• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Ақпан, 2023

Тау тұрпатты тұлпарлар

605 рет
көрсетілді

Тұлпар дүбірі естілсе, елең ететін ел болғанымызбен, түрікменнің ақалтекесі, ағылшынның сәйгүлігі секілді жылқы тұқымын асылдандырып жүрміз бе деген ой әркімді мазалар еді.

Оның үстіне, жылқыны ең алғаш қазақ­тың ежелгі даласында қолға үйрет­тік деп, тарихты тарата мақтанамыз. Ботай мәдениетін зерттеген археолог ғалым Виктор Зайберт жабайы жыл­қыны тұңғыш рет Ұлы далада қол­ға үйретілгенін дәлелдеген. Сонау III-IV ға­сырдан бері тұрмыс-тір­шілігі жылқымен етенелесіп кеткен еліміз жуықта тұрпаты бөлек тұл­пар патенттеліпті дегенді естіп қуанды. Тәуелсіздік алғалы тұңғыш рет бекітілген жылқының жаңа түрі «Бесқарағай» деп аталды.

Орманды жердің ақ қар, көк мұзында тебіндеуге төзімді жылқы тұқымын қалыптастыру үшін ғалымдар алпыс жылға жуық еңбек еткен. Аз уақыт емес. Әйтеуір төккен тер ақталды. Бүгінде Бесқарағай ауданы, Ерназар ауылы, «Мукинов» асыл тұқымды жылқы зауытына қарасты жайылымда кеудесі кең, шашасы жетілген, жіліншікті жылқының мыңнан астамы тебіндеп жүр. 90-жылдардағы тоқырауда қазақтың қазанаттарын сақтап қалған қожалық жетекшісі Халиолла Мукиновтің еңбегі зор. Осы еңбек ескеріліп, 2011 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен де марапатталды. Х.Мукинов жылқы зауытын сақтап қалса, ондаған ғалым жылқы тұқымын сапаландыру үшін аянбай еңбек етті. Иә, күні кеше ғана тау тұрпатты тұлпарлар тізімге қосылды.

– 1993 жылы атакәсібін, әке жолын жал­­ғап, жылқы шаруашылығымен айна­лы­­суды жөн көрдім. Міне, отыз жыл бо­лып­ты, қазақы жылқының тұқымын асыл­­дан­дыру ісімен айналысып келемін. «Бес­қа­ра­ғай зауыттық типі» – біздің ұзақ жыл­ғы жемісті жұмысымыздың нәтижесі, – дей­ді қожалық жетекшісі Халиолла Мукинов.

Ал осы жұмыс қашан, қалай басталды деген секілді сандаған сауалға жауап іздеп, ұзақ жыл селекциялаудың басы-қасында жүрген ауылшаруашылық ғы­лым­дарының кандидаты, профес­сор, жылқытанушы Қайрат Исхан­ды әңгімеге тартқанбыз. Ол Қа­зақ ұлттық аграрлық зерттеу уни­верситетінің Н.Базанова атын­дағы Физиология, морфология және биохимия кафедрасы­ның меңгерушісі, академик Игорь Нечаевтың шәкірті. Біле білсек, И.Нечаев қазақ жылқысының ішіндегі Мұғалжар жылқысының авторы.

«Қазақ қоғамы 300 жыл бо­дандықта, 70 жыл езгіде болды. Сондықтан ба, төл жылқымыз­ды қазақ жылқысы дей алмай­­­тын күйге жеттік. Қазақ қоғамын­да қа­за­қ жылқысын мәстек, мес қарын деп елестеттік. Ірі, сұлу жылқы көрсек, Орлов, Рысак, Владимир жылқысы деп таң­дай қақтық. Өз малымызды өзі­міздікі дей алмау деген сол. Мысалы, 140 шақырымдық бәйге­де катонқарағайлық Ерболат Тоқ­сановтың аты топ жарды. Бойы орташа, қарулы, мығым жылқы тұқымы. Кәдімгі тау-тасқа мініп, атшанаға жегіп жүрген жұмысшы ат. Соны қазақы тұқым дей алмадық ғой. Шындығында, жергілікті қазақтың мініс аты», деп намыстана сөйлегенде, про­фессор Қайрат Исханның ұлт­жандылығын аңғардық. Ғалым­дардың ұлт үшін еңбектеніп жүр­геніне шын риза болдық.

