Кеңес өкіметі тұсында 1930 жылдары Қазақстанға жер аударылған корейлердің тағдыры ұзақ уақыт бойы жабық тақырып болып келді. Архив деректеріне қол жеткізу қиын болғандықтан, олардың ауыр тағдырын объективті зерттеуге мүмкіндік болмады.
«Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлттық архивтің қызметкерлері Ресейдің мемлекеттік экономика архивінде (РМЭА, Мәскеу қаласы) депортациядан кейінгі алғашқы жылдардағы Қазақстандағы корейлердің өмірі туралы бұрын құпия болған құжаттарды анықтады. Нақтырақ айтсақ, Ресейдің мемлекеттік экономика архивіндегі «КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігі. Қоныс аудару бюросы» атты №5675 қорда Қазақ КСР-не корей қоныс аударушыларын шаруашылыққа орналастыру жөніндегі іс-шаралар жоспары, олардың тұрмыстық және шаруашылық құрылымы туралы құжаттар сақталған.
Құжаттар, ең алдымен, қоныс аударушылардың депортациядан кейінгі жылдардағы жағдайының тым ауыр болғанын көрсетеді. 1938 жылы Қызылорда облысында қоныс аударушылар отырғызған күріштің көп бөлігі қурап қалады. Себебі дәл сол жылы қуаңшылыққа байланысты Сырдың суы тартылып қалған еді. Осының салдарынан 3 900 қоныс аударушы шаруа қожалығы аштыққа ұшырады.
Құжаттарға сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысында 1939 жылы қатты құрғақшылық болып, Луговое, Пахта-Арал, Жамбыл, Свер-дловск және Түлкібас аудандарында астықты суаруға су тапшы болды. Дәл 1938 жылдағыдай күріш дақылдарының көп бөлігі қурап қалды. Алматы облысында да осындай жағдай орын алып, депортацияланған корейлер өте қиын жағдайға душар болды. Оларға азық-түлік таратып, шұғыл көмек көрсетпесе, іс насырға шабатын еді.
Осындай қиын жағдайға қарамастан, ауыл шаруашылығы халық комиссариаты Оңтүстік Қазақстан облысында мелиорация жоспарын әзірлеуді жалғастыра берді. Сол жоспарды жүзеге асыруға біздің елге жер аударылған корейлер шақырылды.
Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне қоныс аударған корейлерге жерді мелиорациялауды ұйымдастыру және күріш шаруашылықтарын құру жүктелген болса, республиканың орталығы мен солтүстігінде корейлер жұмыс істеп тұрған колхоздарға қоныстанып, 1930 жылдардағы аштықтан кейін қаңырап бос қалған жерлерге орналастырылды.
Сондай-ақ билік корей балық аулау шаруашылықтарын ұйымдастыру міндетін алға қойды. Бірақ бұл жобалар көбіне қағаз күйінде қалды. Мәселен, Ақтөбе облысында 1938 жылы екі корей колхозы гектарына 3-4 центнерге дейін, қалған екеуі 1-2 центнерге дейін күріш өнімін алды, ал егу нормасы гектарына 2,5-3 центнер болған еді. Бұл үлкен апат, шаш-етектен шығын болатын. Жаңа колхозшыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету балық аулау есебінен болады деп жобаланды. Бірақ корейлерде қайық та, тор да болмағандықтан, оның үстіне жазда оларды құрылыс жұмыстарына жегіп қойғандықтан, балық аулап жарытпады. Сондықтан күзге дейін колхоздарды азық-түлікпен қамтамасыз ету нәтиже бермеді.
Қазақстанда корей шаруаларын қоныстандырудың бастапқы жоспары кеңес одағы Халық комиссарлары кеңесінің 1938 жылғы 20 ақпандағы қаулысы негізінде жасалды. Онда жаңадан құрылатын ұжымшарларға 10 096, бұрыннан бар ұжымшарларға 4 504, балық аулау базаларына 2 400, кәсіпорындар мен мекемелерге 3 530 корей отбасын жіберу көзделген.
Осылайша, 1938 жылы, мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында 776 шаруаны біріктірген 5 дербес корей ұжымшары болды. Оның ішінде 3 дербес ұжымшарда 448 шаруа болды, жұмыс істеп тұрған 7 ұжымшарда 153 корей шаруашылығы салынды, Қарағанды облысында 687 корей отбасы ұжымшар жұмысынан тыс балық аулаумен айналысты.
Жаңа корей ұжымшарларының көпшілігі теміржол вокзалдарынан алыс жерде ұйымдастырылды. Бұл олардың сыртқы әлеммен байланысын шектеу мақсатында жасалды. Өйткені ел басшылығы ешқандай себеп болмаса да, олардан тыңшылық жасайды деп күдіктенді. Жаңадан құрылған корей ұжымшарларын құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету сын көтермеді. Сол себепті жаңа қоныстанушылар үшін тұрғын үй құрылысы кеш басталды, кейін ол 1939 жылға ауыстырылды. Дереккөздерде көрсетілгендей, құрылысты жолға қою мүмкін болмады. Алдымен оны НКВД басқарды, содан кейін бұл жұмыс «Спецстрой» ұйымына тапсырылды, ал 1938 жылы мамырда КСРО Халық егіншілік комиссариатына жүктелді.
Яғни 1938-1939 жылдардағы қысты тәуелсіз корей ұжымшарлары баспанасыз, мектептерсіз, фельдшерлік пункттерсіз өткізді. Олар қазылған блиндаждарда қақаған аяздардан жан сақтады.
Қостанай облысында 60 корей баласы оқуға бармады, өйткені олар орыс тілін мүлдем білмеген. Халық комиссарлар кеңесінің 1938 жылғы 16 қазандағы қаулысымен Қостанай облыстық атқару комитетіне осы балаларды орыс тіліне оқытуды ұйымдастыру ұсынылды.
Жұмыс істеп тұрған ұжымшарларға қоныстанған корейлерге де үй салып беру керек еді, бірақ бұл да дер кезінде орындалмады. Оларды жергілікті халық өз үйлеріне алып, қыстың суығынан аман сақтап қалды. Көп ұзамай мемлекеттің оларға үй салып бермейтіні белгілі болды. Үкімет корейлерді үймен қамтамасыз етуді сол ұжымшарлардың мойнына іле салды. Осылайша, Қазақстандағы корейлерді билік шын мәнінде тағдырдың талқысына тастады деп айтуға болады. Олар тек жергілікті халықтың қолдауы мен қамқорлығының арқасында ғана аман қалды.
Сағила НҰРЛАНОВА,
Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры