• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Ақпан, 2023

Сыр мен Арқа жақындай түсті

317 рет
көрсетілді

Еліміздің оңтүстігін орталықпен байланыстырып тұрған «Қызылорда – Жезқазған» жолымен бір жүріп өткен жан «Жол азабын жүрген білердің» мәнін әбден ұғары анық. Жер қара, күн жылының өзінде діттеген жеріңе діңкелеп жетесің, ал ерте көктем мен қыста көне жолдың сорабы ми батпаққа айналып, көлікке кедергі көбейе береді. Бұл аралықта апаттар да жиі болып тұрады. Бірақ сонда да көлік ағыны толастаған емес.

Шу бағытына қарағанда Қызылорда мен Астананың арасын 700 шақырымға жақындата түсетін жолмен қыстың күндері жолаушы тасымалдағандар қатынаса, күн жылына оңтүстіктен орталыққа ауылшаруашылығы мен бақша өнімдерін, құрылыс материалдарын тасыған көліктер керуені жолға шығады. Мамандардың айтуынша, күре жолмен тәулігіне мыңдаған көлік қатынайды.

Сексенінші жылдары ел экономикасындағы маңызы жоғары бағыттың Қызылорда бөлі­гіндегі 127 шақырымға Маңғыстау өңі­рінен әкелінген битум төселген екен. Қазір осы бөлік III категорияға жатады. Ал асфальттың ізі де жоқ қалған аралығы IV категория саналады.

Айтпақшы, 2003 жылы жергілікті «Дорстрой» мекемесі жолдың 30 шақырымын салған. Бас-аяғы 8-9 айда біткен жұмыс көптің көкейінде үміт отын оятып еді. Бірақ көп ұзамай аграрлы аймақ пен өндірісті өңірді жалғаған жақсы бастама орта жолдан үзілді. Содан бергі жылдар ішінде бұл мәселе жиі айтылғанымен, республикалық маңызы бар күре жолға көңіл аударылмастан қала берді.

Осыдан 2-3 жыл бұрын «Қызылорда – Павлодар – Успен – РФ шекарасы» автомобиль жолының Қызылорда – Жезқазған бөлігіндегі 12-215 шақырымы аралығын қайта жаңғыртудың бастамасы ретінде «Қазжолжоба» жобалау-іздестіру институты», «Қазжолжоба» мен «Семжолжоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізіле бастағанда 30 жыл күткен жолдың жөнге келе қоярына сенгендер санаулы еді. Көп ұзамай жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, Қызылорда облысындағы 204 шақырым 6 лот­қа бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Өткен жылы мердігер мекемелер «Қытай азаматтық инженерлік-құрылыс корпорациясы» ЖШҚ, «Қыран» ЖШС, «Гуйчжоу жол-инженерлік корпорациясы» ЖШҚ және «Stecol Corporation» құрылысқа қажетті құ­жаттарды әзірлеп, дайындық жұмыстарын жүргізді. Биыл мердігер мекемелер жолдың 100 шақырымнан аса бөлігін жаңғыртуды жос­парлап отыр, құрылыс материалдарының басым бөлігі қоймаға жеткізілді.

– Осы жылы 1 сәуірге дейін мердігер компаниялар қажетті материалдардың 70 пайызын дайындап қоюы керек. Жергілікті «Қыран» ЖШС өзіне тиесілі 29 шақырымның 10 шақырымына бірінші төсенімді салып қойды. Басқа компаниялар жұмысында да қарқын бар. Құрылысқа техникалық қа­дағалау «DONWA Engineering Co. LTD» мен «M50 Consalting Group» компанияларына жүктелген. «Қазавтожол» ҰК» АҚ жалпы үйлестіру, мони­торинг жұмыстарына жауапты, – дейді «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалы ди­рек­торының орынбасары Шанжархан Мыр­забай.

Жоба аясында қаладан толығымен жа­рық­­тандырылған айналма жол, күре жол­дың ұзындығы 204 шақырымдық қайта жаңғыртылатын бөлігінде ауылшаруашылығы техникалары мен үй жануарларына арналған өткелдер, 3 көпір, 2 аралық бақылау аркасын, демалыс алаңдары мен мал өткелдерін салу қарастырылған.

Қайта жаңғырған автомагистраль елдің оңтүстігі мен орталығын тікелей байланыстырып, Сыр өңіріне инвестиция тартудың аясын кеңейтеді, туристік әлеуетін арттыра түседі. Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстаннан Ресейге сапарлаған жүк көліктеріне де осы бағыт тиімді. Жүк тасымалы көлемінің артуы өңірде кәсіпкерліктің өрістеуіне сеп болады.

Жуырда облысқа жасаған сапарында Үкімет аппараты басшысының бірінші орынбасары Ғабит Сыздықбеков автожолды қайта жаңғырту жұмыстарымен танысып, құрылысқа қажетті битум сақтайтын қоймаларды аралады. Битум демекші, шикі­заттың осы түрі қазір негізінен өзімізден, ішін­ара Ресейден тасымалданады. Қалған материалдар Жаңақорған ауданынан жеткізіліп жатыр.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жергілікті әкімдік Мемлекет басшысының назарындағы нысан құрылысының уақтылы әрі сапалы салынуына барынша үлес қосатынын айтты.

«Жол анасы – із» дейді халық нақылы. Ел жылдар бойы күткен жаңалық жүзеге асқанда, Сыр мен Арқа арасы айтарлықтай жақындай түседі. Көне сораптың Ұлытау жағындағы бөлігі де көп ұзамай жөнделе бастайды деген жаңалық жұртты қуантып тұр.

Жолдың жайын жақсы білетін мамандар келешекте Қызылорда – Бұқара бағы­тын­дағы халықаралық жол құрылысы мәселесі де оңынан шешілетініне сенеді. Кезінде басталған іс кеңес одағы тарап, аяқсыз қалып қойған болатын. Егер сол жылдары жоба жүзеге асып кеткенде Қызылорда бұл күндері Өзбекстанмен байланысын нығайтып, көлік-логистикалық хаб қалыптастырған өңірдің бірі атанар еді.

Дегенмен де игіліктің ерте-кеші жоқ. Қы­зылқұм қойнауы арқылы байланыстыратын бұл бағытқа жол түсетін күн туар.

 

Қызылорда