Қарағандылық оқушылар Халықаралық Жәутіков олимпиадасында бір күміс, екі қола медаль еншіледі.
Атап айтқанда, Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей интернатының оқушысы Рамазан Пердебай күміс жүлде иеленсе, осы мектептің оқушысы Әлішер Қазтаев пен №1 Білім және инновация лицейінің оқушысы Абзал Бекежан қола жүлдені жеңіп алды.
– Олимпиадаға екі оқушымызды жібердік. Екеуі де математика, информатика және физика пәндерінен үздіктер сапынан көрінді. Бұл – жоғары көрсеткіш. Жазда республикалық олимпиада өтеді. Егер Әлішер жақсы нәтиже көрсетсе, республикалық құрамаға кіреді, – дейді Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей интернатының информатика пәні мұғалімі Айдар Сейілханов.
Абзал Бекежан бұл олимпиадаға алғаш рет қатысқанын айтты. «Бірақ бұған дейін информатика бойынша басқа да халықаралық жарыстарда бақ сынадым. Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасының күміс медалі, еліміздегі білім олимпиадасының күміс медалі және басқа да марапаттарым бар», дейді ол.
Олимпиада жүлдегерлеріне еліміздің іргелі жоғары оқу орындарының атаулы сыйлықтары мен білім гранттары берілді.
ҚАРАҒАНДЫ