XVIII ғасырдағы әдебиетіміздің ірі өкілдерінің бірі – Шал (Тілеуке) Құлекеұлы. Бүгінге жеткен мұрасын салмақтаған зерттеушілер ақынды Бұқар жыраудан кейінгі жампоздардың бірі екенін айтады.
«Түседі өлең десе қайғы-шерім,
Шығады айқайласам ащы терім.
Басылмас ауызымды ашқан,
мен бір көрік,
Барады ықыласыңа көңілім еріп»,
деп жырлап өткен Шал ақынның өлеңдерінде өзі өмір сүрген замандағы әділетсіздік, теңсіздік, адам, қоғамдық қатынастар жөніндегі көзқарастары анық көрінеді. Ақынның шығармаларынан халық жүрегіне жол тапқан, ел-жұртына жақын поэзияны анық аңғарасыз.
«Ашу – дұшпан болғанда,
нəпсі – жауың,
Ақыл – тұрған алдыңда асқар тауың.
Жүрекке ашу келіп толған шақта,
Денеңнің біле алмассың ауру-сауын.
Ойласаң мың бір пəле тілден туған,
Шешендер топ ішінде тілді буған.
Бір адам қателікпен сөз сөйлесе,
Жабылып мың бір пəле соны қуған»,
деген ақынның өз ортасындағы адами қарым-қатынастың әлсіреуіне адам болмысындағы жағымсыз қылықтардың әсер ететінін өлеңмен өрнектей отырып жеткізуі тыңдаушыны бейжай қалдырмайды. Ақын нәпсіні жау, ашуды дұшпанға теңейді. Ашу жүректі кірлететінін, орынсыз сөз басқа қиындық әкелетінін айтады. Түсінікті жайт, бірақ осыны ақын келісті ұйқаспен, шебер кестеленген өлең жолдарымен жеткізген. Сондай-ақ ақын сабыр сақтау, тілге абай болу мұсылманшылықтың басты шарты екенін меңзейді.
Жалпы, Шал ақынның ислам дінінен мол хабары бар, діни сауатты, өзі де осы жолды өмірлік ұстаным еткен адам болғанын туындыларынан қиындықсыз байқауға болады.
«Иман – қой, ақыл – қойшы, нəпсі – бөрі,
Бөріге қой алдырмас ердің ері,
Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,
Жоламас ешбір пəле шайтан-пері...
Жарлығы екі болмас хақ құдайым,
Жанында серігі жоқ тақ құдайым,
Жанымды алсаң, құдая, иманмен ал,
Шайтанның қазасынан қақ, құдайым». Бұл шаншылып түскен шумақтардан Құдайдың жалғыз екеніне, оның жарлығы бұлжымай орындалатынына сенімі берік, бақиға иманын серік етіп аттануды мақсат еткен, шайтанның азғыруынан шын сақтанған иманды адамның сөзі.
Ақынның өлеңдеріне өзек болған ғибратты сөздер, философиялық терең тұжырымдар, жақсы мен жаман, асыл мен жасық, адам өмірінің қалтарысы мен бұлтарысы жөніндегі толғамдар жаныңды байытады. Әсіресе, ақынның жастық пен кәрілік, балалық пен қарттық кезеңдерді сипаттаған терең мазмұнды пайымдары адам өмірінің әр белесін айнытпай суреттейді. Мәселен, ақын мына төмендегі
«Он бестегі жасым-ай,
Жарға ойнаған лақтай,
Жиырмадағы жасым-ай,
Көлге біткен құрақтай,
Отыздағы жасым-ай,
Таудан аққан бұлақтай.
Қырықтағы жасым-ай,
Қырымдағыға көз салған,
Байлаулы тұрған құр аттай»,
деген ақын қырыққа дейінгі өмірді қызуы мол шаққа, елуді қайта көшкен елге, алпысты қоңыр салқын күнге, жетпісті қараңғы тұман түнге, сексенді қазулы тұрған орға, тоқсанды көрге, өлім алдындағы сәтке теңейді. Осылайша қызыл түлкідей қызықтырып келіп, уақыты келгенде қолдан сусып шығып кетер өмірдің баянсыздығын тәпсірлейді.
Шал ақынның ғибратқа толы, шиыршық атып тұрған шығармаларын ақылдың кені десе болғандай. Адами қасиет, ар-ұждан, намыс және басқа да тақырыптарды қозғаған ақынның жақсылыққа үндеп, жамандықтан жиренуге шақырған ізгі ойлары қазақтың мұрасы. Осынау мұра қазақ халқы тұрғанда мән-маңызын жоймайды.
«...Қайғы ойлаған жігіттің
Кең дүниесі тармен тең,
Уайымшыл адамның
Алды тұйық жармен тең,
Жетесі жаман бозбала
Тоқсандағы шалмен тең.
Жақсының айтқан ақылы
Қазулы сара жолмен тең,
Жаманға айтқан ақылың
Ағып кеткен селмен тең...».
Шал Құлекеұлы сынды жақсылардың сөзіне зейін қояйық. Олардың айтқан ақылын құр босқа ағып кеткен сел етпейік.