Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұрған құнды жәдігерлердің бірі – Айтбай батырдың дулығасы. Көне мұраны мұражайға батырдың ұрпағы Сарыкөл ауылының тұрғыны Мұрат Жанұзақов тапсырыпты.
Тұтастай болаттан құйылған дулығаны бүгінде тот баса бастаған. Пішіні күмбезге ұқсайды. Төбесінде биіктігі шамамен 2,5 см болатын төбешашақ бекітетін түтігі бар. Жиегіне айнала тесік көздер салыныпты. Сірә, мойынды ұшқан жебеден, қылыштың жүзі мен найзаның ұшынан қорғайтын болат шынжырлы жыға бекітуге арналса керек.
– Сарыкөл өңірінен шыққан Айтбай Аткелтірұлы әйгілі Бөгенбай, Қабанбай батырлармен бірге қазақ жерін сыртқы жаулардан қорғап қалған. Айтбай батырдың он сегізінші ғасырда Еділ қалмақтарымен Харбалы бекінісі үшін кескілескен қантөгіс шайқасқа қатысып, бекіністі жаудан азат еткені туралы дерек бар. Айтбай батыр киген дулыға атадан балаға мирас болып сақталып келе жатыр, – дейді музей басшысының орынбасары Елмира Алшымова.
Айтбай Аткелтірұлы тек батыр ғана емес, ел тағдыры шешілер келелі мәселелер талқыланар тұста да сүбелі сөз айта білген шешен кісі болған. Оның пікірімен хан да, қара да санасқан деседі. Мәселен, Абылай хан хал үстінде жатқанда орнына баласы Қасымның емес, Уәлінің хан тағына отыруына осы Айтбай батырдың уәжі себеп болған деген ауызекі дерек бар.
Ел құрметіне бөленген батыр киелі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген.
Қостанай облысы