Қарағанды аймағында балалардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін тегін үйірмелер көбейіп келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір облыста ақысыз 144 үйірме жұмыс істеп тұр. Онда 4 806 бала түрлі бағытта өзін-өзі дамыта алады.
Балалар мұнда би түрлерін үйреніп, бейнелеу, кескіндемеде талабын ұштайды. Киім үлгілерін дайындап, оны пішіп, тігуді үйренеді. Актерлік шеберлік, эстрадалық вокал, халық әндері, домбыра үйірмесі де бар. Үйірмелер мұнымен шектелмейді. Бұл арада тек бір парасы ғана аталып отыр. Шығармашылық тапсырыстағы үйірмелер Қарағанды, Теміртау, Шахтинск және Саран қалаларында да жақсы жұмыс істеп тұр.
Бұл орайда ерекше балалалар да ұмыт қалған жоқ. Мәселен, «Батыл жүрек» және «Умницы» қоғамдық қайырымдылық қорларының бейімделген екі үйірмесінде сурет, көркемсурет және мүсіндеуге қызыққан мүмкіндігі шектеулі 25 бала бар. Жалпы, биыл өңірдегі шығармашылық тапсырысты жан басына қаржыландыруға бюджеттен 1 млрд 127 млн теңге бөлінген.
– Менің қызым Эмилия екі жыл бойы La Dance complex студиясының Millennium ансамблінде билейді. Алғашқы жылы ақылы оқыдық. Содан кейін ArtSport бағдарламасы туралы біліп, ваучер алдық. Енді бір жылдан бері тегін айналысып келеміз. Әйтпесе айына 13 мың төлеуге тура келер еді. Меніңше, бұл балалар үшін тамаша мүмкіндік. Өйткені барлық отбасының ақылы үйірмелерге балаларын жіберуге мүмкіндігі жоқ, – дейді Қарағанды тұрғыны Наиля Имранова.
Қазіргі таңда ансамбльге 3 жастан 13 жасқа дейінгі 200-ге жуық бала қатысады.
– La Dance complex орталығы алдымен Астанада ашылды. ArtSport жобасының нәтижесінде кеңейіп, 2021 жылы Қарағандыда жұмыс істей бастадық. Бұған дейін әр филиалда 60-тан 150-ге дейін бала оқыған, жан басына шаққандағы қаржыландырудан соң тек Қарағандының өзінде балалар саны 385-ке дейін өсті, – дейді Қарағандыдағы студияның негізін қалаушы Анна Володина.
Студияда би, кескіндеме, шахмат, вокал үйірмелері ұйымдастырылған.
Киім пішу және тігуді үйренгісі келетін балдырғандарға «Тоғжан» шығармашылық орталығында арнайы сертификаты бар шеберлер сабақ береді. «Киім үлгісі, пішу және тігу» үйірмесіндегі төрт топқа 30-дан астам бала қатысып жүр.
– Бастапқыда «Кескіндеме және сурет салу» бағытындағы 6 топта шамамен 60 бала оқыды. Бір ғана оқытушы болды. ArtSport бағдарламасы арқылы біздің орталықта тағы үш үйірме ашылды: домбыра, киім үлгілеу, пішу және тігу, графика. Тоғыз оқытушы жұмысқа қабылданды. Бұл үйірмелерге 280 адам тегін барады. Пішу және тігумен айналысатын балалар түрлі көрсетілімдерге қатысады, – дейді орталық басшысы Айгүл Медеубаева.
Қазақстанда мемлекеттік шығармашылық тапсырыс жобасы 2021 жылдың мамыр айында басталған болатын. Оның мақсаты – 4 пен 17 жас аралығындағы балаларды тегін сабақтармен барынша қамту. Жоба artsport.edu.kz порталында іске асырылады. Ол қызмет көрсетушілерді, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің ата-аналарын немесе заңды өкілдерін шығармашылық үйірмелер мен спорт түрлеріне тегін қатысуға ваучер алу үшін тіркеуге және өтінімдер қабылдауға арналған.
Қарағанды облысы