Күнделікті өмірде күрмеуі көп күрделі мәселеге тап болатындар аз емес. Қандай да бір құқықтық кедергі туындай қалса адвокат көмегіне жүгіну тәуір қаржыны талап етеді. Мемлекеттік қолдау аясында азаматтардың кейбір санатына заңгер көмегі тегін көрсетілетінін көпшілік біле бермеуі мүмкін.
Мәселен, өткен жылы 14 500 алматылық білікті мамандардың мемлекет кепілдік берген ақысыз көмегіне жүгінген. Мұндай қолдауға ие болуға кімдер құқылы? Бұл туралы Алматы қалалық Әділет департаменті басшысының орынбасары Берікбол Сәменов айтты.
– Конституция мен заңдарға сәйкес азаматтардың әкiмшiлiк және қылмыстық сот iсiн жүргiзу кезiнде сапалы заң көмегiн алуға құқығы бар. Оған бюджет есебінен мемлекет кепілдік берген. Мемлекет кепілдік берген заң көмегі құқықтық кеңес беру, соттар мен қылмыстық қудалау органдарында жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру нысандары бойынша көрсетіледі. Азаматтар адвокаттар мен нотариустардың, сондай-ақ жеке сот орындаушылардың көмегін – алимент, зейнетақы мен жәрдемақы өндіріп алу, оңалту, босқын немесе кандас мәртебесін алу, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандар, жыныстық зорлық-зомбылық құрбандары, адам саудасына, еңбекпен байланысты денсаулығына келтірілген зиянның немесе қылмыстық құқық бұзушылықтың салдарынан келтірілген шығынды өтеу мәселелері бойынша тегін ала алады. Тиісті қолдау Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушыларға, сондай-ақ соғысқа қатысушыларға теңестірілген адамдарға, басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс қимылдарына қатысушыларға, әскери қызметшілерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, зейнет жасындағы азаматтарға, кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған тұлғаларға да көрсетіледі, – дейді Берікбол Сәменов.
Әділет органының өкілі атап өткендей, адвокат, нотариус, жеке сот орындаушылар қызметін жоғарыдағы санатқа кіретін әрбір азамат тұрғылықты жері мен орналасқан жеріне қарамастан ел аумағында пайдалануға құқылы. Әр аймақта азаматтардың мұң-мұқтажына жауап беретін арнаулы орталықтар бар. Айталық алматылықтар құқықтық кеңес алу үшін қалалық адвокаттар алқасына келуі қажет. Қазіргі уақытта қалада 15 заң консультациясы жұмыс істеп тұр. Олардың мекенжайымен Алматы қаласы Әділет департаментінің ресми сайты арқылы немесе 119 және 1414 құқықтық-ақпараттық қызмет нөміріне қоңырау шалу арқылы білуге болады. Сонымен қатар аталған қызмет бүкіл ел аумағы бойынша телефон байланысы арқылы да жүзеге асады.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімі жыл сайын мерзімді басылымдарда жарияланып отырады. Алматыда бұл іске 336 адвокат жұмылдырылған. Шаһарда халыққа кепілдендірілген мемлекеттік заң көмегін көрсету үшін биыл 250 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. «Адвокаттар көрсеткен қызметі әкімшілік және азаматтық сипатта болса жұмысының бір сағаты үшін 0,56 АЕК көлемінде, ауыр қылмыстық іске араласса 0,76 АЕК дәрежесінде мемлекеттен ақы алады», дейді мамандар.
АЛМАТЫ