• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 12 Ақпан, 2023

Миллатжанның мәңгі бейнесі

444 рет
көрсетілді

Әртістік өнерде берілген рөлді сомдау, тек ұқсатумен шектелмесе керек-ті. Тіпті шеберліктен де биік бір сезініс қажет сияқты. Ол сезіну, бәлки, көзқарас, бәлки, толқу, өткеру – бәрі шынайы. Содан болар, кейде нағыз таланттардың ойнында образдың көркем болмысынан, түр-сипатынан, жүріс-тұрысынан, сөйлеу мәнерінен бөлек көзқарасы да сөйлеп тұрғандай әсер қалдырады.

Мәселен, күллі қазаққа ыстық «Ме­нің атым – Қожа» фильміндегі Қожа­ның анасы Миллаттың жанары есіңізде ме? Толқынсыз тұңғиықтай терең. Ала­сапыран бұлқыныстан кейінгі теңіз­дей тыныш. Сол алып тұңғиықтың түу тере­ңінде ақ пен қарасы қатар өріл­ген өмірдің бар шындығы мен әділет­сіздігі, қоңыр күзде боздаған қобыздың қоңыр үніндей қоңыр мұңы, ұмтылған, сағынған, жалыққан, жабыққан көңілді көлеңкелеген балбал тастардай қайсар­лығы сағымданады. Сол дәуірдің дауы­сы мен жаңғырығы Миллаттың жана­рындағы осы бір мезетке сыйып кет­кен­дей. Иә, бұл Миллаттың – аңызға айналған бейне Қазақ КСР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бикен Римованың көзқарасы.

Өмірінің соңына дейін сахнадан түспеген тұлғаның өнерге деген адал­ды­ғын, ұлт руханияты үшін, ұрпақ үшін жасаған қызметін өлшеу мүмкін бе?.. Абсурд. Бар ғұмырын өнерге арна­ған Бикен Римованың алғаш жұл­дызын жаққан – Еңлік. Кебектің Еңлігі. 1943 жылы 3-курста оқып жүр­­генде актер шеберлігінен сабақ бе­ре­тін Асқар Тоқпанов жас талантқа «Ең­лік – Кебек» пьесасындағы Еңлік рө­лін береді. Осы рөлден кейін Бикен Ри­мованың академиялық драма театрын­да­ғы даңғыл жолы басталды. Ең­лік пен Бикеннің жан дүниесі бір нүк­те­де тоғысқаны соншалық, Мұхтар Әуе­зов: «Бикен Еңлік үшін туған. Еңлік бақыт­ты Бикенге кездескен», деп сүйсінді.

Театр сахнасына Еңлікпен қол ұста­сып келген актриса алпыс жыл шығар­машылығында 80-ге жуық рөлді сомдады. Одан бөлек қазақ киносындағы тарихқа айналған образдары да бір төбе. Ерте жастан тағдырдың теперішін көрген аңыз-ғұмырдың бар жарасын өнері жазғандай ма дейсің. Әлқисса.

Биыл Бикен Римованың туғанына ғасыр толып отыр. Талантты тұлғаның мерейтойына орай Ұлттық музейде «Өнермен өрілген ғұмыр» тақырыбында жылжымалы көрме ашылды. Көрмеге әртістің жеке заттары, марапаттары, әр рөлде киген көйлектері, фото­суреттері қойылды. Қолының табы тиген әшекей-бұйымдары, белбеуі мен әмияны, өзі жазған кітаптар мен киім үлгілері ұсынылды. Барлығы 100-ге тарта экспонат Жетісу облысының Б.Римова атындағы драма театры мен М.Тынышбайұлы атындағы тари­хи-өлкетану музейінің қорынан алын­ған. Ұйымдастырушылардың айтуын­ша, жылжымалы көрме әрі қарай жал­ға­сады. Басқа облыстардан да ұсыныс­тар түсуде, ал қорытындысы өнер май­талманының туған жерінде өтпек.

