Бұрын ірі кәсіпкерліктің дамып, ал шағындар оның шаңына ілесе алмай қалғаны жиі айтылатын. Қазір олай деп шағынатын жөн де, жоба да жоқ. Өйткені кейінгі уақытта мемлекет шағын кәсіпкерліктің дамуына ден қойып отыр. Әсіресе қайтарымсыз гранттар біраз адамның кәсіп бастауына баспалдақ болып келеді.
Бүгінде ауылдарда кәсіп бастап, тәуір тұрмыс кешкендер қатары молайып келеді. Бұл орайда қоғамның кез келген мүшесіне мүмкіндік жасалған. Мәселен, Қарағанды облысының Нұра ауданында тұратын мүмкіндігі шектеулі жандар грант арқылы бизнесін ұршықша иіріп отыр.
Екінші топтағы мүгедектігі бар Елена Колесникова Нұра ауылында тұрады. Оның мамандығы экономист екен. Алайда бұл мамандықпен жұмыс істеп көрмепті. Үйдің шаруасымен отырған үш баланың анасы. Десек те, «Бастау Бизнес» арқылы білім алып, одан соң саңырауқұлақ өсіретін кәсібін ашыпты.
– Жасым 38-де, үш балам бар. Бірнеше жыл үй шаруасымен жүрдім. Екінші топтағы мүгедектігім де бар. Былтыр арнайы дәріс алып, грантқа өтініш бердім. Комиссия менің бизнес-жоспарыма қолдау көрсетті. Сол арқылы өз ісімді бастап кеттім. Гаражды саңырауқұлақ өсіруге бейімдеп, берілген грантқа қажетті жабдық сатып алдым. Бүгінде бір жарым айда бір рет 100 келіге жуық аспа саңырауқұлақ өсіремін. Негізі, кәсіп бастағысы келгендерге тәуекел ету туралы кеңес берер едім. Ең бастысы – мақсат қою. Содан соң оған қадам жасау, – дейді Елена.
Еленаның саңырау-құлақтарын ауданның тұрғындары тұтынады. Оны саудаға шығаратын келісілген сауда орындары бар. Бұйыртса, Елена алдағы уақытта саңырауқұлақ өсіру өндірісін ұлғайтуды ойлайды. Бұған қоса тұздалып, сақталатын саңырауқұлақ шығаруды көздеп отыр.
Дәл осындай грант арқылы массаж бөлмесін ашқан Сапарбек Жақұдин – бұрынғы өрт сөндіруші. Ол өрт кезінде көзінен зақым алып қалған екен. Бүгінде Сапарбек Астанадан қытайлық массаж курстарын оқып, осы орайда бизнес-идеясын іске асыра алыпты. Алдымен «Бастау Бизнес» жобасы негізінде кәсіпкерлік сауаттылықты меңгерсе керек. Соңынан идеясы арқылы 1 млн 225 мың теңге грант жеңіп алып, массаж бөлмесін ашқан көрінеді. Гранттар кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында табысталатынын атап өткен жөн.
Ресми ұйымдар жария еткен деректерге жүгінсек, былтыр Нұра ауданында «Бастау Бизнес» жобасы арқылы барлығы 167 адам білім алған. 59 адамға грант берілген. Оның ішінде 16 адам мүмкіндігі шектеулі жандар тізіміндегілер.
– Бизнес-жобаларды табысты іске асырудың тағы бір мысалы – Қарой ауылындағы тігін цехы. Оны Тутиковтар отбасы ашты. Отбасындағы төрт адам мүгедек. Барлығының туа біткен кемістігі бар, сөйлеу және есту қабілеті төмен. Олар қазір тапсырыспен киім, төсек-орын, көрпе-жастықтар тігеді, – дейді Нұра ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Динара Ермекова.
Сонымен қатар Нұра ауданында биыл мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың 15 жобасын қаржыландыру жоспарда бар. Гранттар сомасы 1 млн 400 мың теңгеге дейін ұлғаймақшы.
Қарағанды облысы