Тарихты парақтасақ, жылқы малы алғаш қазақ жерінде қол­ға үйретілгені тайға таңба бас­қан­дай жазылған. 1980 жылдары Вик­тор Зайберт Ботай қорымы­нан ­70 мың жылқының сүйегін та­уып, қалпына келтіргенде Қазақстан аумағында екі түрлі жылқы өсі­ріл­гені анықталған. Сол сүйек­тер­ге гистоанализ жасатып, Орта­­лық Азияда, қазақ жерінде тұң­­ғыш рет жылқы қолға үйретілгенін дәлелдеген. Оны әлем ғалым­да­ры мойындаған. Иә, ғылыми тұрғыда дәлелді. Екіншіден, қа­зақ әдебиетінде, аңыз-ертегілер­де жылқы туралы арғымақ, қаза­нат, сәйгүлік, дүлдүл секілді теңеу­лер қаншама?

Жылқытанушы ғалымның айтуынша, ата-бабаларымыз он мыңдап жылқы баққан кезде асыл тұқымды арғымақтардың үйірін жеке-жеке ұстаған екен. Ондағы мақсат – тұқымын сақтау еді. Ке­йін жылқыны классификацияға бөліп зерттейтін зоотехния деген ғылым пайда болып, орманды, тау, дала жылқысы, атқора жылқысы деп жіктелді. Дала жылқысына қазақ, моңғол жылқысы жатса, атқора жылқысына ағылшын­ның таза қандысы жатқызылды. Таза қанды тұлпарларды қолдан қоректендіріп, спорттық бағытта ғана асырады. Ал қазақ жылқысы табиғатқа төзімді, күйін оңай бермейді. Сол сияқты жаңа типті Бесқарағай жылқысы да таби­ғат­қа төселген. Әрине, арғы тегі қазақтың Мұғалжар, Қаба типті жылқыларынан тарайды. Қаба деп отырғанымыз, Марқакөлде өсірілген бойшаң, кеудесі кең, ірі жылқылар еді. Қаба типін шығару үшін ертеректе Игорь Нечаев пен Жұмағұл Айтбай селекциялау жұмыстарын жолға қойып, ғылыми тұрғыда табанды ең­бек етті. Марқакөлдің биелеріне ауыр жүк тартатын айғырларды әке­ліп салып, жергілікті жерге бейімделген етті бағыттағы Қаба типін шығарған. Бұл 1990 жыл­дардың басы еді.

Керек дерек

«Бесқарағай» жылқысы ірі келеді. Жасына байланысты кеуде орамы 190-210 см. Жіліншік орамы 20 см-­ден жоғары. Табан­ы жалпақ, мықты. Денесінің қиғаш ұзындығы 165-180 см.

Жабы типті жылқының бойы аласа, мес қарын, жақ бұлшық еттері жақсы жетілген, мысық құлақ. Табиғатқа төзімді, етін бермейді. Адай жылқысы сидаңдау, жұқа келеді. Жібек жалды.

– Марқакөл жылқылары­на селекциялық жұмыс жалғаса бер­­се, Қаба тұқымына айналып, па­тенттелер еді. Себебі сол тұс­та бір схемамен Ресейдің Алтай аймағында да сұрыптау жұмыс­тары басталып, бүгінде «Ново­Алтай» тұқымы алынды. Қазір Қаба типті жалқыларды Марқа өңі­рінде өсіріп отырғандар бар-ау деймін. Олар тұяқты, сіңірлі болғандықтан, тау-тасқа төзімді келеді. Сол сияқты Маңғыстауда Адай жылқысы шөлейтті жерге бейім, – дейді жылқытанушы Қайрат Исхан.

