• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 15 Ақпан, 2023

Қазақконцерт: жоспар мен жоба

431 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында алпыс жылдан астам тарихы бар «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова мекеменің жаңа ірі жобалары мен алдағы ауқымды концерттік іс-шаралар жоспарын ­баяндады. Өнер ордасының басты жаңалығы «Гүлдер» ансамблінің қайта жасақталуы болып отыр.

­Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Қоғам­ды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұра­сын және мәдени әлеуетін тиімді пай­далануға баса мән беріледі» деген болатын. Өнер адамдарының ұлттық мәдениетті ілгерілету жолын­да маңызды рөл атқаратыны мәлім. Осы мақсатта аталған шығар­ма­шы­­­лық ұжым өткен жылы жаңа құ­рылған Абай, Ұлытау, Жетісу об­лыс­­­­тарына, Қызылорда облысына, Павлодар, Қарағанды, Алматы, Пет­ропавл қалаларына барып 17 мың ша­қырымдай жол жүріп, қалалар мен ауылдарда, шамамен 50 мыңға жуық көрерменге өнер көрсетті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі моно­қалаларды жан-жақты дамытуға ба­ғыт­­талған тапсырмаларына сәй­кес, «Ел бірлігі – жаңа Қазақстан» жобасы биыл қайтадан жалғасын тауып, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қостанай облыс­тарында ұйымдастырылады», – деді Ақтоты Райымқұлова.

Сондай-ақ ол аталған жоба аясын­да 2025 жылға дейін 28 аудан, 29 моноқала, 20 облыс орталығының тұрғындары кезең-кезеңмен қамты­латынын, жалпы алғанда, биыл 3 рес­публикалық жоба мен 5 бағыт бо­йын­ша гастрольдік сапар жоспарланып отырғанын айтты.

Мекеме басшысы атап өткендей, ­­1 наурызда «Қазақконцерт» ұжымы­­ның ұйымдастыруымен жаңа құрам­­дағы «Гүлдер» ансамблінің тұсауке­сер-концерті өтеді. Жобаға дайын­дық кезінде «Гүлдер» ансамблінің мұра­ғаттық материалдары мұқият зерде­леніп, топтың «Алтын қорынан» ең үздік нөмірлер іріктеліп алынды. Айтулы кешке ансамбльдің алғашқы солистерінің бірі, Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева, жас ән­шілер Мәди Сыздықов, Зарина Божакова, Дидар Әбдіхалық, Сал­танат Меңдіғалиева, «Turan» фольк­­лорлы-этнографиялық ансамблі мен «Steppe Sons» альтернатив-фольк тобы қатысады.

Айта кетейік, өткен жылдың тамыз айында «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік кон­церт­тік ұйымы аты аңызға айнал­ған шы­ғармашылық ұжым «Гүлдер» ансам­блін жаңғырту жобасын қолға алған еді. Осы мақсатта ұжымға шы­ғармашылық оқу орындарының түлектері алынды. Тәжірибелі тәлім­герлер – бас балетмейстер Анвара Садықова және жобаның көркем­дік жетекшісі әрі дирижері Серік Дәулетов шақырылды.

«Жалпы алғанда биыл 5 халық­аралық және 3 республикалық, 8 бағыттағы шет мемлекетке және 5 бағыт бойынша республикалық гастроль­дік сапар жоспарланып, со­лис­­тер мен шығармашылық ұжым­дардың концерттері өтеді. 2023-2024 ж.ж. АҚШ, Франция, Гер­ма­ния, Швейцария, Бельгия, Аустрия, Хор­ватия, Словения, Мажарстан, Оңтүстік Корея, ҚХР, Өзбек­стан, Қыр­ғызстан және т.б. елдер­де халық­аралық іс-шаралар ұйымдас­тыры­ла­ды», деді спикер.

Сондай-ақ 23 ақпан күні «Қа­зақ­концерттің» солистері «Тuran» фольк­лорлы-этнографиялық ансамблі арнайы Алматы жұртшылығы үшін «Folk & symphony» жобасын ұсынады. Аталмыш кеш ансамбльдің 15 жылдық мерекесіне орай ұйым­дас­тырылған алғашқы концерті болмақ.

