Өңірде көктемгі тасқынның алдын алу шаралары барынша қадағаланып, елді мекендерге белсенді мониторинг жүргізіліп жатыр. Осы бағыттағы жұмыстың нәтижесінде Глубокое ауданында су басу қаупі жоғары 15 ауыл анықталды.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар мен Глубокое ауданының әкімдігі су тасқыны қаупі бар елді мекендерге мониторинг жүргізді. Ауданда бүгінгі таңда тоңның қалындығы – 48 см, қар жамылғысының биіктігі – 134 см.
Глубокое ауданында су басу қаупі жоғары 15 елді мекен бар. Атап айтқанда, Прапорщиково, Уварово, Глубокое, Каменный карьер, Белоусовка, Ново-Ульбинка, Тарханка, Алтай, Прогресс, Предгорное, Разъезд, Черемшанка, Ушаново, Малоубинка және Опытное поле ауылдары. Ондағы барлығы 92 үйде 2 335 адам тұрады.
«Қазіргі кезде су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауданда 6,6 мың текше метр қар шығарылған. Автокөлік жолдарындағы 34 су өткізу құрылысы, 14 шақырым каналдар және 22,3 шақырым арықтар қар мен мұздан тазартылды. 9 200 дана қап, 100 тонна инертті материал, 1,6 тонна жанар-жағармай дайындалды. Сондай-ақ төтенше жағдай болып жатса, халықты эвакуациялау үшін уақытша орналастыру пункттерін ұйымдастырдық. Гидрологиялық жағдай тұрақты», дейді Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашинов.
Құтқарушылар әрбір үйді аралап, су басу қаупі төнген жағдайда қалай әрекет ету керек екенін түсіндіріп жүр. Бұл ретте осыған дейін ШҚО-дағы 13 жол учаскесін су басу қаупі бар екені хабарланғанын айта кеткен жөн.
Шығыс Қазақстан облысы