• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Ақпан, 2023

Қыстың қызығы – сырғанақ

611 рет
көрсетілді

Биылғы қыс ауыл-ауылды ақ көрпеге орады. Ал анау әудем жердегі төбешік басында балалар асыр сала ойнап, сырғанақ теуіп жүр. Беттері алаулаған олардың ойын қызығына кіргені соншалық, ауа райының қытымыр мінезін де елер емес.

Иә, қыс қызығы – сырғанақ. Қар жауса болды, шанасын сайлайтын ойын баласының әдеті емес пе?! Самар ауылының ішін­дегі үш сырғанақта да ойын қызып тұр.

– Демалыс күндері балаларымды осында әкеліп сырғанақ тепкіземін. Қазір қар қалың, жақсы сергіп қалады. Негізі, ауылымыздың шетінен үлкен сырғанақ орнын салса, тіпті жақсы болар еді. Шаңғы тебуге де жағдай жасалса деймін. Онда балалардан бөлек жастар да барар еді. Мұнда келетін балалар көп, – дейді ауыл тұрғыны Айнұр Ерболқызы.

Рас, ата-аналар балала­рының жан-жақты дамуы үшін қысқы спорттық ой­ын алаңдарының болғанын қа­лайды. Самар, Сарыбел өңі­рінде жаз қалай қызықты өтсе, қысы да қызыққа толы болса деседі. Аудан Бұқтырма су қоймасын жағалай жатқан соң, жазды жұрт жақсы өткізеді. Сол сияқты қыста да сырғанақ тебетін орындар көбейіп, мұз айдындары ашылса деген елдің тілегі бар.

– Ауылымызда үш сырғанақ тебетін орын бар. Қауіпсіз. Айналасы кең. Ауданымыздың жастары бос уақытын әртүрлі үйір­мелер мен спорттық ойындарға арнайды. Әсіресе футбол, волейбол, теннис ойнайды, – дейді Самар ауданы жастар орталығының директоры Ерназар Сауық.

Есте­ріңізге салсақ, Прези­дент өткен жылды Балалар жылы деп жариялаған болатын. Жыл аяқталғанымен, жауапты мекемелер балаларға деген қолдауын тоқтатқан жоқ.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Самар ауданы