• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Жоба 14 Ақпан, 2023

Байқаудың финалына өтті

214 рет
көрсетілді

Nazarbayev University түлегі Аружан Ауданбекованың жобасы Базель бейбітшілік кеңсесі байқауының (PACEY) финалына өтті. Оның білім беру саласындағы бастамасы ерекше қажеттіліктері бар балалардың дамуына жасалған жағдайларды жақсартуға бағытталған.

PACEY байқауы бейбітшілік, климаттық қауіпсіздік және қарусыздану салаларына үлес қосқысы келетін белсенді жастардың инновациялық жобаларын қолдайды. Ару­жан Nazarbayev University бакалавриатын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша бітірген.

Ол бұл конкурсқа ерекше қажеттіліктері бар орыстілді балаларға арналған «Ертіс мектебі» жобасын ұсынды. Мұнда олар денсаулығы түзу балалармен бірге оқып, қоғам­мен бітеқай­насып кете алады. Се­мейдегі мектептің ресми ашылуы осы жылдың қыркүйек айына жос­пар­ланған. Деректерге сүйенсек, қалада нейро­пси­хологиялық және тірек-қимыл аппараты бұзылған 4 мыңнан астам бала тұра­ды. Олардың көпшілігі ядролық сынақ құрбан­дарының үшінші және төртінші ұрпағы болуы мүмкін.

– Жобаның идеясы – оқушылардың жеке қажеттіліктерін ескеретін төрт түрлі бағдарлама бойынша ерекше балаларды оқыту. Осы кезеңде команда бастауыш мектеп деңгейіне және 4 бағдарламаның қайсысы балаға сәйкес келетінін түсіну үшін психологиялық және физиологиялық тесттер өткізуге баса назар аударады. Жақын арада бассейнді қайта құруды, массаж кабинетін, ойын алаңын ұйымдастыруды және мектепті техникалық іске қосқанға дейін басқа да ұйымдастыру іс-шараларын аяқтау жоспарланып отыр. Ұзартылған топтарға, мектепке дайындыққа, жапон волейбол секциясына, классикалық бал биі, вокал және сурет үйірмелеріне қабылдау жарияланды, – дейді Аружан.

А.Ауданбекова балалардан бөлек ата-аналарға баланың табиғи талантын қалай дамытуды және оларды жоғары әлеуетке жетуге қалай ынталандыруға болатынын үйретуді жоспарлап отыр. Ол ата-аналарды баланың білім беру қажеттіліктерін ескеруге және оларды арнайы түзету мектептеріне беруден қорықпауға шақырады.

 

Лағыл АСҚАРОВА

 

АСТАНА