Еліміздегі мектептер бейнебақылау камераларымен толық қамтылады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Алтай Көлгіновтың айтуынша, шалғай ауылдарда қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін мектептер бар. Петропавлдағы оқиғадан кейін барлық өңірлердегі білім ошақтарына қайта тексеру жүргізіледі. Бүгінгі күні мектептердің 87 пайызында дабыл түймесі орнатылып, басым бөлігі лицензиялық күзетпен келісімшарт жасаған. Қазір Петропавлда арнайы комиссия қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр. Жауапты тұлғалар қатаң жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл тергеу амалдарының қорытындысынан кейін белгілі болады. «Бұрынғы тәжірибені ескеретін болсақ, зейнетке шыққан адамдар қарауыл боп отыратын. Ол әлі де шалғайдағы мектептерде бар. Сондықтан тапсырма өткен жылы да берілген. Биылғы жылдың басында да берілді. Бұрынғыға қарағанда едәуір жақсарды. Бірақ әлде де кемшіліктер бар. Оны әкімдіктер, білім беру басқармалары, мектеп директорлары қамтамасыз ету қажет», деді Премьер-министрдің орынбасары.