• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Футбол 14 Ақпан, 2023

Бас жүлде – «Реалда»

291 рет
көрсетілді

Мароккода футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Әр құрлықтың ең үздік командалары бас қосқан жарыста Мадридтің «Реалы» үздік шықты. Испаниялық ұжым финалда Сауд Арабиясының «Әл-Хилял» клубымен кездесіп, 5:3 есебімен жеңіске жетті. Бұл – Корольдік клубтың осы чемпионаттағы бесінші жеңісі.

«Реал» Африка құрлығында өткен клубтар арасындағы әлем чемпионатының да, финалдың да сөзсіз фавориті еді. Көпшілік испаниялық клуб финалда был­тырғы «Либертадорес» кубогінің жеңімпазы Бразилияның «Фла­менгосымен» кездеседі деп топ­шылаған еді. Алайда 2021 жылғы Азия Чемпиондар лигасының иегері Сауд Арабиясының «Әл-Хилял» командасы жарты­лай финалда сенсация жасап, «Ли­бертадоресті» матч соңын­да­ғы пенальти сериясында жеңіп кетті.

Финалдық матч Марокко астанасы – Рабатта орналасқан 55 мың жанкүйерді сыйдыра алатын «Мулай Абдулла» атындағы стадионда өтті. Матчтың алғашқы 10 минуты саудиялықтар үшін сәтті басталғанымен, кездесудің 13-минутында Винисиус Жуниор Кәрім Бенземаның пасынан кейін гол соғып, командасын есеп­те алға шығарды. Арада бес минут өткенде «Реалдың» уругвайлық шабуылшысы Фе­дерико Вальверде таблодағы көр­сеткішті 2:0-ге жеткізді. Де­генмен, ойынның 26-минутында «Әл-Хилял» шабуылшысы Марега мер­гендігімен көзге түсіп, есеп айыр­­масын қысқартуға мүмкіндік алды – 2:1. Финалдың бірінші тайм­ы дәл осы есеппен аяқталды.

Еуропа Чемпиондар лига­сының былтырғы жеңімпаз­дары үзілістен кейін де белсен­ділігін арттырып, айнал­дыр­ған төрт минуттың ішінде қар­сыластарының қақпасына жа­уапсыз екі гол соқты. Екін­ші таймның 54-минутында 2022 жылғы «Алтын доп» иегері Кәрім Бензема бұл жолы Винисиус Жу­ниордың асырған пасынан кейін қақпаны дәл көздесе, 58-минутта Федерико Валь­верде дубльдің авторы атанды. Сауд Арабиясы командасының ойыншылары да қарсыластарына кубокті оңай беріп қойғысы келмей, біраз қарсыласып бақты. Кездесудің 63-минутында Лусиано Вьетто гол соғып, таразы басын бір допқа қысқартқанымен, 69-минутта Винисиус Жуниор есепті 5:2-ге жеткізді. Матч аяқталғанға дейін Вьетто тағы бір мәрте мер­гендігімен көзге түссе де, командасын жеңілістен құтқарып қала алмады. Осылайша, 5:3 есебімен жеңіске жеткен «Реал» өз тарихында бесінші мәрте клубтар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды.

Бразилияның «Фламенго» мен Мысырдың «Әл-Ахли» клуб­тары арасындағы үшінші орын үшін бәсеке «Ибн Батута» атындағы стадионда өтті. Бұл матчта Оңтүстік Америкадан келген футболшылардың мерейі үстем болды – 4:2. Бір қызығы, ойындағы алты голды үш футболшы ғана соқты. Қола жүлдегерлер сапынан Габриэл Барбоза мен Педро дубль жасаса, «Әл-Ахли» командасынан Ахмед Әбделкадер екі мәрте дәлдік танытты. Сөйтіп, «Фламенго» чемпионаттың қола жүлдегері атанды.

2000 жылдан бері ұйымдасты­рылып келе жатқан клубтар ара­сындағы әлем чемпионатында Мадридтің «Реалы» биыл бесінші мәрте топ жарып, ең көп олжаға кенелген командалардың көшін бастап тұр. Корольдік клуб бұ­ған дейін 2014, 2016, 2017 және 2018 жылдары жеңіс тұғырынан көрінген болатын. Сонымен қатар «Барселона» үш мәрте (2009, 2011, 2015), «Ко­ринтианс» (2000, 2012) пен «Бавария» (2013, 2020) екі реттен, «Интернасьонал» (2006), «Сан-Паулу» (2005), «Милан» (2007), «Интер» (2010), «Манчестер Юнай­тед» (2008), «Ливерпуль» (2019) және «Челси» (2021) клубтары бір-бір мәртеден жеңімпаз атанған.