«Жер жаннаты – Жетісуда дүниеге келген Бикен Римова өмірінің 60 жылға жуығын театр өнерін дамытуға арнады. Театр және кино өнерінде 170-ке жуық рөлдерді сомдады. Қазақ өнерін асқақтатқан Бикен Римованың есімі ел ішінде де, халықаралық деңгейде де танылуға тиіс», деп атап өтті Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Әлиев.

Іс-шараға жиналған қонақтар да әйгілі әртістің өнегелі өмір жолы, сырлы естеліктерімен бөлісіп, көзін көрген театр саңлақтары тау-тұлғаның көп қырлы дарындылығы туралы сөз қозғады. Олардың қатарында Бикен Римованың қызы Меруерт Құсайынова, Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі Ме­руерт­ Өтекешова мен Алмахан Кенже­бе­кова бар.

«Анам қаншама атақ-абыройы бол­са да өте қарапайым болды. Соған қо­са еңбекқор еді. Есімде, жеті жасымда бірін­ші рет анамның спектакліне бар­дым. Онда ол Еңліктің рөлін ойна­ды. Анам осы рөлімен қасиетті театр сах­­насындағы мансабын бастады. Оның бұл рөлі туралы Мұхтар Әуе­зов­тің өзі үлкен баға берді. Осы сөз­ден кейін анам өнерде жұлдыздай жар­қырай жөнелді. Өмірінің соңына дейін М.Әуезов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық драма театрын­­да еңбек етті. Бүгінгі көрмеге келушілер анамның тек әртістік қырын емес, адамдық және жаны нәзік әйел ретіндегі болмысын тани алады деп ойлаймын. Ол тек шебер актриса атанған жоқ, ол, ең алдымен, жазушы-драматург Шахмет Құсайыновтың жары бол­ды. Біз үш бала едік. Бірақ өкі­нішке қарай, осы күнге жеткен мен ғана. Бала кезімізде әке-шешем бізді қат­ты еркелетті, ерекше жақсы көрді. Сол кездегі олардың жарқын бейне­лері, шуақты күлкісі ылғи ойымнан кет­пейді. Сол мейірім кеудемді әлі күнге дейін жылытып келеді», деді Меруерт Құсайынова.

Ал Меруерт Өтекешова сахна саң­ла­ғымен бірге өткізген естен кетпес ескі күндерін еске алды. «Өнер жолым­ды Әуезов театрынан бастадым. Сонда Бикен апамызбен бір сахнада өнер көрсеттік. Ол күндердің ып-ыстық ес­те­лігін ұмыта алмаймын. «Ана – Жер-ана», «Қарагөз» сынды басқа да спек­такльдерде қалай ойнағанымыз, Бикен апаның әр рөлдегі бейнесі, даусы, таланты, жымиысы, жүріс-тұрысы әлі есімде. Осы мерейтой аясында Бикен апаның ойнаған қойылымдарын халыққа қайта ұсынса, көпшілік жұрт шын таланттың өнеріне қайта қанықса деймін. Біз кинода да бірге түстік. Бикен Римованың кинодағы образын да жастарға қайта ұсыну қажет. Ол тағдырдың талай теперішін үнсіз тартты. Бар қайрат-жігерін өнерге арнады. Қиналып жатса да сахнадан түскен жоқ. Мен ондай ерік-жігері мықты әйелді кездестірген жоқпын. Біз Құман екеуміз осындай таланттардың арасында өстік. Қазір көзім көрген, сабақ алған аңыз апаларымды сағынамын. Ондай тұлғаларды жастар тануы керек, қазіргі өнер де ұмытпауы керек», деді ол.

Бикен Ырымқызының өнегелі өмі­рі мен шығармашылығынан сыр шер­тетін көрме ақпан айының соңына дейін жалғасады. Оны Ұлттық музейдің 2-қабатында орналасқан атриумнан тамашалауға болады.