Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына сапары кезінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жақында Түркияда жойқын жер сілкінісі болғанын білесіздер. Менің тапсырмаммен бауырлас Түркия еліне құтқарушылар және дәрігерлер жіберілді. Олардың арасында Ақмола облысының мамандары да бар, яғни 18 адам. Біздің құтқарушылар бірнеше адамды аман алып шықты. Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатқан азаматтарымызға алғыс айтамын! Түркиядан аман-есен оралған соң оларды міндетті түрде марапаттайтын боламыз», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл ретте құтқарушылардың аса қауіпті қызметіне тоқтала кеткен Мемлекет басшысы М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында тәлім алған Асқар Забикулиннің ерлігін де атап өтті.
«Құтқарушы болу – қиын әрі қатерлі жұмыс. Шын мәнінде, бұл – нағыз ержүрек азаматтардың кәсібі. Төтенше жағдай мамандары жұмыс барысында талай рет ерлік көрсетті. Басқа адамдардың өміріне араша түсіп, қаза тапқан құтқарушылар аз емес. Олардың қатарында осы Академияның түлегі Асқар Забикулин де бар. «Ер есімі – ел есінде». Батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмауға тиіс», деді Президент Академия курсанттарымен кездесу барысында.