«Биыл «Alem saz» II Халық­ара­лық музыка фестивалі өтеді. Іс-шараның мақсаты – ұлттық мәде­ниет­терді біріктіру, сақтау және дамыту, әртүрлі елдердің тарихи мұрасы мен мәдени құндылықтарымен танысу. Былтыр фестиваль жоғары деңгейде өтіп, жобаға 7 елдің танымал музы­канттары келді. Ал биыл 16 ел қатысу­ға ниет білдіріп отыр (Үндістан, Испа­ния, Германия, Оңтүстік Корея, Ресей, Беларусь, Италия, Марокко, Индо­не­зия, Франция, Қырғызстан, Армения, ­­Куба, Әзербайжан, Өзбек­стан). Фести­валь­дің әр күнінде шетел­дік әртістер ө­нер көрсетіп, кино-көрсетілімдер, сән­дік-қолданбалы өнер көрмесі мен ше­бер­лік сынып­тар ұйымдастырылмақ», деді меке­менің көркемдік жетекшісі Тимур Урманчеев.

Бұдан бөлек ол әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығар­машылық мұрасын насихаттау мақ­сатында халықаралық музыка фес­тивалін өткізу жоспарла­нып отыр­ғанын айтты. Ал «Forte Trio» мем­ле­кеттік триосы әлемнің беделді сах­на­ларында, АҚШ, Мексика, Ұлы­бри­­тания, Франция, Люксембург, Италия, Германия және т.б. көптеген елдерде тұрақты түрде өнер көрсетіп тұрмақ.

Аталған ұжым бұған дейін «Ұлы­ларға тағзым» атты жобасы аясында көрнекті жазушылар Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің, композиторлар Ғазиза Жұбанованың, Еркеғали Рахмадиевтің, жезтаңдай әншілер Күләш Байсейітованың, Роза Бағланованың, жазушы Ақселеу Сейдімбектің мерейтойларына орай арнайы мерекелік іс-шаралар көрер­мендер назарына ұсынылған болатын. Игі жоба биыл да жалғаса­ды. Қазақ өнерінің тау-тұлғалары Ықы­лас Дүкенұлы, Ақан Сері, Әміре, Құрманғазы, Темірбек Жүргеновтің шығармашылығына арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Одан бөлек Қазақстанның бүгін­гі өнердің шоқ жұлдыздары Алтын­бек Қоразбаев, Айман Мұсақожаева, Роза Рымбаева, Төлеген Мұха­мед­жанов, Еркеш Шәкеевтің шығар­ма­шылықтарына арналған жеке кон­церттері де жоспарланып отыр.

Сондай-ақ жыл соңына қарай түр­кітілдес елдердің фольклор өне­­рін насихаттау, мульти-мәдени ке­ңіс­­тік құру, елдер арасындағы мә­де­ни байланыстарды нығайтуға бай­ла­нысты «Көшпелілер әуені» атты ха­лық­аралық фольклорлық му­зыка фес­тивалі жоспарланған. Аталмыш іс-ша­раға 10-нан астам түркітілдес ел­дің және отандық фольк­лорлық-этно­графиялық ансамбль­дер қаты­сады.

«Қазақконцерттің» ерекше көңіл бөліп өткізетін жобаларының бірі «Арман асулары» республикалық фестивалі еді. Өткен жылы мүм­кін­­дігі шектеулі дарынды балалар ара­сындағы таланттарды анықтау, шы­ғармашылық қабілеттерін арттыру мен дамытуға қажетті жағдай жасап, ұжымның өнер жұлдыздарымен бірге өнер көрсету мақсатында өткізілген жоба болатын. Фестиваль биыл да өткізіледі.

Бұған қоса «Қазақконцерттегі джаз кештері» атты жаңа концерт­тік бағдарлама ұйымдастырылып, көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленгенін де айта аламыз. Осыған орай биыл Халықаралық джаз фес­тивалін өткізу жоспарда бар. Оған ше­телдік және отандық солистер, ансамбльдер, оркестрлер мен этно-джаз ұжымдары қатысады.