Қазақстанда жаңа футбол маусымының басталуына санаулы күндер қалды. Яғни 25 ақпанға жоспарланған «Астана» мен «Ордабасы» арасындағы Қазақстан Суперкубогі үшін өтетін ойынмен елімізде ресми түрде футбол маусымының шымылдығы түріледі. Жуырда жаңа маусымға байланысты Қазақстан футбол федерациясы Атқарушы комитетінің отырысы өтіп, онда бірнеше мәселе қаралды.
Алқалы жиында көтерілген басты мәселенің бірі 2023 жылғы маусымдағы Olimpbet-Чемпионат, Olimpbet-Кубок, Olimpbet-Суперкубогінің жарыс ережелері мен күнтізбелерін бекіту болды. Сонымен қатар отырыста Премьер-лига клубтары арасында футболдан Olimpbet-Қазақстан чемпионатының қатысушылар құрамы нақтыланып, балалар-жасөспірімдер, бұқаралық футболдан ұйымдастырылатын жарыстардың да ережелері бекітілді. Сондай-ақ жиында қазақ футболының дамуына қарсы әрекет деуге әбден болатын тағы бір ереже қабылданды.
Атқарушы комитеттің отырысында қабылданған жаңа ережеге сәйкес Премьер-лигада доп тебетін командалар бұдан былай алаңға бұрынғыдай бір уақытта алты легионер емес, жеті легионерді шығара алады. Оған тағы легионерлер санатына жатпайтын, Қазақстан футболшыларымен теңестірілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Армения) футболшыларын қосыңыз. Өзі жасыл алаңда бір командадан бар-жоғы 11 футболшы ойнайды. Оның жетеуі легионер болса, қалған төрт орынға жергілікті футболшылар шыға ма, әлде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің ойыншыларына мүмкіндік беріле ме?
Қазақстан Футбол федерациясы мен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы басшыларының бірлесе қабылдаған бұл шешімі тұралап қалған қазақ футболын одан әрі тұңғиыққа батыруы мүмкін. Себебі жергілікті футболшыларды аяқтан шалатын жаңа ереже Премьер-лигада доп тебетін қаракөздеріміздің қатарын азайтып қана қоймай, деңгейінің төмендеуіне, тіпті ойын тәжірибесінсіз қалуына әкеліп соқтырайын деп тұр. Жергілікті футболшыларда жеткілікті деңгейде ойын тәжірибесі болмаған соң, онсыз да бір ойында жеңіп, қатарынан төрт матчта жеңілетін ұлттық құрамада қайбір жетіскен нәтиже болсын.
Оқырмандар мен жанкүйерлер Қазақстан футболындағы басшылар бұл мәселені жергілікті футболшылар арасындағы бәсекелестікті арттыру мақсатында істеп жатқан шығар деп ойлауы мүмкін. Бәлкім, солай да шығар, бірақ дәл қазіргі жағдайда қазақ футболшылары ішкі бәсекелестікке дайын емес екенін ескерген жөн. Біздің футболшылар қалтаның қалыңдығын емес, тәжірибе жинауды бірінші орынға қойғанда ғана дамиды және бәсекеге дайын болады. Ал елімізде ондай тәуекелге барып жатқан футболшылар саусақпен санарлық. Ұлттық құраманың дені ішкі біріншіліктегі командалардан жасақталатынын да ұмытпаған абзал.
«Ордабасы» және БИІК футбол клубтарының президенті Бауыржан Әбдубайытов шетелдік легионерлердің Қазақстан футболында доп тебуіне қарсы емес, тек олардың санын шектеу керек екенін айтады. «Жуырда Астанада футбол саласындағылардың басын қосқан үлкен форум өтті. Қызықты әрі тартымды сұрақтар қойылды. Мен үшін маңызды сұрақтардың бірі кәсіпқой футболшылардың арасында шетелдің азаматтарын азайту болды. Яғни легионерлердің санын шектеп, Қазақстан азаматтарына көп мүмкіндік беру керек. Дегенмен бұл бір күндік мәселе емес. Өйткені ойыншылардың келісімшарттары бар. Келешекте бұл мәселе оң шешімін табады деп ойлаймын», дейді футбол функционері.
Қазір еліміздің футбол клубтары Түркияда жаңа маусым алдындағы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, қатарларын мейлінше шетелдік ойыншылармен толықтырып жатыр. Себебі Атқарушы комитет командаларға рұқсат етілген 8 легионердің жетеуінің алаңға шығуына рұқсат беріп отыр. Мәселен, маусымаралық үзілісте былтырғы ел чемпионы «Астана» өз қатарына сербиялық жартылай қорғаушы Душан Йованчичті, черногориялық қорғаушы Жарко Томашевичті, гамбиялық шабуылшы Дембо Дарбоені, хорватиялық қақпашы Йосип Чондричті және франциялық жартылай қорғаушы Фабен Уреганді қосып алды. Одан бөлек, құрамында армян Камо Оганесян, белорус Макс Эбонг, хорват Марин Томасов бар.
