Қазақтың тілдік танымында «тентекті тезге салу» деген тіркес бар. Немесе аталарымыз «Қисықты тез түзейді, бүкірді көр түзейді» деп те айтады. Бұл сөз мағыналық тұрғыдан қоғамда, яғни ел ішінде болатын кейбір қыңыр-қисық, телі-тентектерді жөнге салып, оның мінезіндегі қыңырлықтары мен әрекетіндегі оғаш қылықтарын жөнге келтіру үшін жасалған шаралар екені анық.
Шын мәнінде, тез – көшпелі қазақтың шаруашылық құралы. «Тез – қоздан шыққан ағаштарды түзететін қондырғы» деп жазыпты ашық энциклопедиялық анықтамалықта. Көшпелі қазақтың ең қажет жабдығы – киіз үйі. Бұл көшіп-қонуға ыңғайлы және табиғи ортамен үйлесім тапқан керемет туынды. Осы киіз үйдің керегесі мен уығын және шаңырағын жасайтын шеберді үйағашшы десе, үйағашшы қолданатын құралды тез дейді. Тез қисық ағашты түзеп, оны түп-түзу етіп шығарады.
Өлкетанушы-қаламгер Егеухан Мұхамәдиқызының 2020 жылы «Үш қиян» баспасынан жарық көрген естеліктер жинағында: «Киіз үйдің ағашын жасау үшін ең әуелі ағашты түзететін тез орнатып мор салады. Киіз үйден, мал қорадан алыстау арық суының жағасына тезді орнатып, қойдың ескі қорасынан күзгі құмалақ көңнен қанарлап тасып төгеді. Тездің алдыңғы екі аяғы алшақ, артқы жағы сүйір, ұзындығы екіден үш кездей, жуандығы кішігірім бөренедей көрекеділ тәрізді орнатады. Оның жон арқасына сүйемдей кертік салады. Қыңыр-қисық ағашты түзететін, түзу ағашты иіп епке келтіретін, бұл ағашты тез деп атайды. Кепкен ағашты әлгі арық суына салып қайта дымқылдайды. Үйілген көңге шоқ тастап тұтатады. Ол толық өртеніп кетпес үшін көңнің әр жері қызарып қоламта бола бастағанда, су құйып тұтатып бықтырып отырады. Әрі қызу, әрі дымқыл тұтап жатқан морға сырты дымқыл ағашты көміп қояды. Ол бабымен жібиді. Жібіген ағашты тезге салып сықауырмен сықап, мықынына тіреп, бір ұшымен түзететін ағашты кертікке қысып, екі қолымен сүйеп, түзететін жерін түзеп, шетін иіп икемге келтіріп іске қосады. Мор мен тездің атқаратын міндеті осындай», деп жазыпты.
Ал мына бір өздеріңіз көріп отырған, 1947 жылы түсірілген суретте үйағашшы шебер тез басып, уық жасап тұр. Анықтамалықта шебердің аты-жөні «Балтеке Арықмантаев» деп жазылып, бұл кісі бұрынғы Семей облысы Абай ауданы Сарыкөл ауылының тұрғыны екені айтылыпты. Демек бұл сурет – тезді пайдаланып уық-кереге жасау тәсілі қазақ жерінде бертінге дейін болғанына дәлел.
Тез – көнеден келе жатқан көне құрал болғандықтан, халқымыздың ауызекі тілінде жыр-фольклорында көп айтылады. Ел аузында бүгінге дейін «Тез жанында қисық ағаш жатпайды» деген мәтел айтылып жүрсе, республикамыздың бұрынғы Әнұранында «Жаралған намыстан қаһарман халықпыз, Азаттық жолында жалындап жаныппыз, Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен, Аман-сау қалыппыз, аман-сау қалыппыз...» деген шумақ бар. Мұндағы тағдырдың тезі – өткен тарихымызда болған небір қиындықтар, жау-жар, қуғын-сүргін сияқты қасіретті зауал-зұлматтан аман қалдық деген шүкіршілік сипатын білдіріп тұр.
Сол сияқты тез ұғымы қазірдің өзінде әдеби шығармалардан көрініс береді. Мысалы, жас ақын қарындасымыз Толқын Қабылшаның мына бір жыр шумағында кездеседі:
«Тапсам дағы сені тағдыр тезінен,
Тəтті үміттен,
Таңның ынтық сөзінен.
Тағдырымды табыстамай қолыңа,
Қарайламай сенің қашық жолыңа.
Ұмытуға тиіспін мен,
Сезінем...»