен орнының үшінші буын зауыты жобасының 42-учаскесіне тартылған «Senimdi Kurylys» ЖШС-ның 200 қызметкері жиналып, наразылық танытқанын жоққа шығармады. Жұмысшылар 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін жұмысқа қабылданған қызметкерлерге бір реттік сыйақы төлеудің мән-жайын білгісі келеді.
Кен орнындағы жағдайға байланысты Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов жетекшілік ететін арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамында «Теңізшевройл» ЖШС өкілдері, «Senimdi Kurylys» ЖШС басшылығы мен жұмысшылары, Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының қызметкерлері бар.
«Теңізшевройл» ЖШС баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, мердігер компаниялардың жалақысы 8,4 пайызға өспеген қызметкерлері 500 мың теңге бонус алады. Жалақысы көтерілген жұмысшыларға төленетін бонус көлемі – 300 мың теңге. Осылайша, бонусқа ие барлық жұмысшыға төлем теңдігі сақталады. Мұндай бонус тек бір рет төленеді.
Жыл сайын кен орнында жазатайым оқиға тіркеледі. Мәселен, былтырғы шілдеде үшінші буын зауытының 42-учаскесінде жүргізілген гидротест кезінде атмо-сфералық газы бар құбырдың фланецті қосындысы үзілген. Соның салдарынан жарылыс болып, екі жұмысшы оқиға орнында көз жұмды. Оның бірі – аталған учаскедегі жобаны іске асыруға тартылған «Senimdi Kurylys» ЖШС-ның 1985 жылғы жұмысшысы. Кейін кен орнындағы медициналық клиникада «Агропром техника» ЖШС жұмысшысы жантәсілім етті. Үш адам жарақат алды. Биыл 8 ақпанда Теңіз кен орнының өндірістік аумағынан тыс жерде «West Dala» компаниясына тиесілі вакуум цистернасы жарылды. Соның салдарынан 30 жастағы жұмысшы оқиға орнында мерт болды. Тағы бір жұмысшы – 29 жастағы ер адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.
Өндіріс орнында жан түршіктіретін осындай жазатайым оқиғалар тіркелгенімен, еліміздің әр өңірінен жұмысқа келуге ниеттілер толастар емес. Бұған бос жұмыс орындарының көптігі мен жоғары жалақы төленетіні себеп болуы мүмкін. Өйткені HeadHunter онлайн платформасының дерегіне қарағанда, еліміздегі бос жұмыс орындарының шамамен 4%-ы немесе 20 мыңнан астамы вахталық жұмыспен байланысты екен. Мәселен, Атырау облысында вахтамен істейтін қызметкерлерге сұраныс артып отыр. Бұл өңірдегі вакансияның үлесі 16%.
Вахтамен істейтін жұмысшыға ұсынылатын ең жоғары жалақының рейтингінде Атыраудағы мұнай-газ саласының жобалау инженері көш бастап тұр. Бос жұмыс орнын ұсынған компания білікті инженерге айына 1 млн 600 мың теңгеден асатын жалақы төлеуді ұсынған. Ал Теңіз кен орнындағы жобаға мердігерлікке тартылған кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі, қауіпсіздік техникасы және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі менеджердің айлық жалақысы 1 млн 500 мың теңгеден асады.
Алайда қарапайым еңбек адамының көңіліне қаяу түсіретін жалақының төмендігі энергетика мен теміржол саласында да бар. Былтырғы тамызда «АтырауЖарық» АҚ-ның Жылыой ауданындағы 80-ге жуық қызметкері екі күн жұмысқа шықпай қалды. Олардың басты талабының бірі – жалақыны екі есе көтеру. Мұны энергетиктер алаңсыз жұмыс істеудің басты тетігі санайды.
«Қазақстан теміржолы» АҚ-ға қарасты Мақат аудандық бөлімшесіндегі теміржолшылардың алып жүрген жалақысына көңілі толмайды. Сол себептен, желтоқсанда теміржолшылар компания басшысының атына үндеу жолдап, еңбекақыны есептеу жүйесін өзгертуді сұрады. Сөйтіп, жалақыға қатысты бірнеше ұсынысын білдірді. Біріншіден, жалақыны 100 пайызға көтеруді, екіншіден, айлық, тоқсандық сыйақы төлеуді, үшіншіден, кәсіби мерекеде бір айлық жалақы мөлшерінде сыйақы беру жөнінде ұжымдық келісімшартқа өзгеріс енгізуді талап етті.
Атырау облысы