Адам баласы бір сәт ойланбай жүре ала ма? Еш алаңсыз, қамсыз-мұңсыз деген жанның өзі әйтеуір бір ой құшағына сүңгімеуі мүмкін емес. «Әр кәллада бір қиял», әр кеудеде бір үміт. Сағыныш, өкініш, алаң, қиял, жабығу, сенім, арман бәрі-бәрі кеудеңді тыным бермей тепкілейді де жатады. Ең қызығы, ой әлемінде әркім жалғыз. Бәрінің тілегі – бақыт үшін күрес. Герман Титовтың кенептегі кейіпкерлері де сіз бен біз секілді өз бақыты үшін күресіп жүрген адамдар...
Қаз-қатар тізілген картиналарға жай ғана көз жүгіртіп өте салуға болатын шығар. Әсем екен, бояулары қандай қанық, суреттегі бикеш неткен әдемі деуіңіз мүмкін. Біз осылай ғана суреттей салған туындының өзегінде қаншама ұйқысыз түндер, ми қабығын кемірген мыңсан ойлар, арпалысқан сезімдер, бәлкім, адам тағдыры да жатуы мүмкін ғой. Суретшінің еңбегін бұлдап тұрғанымыз жоқ, бізді ынтықтырған кейіпкерлердің ішкі әлемі.
Темір тормен құрсауланған терезеге телміре қарап тұрған әйел үшін өмірдің бар мәні бостандық. Оған еркіндіктен асқан құндылық жоқ. Әйнектен төгілген күн сәулесі үзілмеген үмітін жалғап тұрған шұғыла секілді. Еркіндік лебі ессе, ессіз сүрген есалаң күндерге қош айтып, нағыз адам болып өмір сүруге бейіл. Жай кезде басып-таптап өте беретін көшелер сондай ыстық, түнгі қала шамдары сондай жарық, жұмыстан шаршап келіп төсегіңе құлау неткен бақыт. Үйден шығып бара жатқанда қимай тұрар адамың болса – қандай нығмет...
Қымбат демалыс орнында буырқанған теңізге көз тастап отырған бойжеткеннің арманы мүлде басқа. Оған да әлдене жетпейді. Бәлкім ол үшін бақыт жарқыраған сарай, бума-бума ақша емес. Оған керегі жан тыныштығы. Мүмкін шынайы сезімге зәру. Ардай көңіл адал достықты аңсайтын шығар. Бәлкім бәрін басынан бастағысы келеді. Ол жағы бізге беймәлім. Бір анық дүние – Титов қандай сурет салса да адамды ой әлеміне шақырады. Шат-шадыман өмірді бейнелесе де, жай әншейін терезе алдында тұрған құмырадағы гүл де еріксіз ойлантады.
Суретші кескіндемеге шексіз берілген. Ол көлеңке мен жарық қатынастарын мұқият зерттейді, палитраны күрделі элементтермен байытып, композициялық ырғақтар мен екпіндерді сезіммен құрастырады. Геометриялық сызықтар, жазықтық пен дақтар, қылқаламның әр үйкелісі көңіл-күйді құбылтады. Түс таңдаудағы ұтқырлық, ішкі энергия кескіндеменің құндылығын арттыра түседі. Тіпті шебер, көпқабатты мозаикаларында да осы мәнерінен жаңылмайды.
Өмірдің тұрақсыз, қашып бара жатқан сәттерін сезіну, түсіну, «тоқтату» үшін жанталас жүріп жатқандай. Бәлкім маңызды, мүмкін елеусіз әсерлердің шексіз тізбегі суретшінің санасында кенеп бетіне бекітуді қажет ететін із қалдырады. Осылайша, нақты оқиғасы жоқ сюжеттер шығарманың жанын сезінуді көрерменнің еншісіне қалдыратындай. Еш әрекетсіз, бірқалыпты, жайбарақат кейіпкерлердің жан дүниесін алуан бояулар арқылы ашуға талпынады.
Алматылық көрермендер үшін қылқалам шеберінің Ә.Қастеев атындағы Өнер музейі мен Мәдениет және спорт министрлігі бірлесе ұйымдастырған «Бірге болу сезімі» атты экспозициялық көрмесін тамашалау мүмкіндігі туды. Суретшінің 30-дан астам таңдаулы жұмыстары қойылған өнер жәрмеңкесі шынайы өнер әлеміне үңілген көрерменді бейжай қалдырмасы анық. Шығармашылық иесінің заманауи кескіндеме шешімдерін іздеуге бағытталған тың талпынысын өнертанушылар жылы қабылдады.
– Суретші өзінің жаңа көрмесін «Бірге болу сезімі» деп атады. Бұл қысқа және сыйымды анықтамада шығармашылық ізденістердің мәнін білдіруге деген ұмтылыс көрсетіледі. Картиналардың кейіпкерлері қоршаған ортаға органикалық түрде сәйкес келеді, кейде оған қосылып, бірегейленеді. Олар жартылай ұйықтап немесе өз ойларына еніп, әңгіменің тегіс ағымына немесе арманшыл ойлауға қатысады. Кескіндеме кеңістігінде үстемдік етпестен, олар маңызды емес және елеусіз ештеңе жоқ әлемнің бөлігі болып табылады. Адам мен орта қатынастарын зерттеуде автор осы сәтте болуды түсінеді және жеткізеді. Көрінетін екінші дәрежеде, тек қана адам (және кейде оның болмауы) шығарма бейнесінің негізгі семантикалық элементіне айналады. Заттық-кеңістіктік әлемде бөлшектер арқылы және көбінесе кездейсоқ нысандар арқылы күйлердің нюанстары ашылады. Жаңа жұмыстардың қайталанатын мотиві – композицияның ортасын ұстап, содан кейін кенептің шетіне ауысатын терезе. Бұл элемент композицияға жақтаулар мен шыныдан жасалған өзіндік геометриялық жолақтар мен торкөздерді тудырады. Кең ашық немесе тығыз жабылған, бөлмені жарқын күн сәулесімен толтыратын бөлме жабдықтары яки терезе жақтауы сыртқы және жеке әлемнің шекарасына айналады, суретші сол арқылы әр сәттің құндылығын сезінуге шақырады. Герман Титов 1962 жылы Украинаның Днепропетровск қаласында дүниеге келді. Мәскеу мен Алматыда қатар тұрып жемісті жұмыс істеп келеді. 1985 жылы ҚазПИ-дің (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) сурет-графика факультетін бітірді. 1990 жылдан бастап түрлі көрмелерге қатысып келе жатқан ол бейнелеу өнерінде өз қолтаңбасын қалыптастырған шеберге айналды, – дейді өнертанушы Екатерина Резникова.
Күн сәулесіне шомылған бөлме, көлеңкеге батырылған кіреберіс, сирек келушілері бар дәмхана жабдықтары, кенеп толы шеберхана, қаңырап қалған пейзаждар, үйдің ескі кіреберісі, құс торы бар қабырға фрагменті. Әрбір кеңістік үйлесімділік пен тыныштықты, тынық ойды, жалғыздықты, қайғы-қасіретті немесе шабытты білдіру арқылы өз күйіне енеді. Кенептегі жарық пен түс, сан алуан естеліктер, сезімдер қайшылығы бәрі-бәрі тынымсыз ізденістен құрылған күрделі материя дерсіз.
АЛМАТЫ