• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Төтенше жағдай 14 Ақпан, 2023

Дария жағасының қауіпсіздігі

349 рет
көрсетілді

Ақпанның басында күн күрт жылып, еріген қар мен толассыз жауған жауыннан Түркістан облысындағы бірқатар елді мекенді су басып қалды. Арыс өзенінен Сырдарияға секундына түсіп тұрған 40 текше метр су осы күндері 100-150 текше метрге жетті.

Түркістанмен іргелес Қы­зыл­орда облысында мұндай оқыс жағдай бола қойған жоқ. Де­генмен Шиеліден бастап Арал­ға дейін арнасын сірескен мұз басқан дария жағалауындағы ел үшін бұл қауіпті еді. Осыған байланысты тиісті орындар мен жергілікті әкімдік ұсынысымен Шардарадан Сырдарияға тасталып жатқан судан Көксарайға бөлінер үлес көбейіп, су қойма­сынан өзенге жіберілетін су бұ­рынғы деңгейіне түсті. Қазір өзен арнасы тұрақты бақылауға алынып, Қызылорда, Әйтек, Қа­залы және Ақлақ су тораптары транзиттік режімге көшірілді.

Арал-Сырдария бассейндік инспекция басшысының мін­де­тін атқарушы Зейнолла Қаз­тоғановтың айтуынша осы күні Шардара су қоймасына жоғары­дан секундына 1 453 метр су тү­сіп жатыр. Қоймадағы су көлемі – 4 633 млн текше метр. Одан тө­менге 900 текше метр тасталып, оның 645 текше метрі Қызылорда облысы шекарасына жетіп тұр.

– Дәл қазір алаң болардай еш қауіп жоқ. Дария арна­сын­да мұз толық ұстасты. Тек Жаңақорған ауданындағы Бес­арық елді меке­нінен жоғары ала-құла болып тұр­ған тұстар бар. Ең қауіптісі де – осындай иін­дер. Бірақ жергілікті атқа­ру­шы органдар, төтенше жағ­дайлар департаменті және су шаруа­шылығы мекемелері өзендегі жағдайға күнделікті мониторинг жасап отыр, – дейді ол.

Облысқа түсіп тұрған 645 ­текше метр судың біра­зы магистралды және шаруашы­лық­аралық каналдарға, көлдер жү­йесіне кетіп жатыр. Қаңтар айы­ның соңында мамандар сол маң­дағы жағдайды барлап қайтты. «Қазсушар» РМК Қызылорда фи­лиалының су шаруашылығы нысандарын пайдалану бөлімінің басшысы Айдос Асанбаевтың айтуынша, арнадағы артық суды алып жатқан ірі су айдынының бірі Бұлақтыкөл жартылай толып тұр. Каналдар бойындағы көлдер жүйесі де 60-70 пайыз толған.

– Қызылорда су торабына дейін су деңгейін төмендету мақ­сатында Жаңақорған, Шиелі аудандары аумағындағы каналдар арқылы секундына 132, Қазалы су торабына дейін 55 текше метр су алынып жатыр, – дейді ол.

Жуырда облысқа сапармен келген Үкімет аппараты басшы­сының бірінші орынбасары Ғабит Сыздықбеков пен облыс әкімі Нұр­лыбек Нәлібаев тікұшақпен Сырдария өзенінің Жаңақорған және Шиелі аудан­дары аумағын­дағы деңгейін бақылап, жағдаймен танысты.

Арна бойынан 29 су басу қау­пі жоғары аймақ анықталып, олар­ға 366 арнайы техника мен ­1 137 адамы бар 138 жауапты меке­ме бекітілді. Облыс­тық тө­тен­­ше жағдайлар департамен­ті­нің тара­пынан да қажетті техника мен қа­йықтар, мамандар әзір тұр. Су тас­қынына қарсы іс-ша­раларды жүр­гізу үшін аза­мат­тық қорғау қыз­меттерінің күш-құралдары дайындыққа кел­тірілді. Су тасқы­ны болған жағдайда халықты эвакуациялау үшін 64 жинақтау және 78 қа­былдау пункті дайындалды.

Дария тосын мінез таныта қа­лар­дай болса, қарсы тұруға қай қызмет саласы да дайын тұр. Әсі­ресе облыстық төтенше жағ­дайлар департаменті мамандары аудандарды аралап, жергілікті әкімдіктермен бірге дария бо­йын жағалап жүр. Облыстың бар­­лық аумағында өзен бойын­да тәулік бойы кезекшілік ұйым­дас­тырылып жатыр. Бұған қоса үздіксіз жұмыс істейтін штабқа кез келген уақытта хабарласып, мә­селеге байланысты толық ақ­парат алуға болады.

Қызылорда қаласы мен бар­лық аудан әкімдіктеріне, жауап­ты мекемелерге төтенше жағ­дайдың алдын алу үшін тиісті тапсырмалар берілді. Су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қорлар бойынша 141,9 тонна жанар-жағармай және басқа да қажетті құрал-жабдықтармен то­лық қамтылған.

Облыстағы жеті аудан да осы дария бойын жағалай орна­лас­қан. Солардың ішінде Қазалы ауданында иінді тұс көп. Ауданға арнайы жасаған сапарымызда Ә.Тыныбаев атындағы су тора­бының жағдайын көрдік. Учас­ке бастысы Болатбек Әшір­баев­тың айтуынша, дария етегіндегі екі ауданның қажетіне жарап отырған су торабында бәрі қа­лыпты. Қазіргі су деңгейі 68-бел­гіні көрсетіп тұр. Ол 72-ге жеткенде ғана қауіпті саналады.

– Аз-кем күн әбігерге түссек те, бізге судың мол болғаны жақ­сы. Ертеңгі ел несібесі осы дария деңгейіне тікелей байланысты. Былтыр мұз ұстасар мезгілде секундына 40, артынша 70 текше метр су келіп еді, биыл бізден 256 текше метр өтіп тұр, – дейді учас­ке бастығы.

Қазалы ауданындағы бөлігі 191 шақырымға жететін дария арнасының 11 тұсы қауіп­ті саналады. Ондағы бөгет­тер нығайтылып, тиісті құры­лым­дар­мен қатар ауыл әкімдері тікелей бақылауына алып отыр. Жалпы, көктем мен күзде су жағасындағы жұрттың қада, қамысы дайын тұрады. Бұл жолы да қажетті зат алдын ала қамдалды.

Көрші облыс ауылдарын су басып, абыр-сабыр болып жат­қан сәтте Түркістанға таяу Жаңа­қорған ауданы тұрғындары «қар­ғын су бізді де қапы қалдырып жүрмей ме?» деп алаңдаған. Жергілікті әкімдіктер мен төтен­ше жағдайлар департаменті тара­пынан атқарылып жатқан жұ­мыстар ел көңіліндегі осы елеңді сейілтетіндей.

 

Қызылорда