Қабаны қозғап отырған се­бебіміз, Бесқарағай тұқымының арғы тегі Мұғалжар, Қаба жыл­қылары. Жылқыны азықтан­ды­руын, баптауын, жалпы асырау технологиясын ғылыммен ұш­тастырып, алғаш рет Байдолла Садықов алпысыншы жылдар­дың соңында сол кездегі Семей облысы, Бесқарағай ауданында және Шығыс Қазақстанда ғы­лыми зерттеу жұмыстарын жүр­гізді. Жылқы шаруашылығы бойынша докторлық диссертация жазды. Ізбасар шәкірттері­нің айтуынша, саналы ғұмы­рын қазақ жылқысын зерттеу­ге арнаған екен. Айтқандай, осы күнге дейін өзектілігін жо­ғалтпаған жылқы еті туралы мо­­­нографиялық кітабы да бар. Қыз­меті де төрт түлікпен тікелей байланысты еді. Нақтыласақ, Семей зоотехникалық мал дәрі­герлік институтының ректоры болды. Жылқы шаруашылы­ғы кафедрасының меңгерушісі қыз­метін де атқарған. Жауапты қыз­меттерде жүріп, 1970 жылда­ры Бесқарағай ауданындағы «50 лет СССР» кеңшарының жыл­қыларына селекция жасау, жұп­тау жұмыстарын жүргізуді қолға алды. 1980 жылдары Ақтөбе об­лы­­сындағы Мұғалжар асыл тұ­қым­ды жылқы зауытынан жабы типті айғырларды әкеліп қосқан. Асылдандыру жұмыстарының бастамасы осы еді. Өкініштісі, бұл шаруаның басында жүрген шәкірттері де, өзі де өмірден өтіп кетеді. «Игі істің қасына, жақсы келер қасына» деуші ме еді, асылдандыруды алматылық ғалым Жұмағұл Айтбай жалғастыра­ды. Бұл уақытта «50 лет СССР» кең­шары Сосновка ауылы болып өзгерген. Сөйтіп, Сосновка­ның кәсіпкері Халиолла Мукинов жылқы шаруашылығын жеке­ше­лендіріп алған. Ең бастысы, талан-таражға түскен жоқ.

Селекционер Ж.Айтбай Мұ­ғал­жар тұқымынан туып, жетіл­ген биелерге Марқакөлдің қаба типті айғырларын салады. Яғни бұл кезеңде қан араластыру үдерісі жүрді. Жұмыс жүйесіне үңілсек, жергілікті жылқыны жа­бымен ірілендірді, Қаба типін қосып, бойларын биіктетті. Ал 1990 жылдары Айтбай Елубай­ұлы сіңіре будандастырды. Ол дегеніміз, айғырды өзінен тара­ған ұрпақтарына қосып, Бесқара­ғай зауыттық жылқы типі негізін қалай бастады. Таза тұқым өсіру үшін 1990 жылдан бері сырттан әкелінген айғыр қоспады. Нәтижесінде, айғырлардың шо­йынқара, байтөрі деген аталық іздері қалыптасты. Бір-біріне инбридинг болып кетпеуі үшін шежіресі тарқатылды.

2007-2008 жылдары Жұма­ғұл Айтбай денсаулығына бай­ла­нысты асылдандыруға қатысты жұмы­старды ауылшаруашылық ғылым­да­ры­ның докторы Әмин Әкімбе­ковке өткізеді. Бізге «Бес­қа­ра­ғай» тұқымын алу жолындағы жұмыстардың барысын жіліктеп айтып беріп отырған профессор Қайрат Исхан да асылдандыруға осы тұста араласқан.

– Бесқарағай жылқылары­ның қасиеттерін анықтап, 2019 жылы Ауыл шаруашылығы және Әді­лет министрліктеріне хат жолда­дық. Комиссия құрып, апробация өткізіп беруін сұрадық. 2019 жылдан 2022 жылға дейін өтініш қарастырылды. 2022 жылы комиссия келіп, «Мукинов» асыл тұқымды жылқы зауытында апробация жасады. Ғалымдар дене өлшемдерін алып, салмақтарын таразылады. Әр жылқының карточкасы арқылы салыстырды. Аталық ізді анықтау үшін жалын алып, оны Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы агротехника университетінің зертханасына жолдады. Олар зерттеп, генетикалық сертификатын жіберді. Бұдан соң комиссия шешімімен хаттама толтырып, асылдандыру бөлімінің құп­та­уымен Әділет министрлігіне ­жі­­бе­рілді. Еңбегіміздің ақтал­ға­ны сол болды, көп ұзамай селек­циялық жетістік туралы па­тент берілді. «Бесқарағай» зауыт­тық жыл­қысы екі аталық ізбен шо­йын­қара және байторы типі қа­лыптасты, – дейді Қайрат Исхан.