Күміс жүлдегер «Ақтөбенің» де трансфер базарындағы саудасы қызып тұр. Қаңтардан бері «ақ-қызылдар» грузиялық орталық қорғаушы Лука Гадрани, ресейлік қақпашы Мирослав Лобанцев, черногориялық жартылай қорғаушы Милош Раичкович, ресейлік қорғаушылар – Дмитрий Яшин мен Даниил Пенчиков, хорват шабуылшысы Андрия Филиповичпен келісімшарт жасасты. Қола жүлдегер Қостанайдың «Тобылы» да құрамын бес шетелдік ойыншымен толықтырып алды. Олар: Асмир Сульич (жартылай қорғаушы, Мажарстан), Йован Илич (жартылай қорғаушы, Босния және Герцеговина), Альберт Габараев (қорғаушы, Ресей), Иван Коновало (қақпашы, Ресей) және Боян Младович (қорғаушы, Сербия). Командалардың Қазақстан футболшыларын да өз қатарларына қосып жатқанын айта кету керек.
Жуырда футбол инсайдері Айдын Қожахмет өзінің телеграм арнасында мынадай қызық мәлімет жариялады. Яғни биыл Премьер-лигада өнер көрсететін 14 команданың ішіндегі 13 клубта Беларусь чемпионатында доп тепкен 35 футболшы бар екен. Бұл тізім әлі де толығуы мүмкін. Мәселен, Шымкенттің «Ордабасы» командасында – Бобур Абдихоликов, Всеволод Садовский, Шахбоз Умаров, Дмитрий Бородин, Доминик Динга; «Атырауда» – Александр Нойок, Никита Степанов, Игорь Стасевич, Егор Хаткевич; «Тобылда» – Игор Иванович (келіссөз жүріп жатыр)*, Илья Васильев*, Ислам Чесноков, Иван Коновалов; «Каспийде» – Дмитрий Подстрелов, Георгий Бугулов, Алексей Залеский, Максим Плотников; «Мақтааралда» – Жуниор Кабананга, Секу Думбия, Руслан Юденков; «Астанада» – Дембо Дарбо, Макс Эбонг, Камо Оганесян; «Жетісуда» – Руслан Теверов, Мурат Бураев, Павел Назаренко; «Қызылжарда» – Евгений Березкин, Роман Степанов*; «Шахтерде» – Роджер Каньяс, Стефан Букорац; «Оқжетпесте» – Руслан Болов, Дмитрий Рыжук; «Ақтөбеде» – Дмитрий Яшин; «Қайратта» – Гүлжігіт Әліқұлов және «Қайсарда» – Сергей Бондаренко секілді футболшылар ойнайды.
Спорт журналисі Бек Төлеу Беларусь чемпионатында ойнаған футболшылардың Қазақстанға үдере көшуі жалақы мәселесіне байланысты екенін айтады. «2021 жылы Беларусь футбол федерациясының атқарушы комитеті «Жоғары лига клубтарының қызметкерлері үшін ең жоғары тіркелген айлық жалақының, сыйақының және өзге де бонустардың лимиттері туралы» ережені бекітті. Жаңа ережеге сәйкес чемпионатта 15 мың Беларусь рублінен жоғары жалақы төленбеу керектігі бекітілді. Бұл сол кездегі бағаммен 5,8 мың АҚШ доллары еді. Оның өзі бәріне емес. Мұндай ақшаны тек Беларусь ұлттық құрамасының футболшыларына (ол үшін соңғы екі жылда ұлттық құрамадағы матчтардың 50 пайызында ойнау керек) және әр клубтағы үш легионерге төлеуге рұқсат етілді. Сонымен қатар әр клубтағы ай сайынғы жалпыкомандалық жалақы қоры 150 мың рубльден аспауға тиіс деген ереже бекітілді. Ал 2022 жылдың желтоқсанында футболшылардың жалақысын қысқарту тіпті күшейтілді. Тек ұлттық құрамада ойнап жүргендердің жалақысына тиіскен жоқ. Олардың әдеттегідей 6 мың АҚШ долларына дейінгі жалақы алуына болады. Қалғандары айына 1600-2000 доллармен шектелуге тиіс. Сондықтан, реті келсе, Беларусь футболшылары жалақысы әлдеқайда жоғары басқа чемпионаттардан өз бақтарын сынауды жөн көріп жатыр. Әсіресе Қазақстанға келетіндер көбейген», дейді.
Бейресми дерек бойынша Қазақстан чемпионатында ойнайтын легионерлер айына 20-30 мың АҚШ доллары көлемінде жалақы алады екен... Ал солардың бәрі бірдей сапалы ойыншылар ма?