Ғалымдардың айтуынша, бір аталық із шығару үшін 10-15 жыл кетеді екен. Әкесінің түсін, нәсілдік қасиетін беріп тұр ма, үйір қайыруға бейім бе, бәрі анықталды. Тектілігін зерттедік. Сол аталық із жергілікті жерге бейімделіп шықса, типі анықталады. Типті анықтау үшін 10-15 жыл кетеді. Сонымен, жыл­қы түрін шығару үшін орта есеппен 40-50 жыл уақыт жұм­салады. Кешегі ғалымдар бас­тап, бүгінгі жастар нәтижеге қол жет­кізді. Селекциялық топ құрылып дәлелдедік. Малды көрді, көздері жетті. Әр жылқының жеке құ­жаты, үйірдегі құжаты болады. Таң­баланады. Жергілікті әмбе­бап жылқы тұқымының респуб­ликалық палатасына тіркелген. Жылда кешенді бақылаудан өтіп отырады. 2,5-1,5 жастағы жыл­қылар фенотипімен, генотипі­мен бағаланып, өз стандартына келмесе, есептен шығарылып, етке ке­теді. Селекция деген осы екен. Зоотехния ғылымында «жақ­сы генотип жақсы фенотип­тен алынады» деген тәмсіл бар екен. Былайша айтсақ, ген – тегі, фен – сыртқы келбеті. Селекционер­лер алдымен сыртқы келбетіне қарап сұрыптайды. Егер нәсіл­дігі ұрпақтан-ұрпаққа берілсе, жұмысты жалғастырады.

Сөйтіп, 60-70 жыл дегенде «Бесқарағай» жылқы түрі патент­телді. Бұл жылқының ең негізгі ерекшелігі – ірі. Айғырлары­ның салмағы 650 кг дейін барады екен. Жергілікті жылқыдан өнімділігі 25 пайызға жоғары. Ірілігімен қоса, тез жетіледі. Орманды, далалы алқапқа бейім­делген. Бесқарағай жері жұм­сақ болғандықтан, тұяқтары жал­пақ, қазтабан. Шашасы қалың. Себебі бұл өңірде қыс ортасы жаңбыр жауып, мұз қатса, тебін­деуде шашасы буындарын қор­ғайды екен. Аталық із де­мекші, Шойынқара жылқысының түсі қара болса, Байторы аты айтып тұрғандай, торы болып келеді. Яғни «Бесқарағай» зауыттық типі; торы, қара, жирен, күрең. Ерекше күтімді қажет етпейді, қысы-жазы жайылымда. Негізгі бағыты ет пен сүт. Иә, нарық билеген заманда салмақты жылқы керек. Жылқышылар айтқандай, қа­зының түсімі жақсы, еті мол. Еркін жайылымда болғандықтан, еті дәмді.

Сүтті бағыт деп отырғаны­мыз, Бесқарағай биелерінің же­лі­ні тостаған тәрізді, үрпі кең бо­ла­ды екен. Арғы жағында Қаба типті айғырлардың гені бар. Ол ірілік пен сүтті беріп тұр. Ірі бол­­ғанымен мінезді емес, жуас көрі­неді. Қос дегеніміз – он үйір. 1500 жылқы бір-біріне жақын жатады. Үйір қайырғанда, бірақ топтасып, қос болады екен.

Бұған дейін қазақ жылқы­сы­ның Жабы, Көшім, Мұғалжар және Қостанай секілді 4 тұқымы бар еді. Ал «Бесқарағай» жыл­қы­сы қа­зақ жылқысы тұқымы­на қосыл­ған типі болып бекітіл­ді. Айта кетейік, патент авторлары Қазақ ұлттық аграрлық университеті­нің ғалымдары ғана емес, Семей­дің Шәкәрім университетінің ға­лым­дары да бар. Шаруашылық басшысы Халиолла Мукинов пен жылқышылар да авторлар қа­та­рынан көрінді. Ал селек­цио­нерлерге, ғалымдарға жатар орнын, тамағын беріп, жылқы түрін алып шығуға көмектес­кен Х.Мукинов. Ортақ мақсат, ортақ мүдде үшін жұдырық­тай жұмылған жылдар бойғы бұл еңбек – қазақ жылқысы­на тигізген селекциялық үлкен жетістік.

 

Абай облысы,

Бесқарағай ауданы