Елімізде ажырасуға қатысты деректер алаңдатарлық деңгейде. Әсіресе жастар арасында шаңырағы шайқалғандар көп. Әлемдік Advokatsmart келтірген статистикаға сүйенсек, Мальдив аралдарынан кейін Қазақстанда отбасының ойрандалу фактісі жиі тіркеледі екен. Бұл көптің көңіліне қаяу түсіретін ащы дерек. Бұған не себеп? Сандаған ғасыр бойы сабақтасып, жалғасын тауып келген отбасы құндылығы қай тұста үзіліп қалды?
Танымал калифорниялық әлеуметтанушы және отбасылық психиатр Констанция Аронс әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасатынын есептеп, дәлелдеген. АҚШ-тың бір өзінде жыл сайын 1 миллион отбасы ажырасады. Ал Қазақстандық қоғамдық даму институты сарапшыларының зерттеуінше, елімізде жылына орта есеппен 140 мың отбасы шаңырақ көтерсе, оның 50 мыңы ажырасып кетеді екен. Яғни ажырасу үлесі жалпы тіркелген неке санының 34,4%-ын құрайды. Дерекке сүйенсек, ауыл халқымен салыстырғанда қала тұрғындарының арасында ажырасу оқиғалары жиі кездеседі. Мәселен, 2021 жылғы көрсеткіш бойынша қалада – 34 825, елді мекендерде 13 414 ажырасу тіркелген. Сол жылы ажырасудың ең көп дерегі Астана қаласында, Павлодар, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелді.
Тәуелсіз сарапшылар да елімізде әрбір төртінші отбасының ажырасатынын айтады. Ұлттық статистика бюросының дерегіне көз жүгіртсек, былтырдың өзінде 17,7 мың отбасының шаңырағы шайқалып, некесі бұзылған. Көбіне ортақ баласы жоқ ерлі-зайыптылар мен ерте жаста шаңырақ көтерген отбасылардың ажырасу үлесі жоғары көрінеді.
ҚҚДИ жүргізген “Ажырасу және оның салдары” талдамалы есебіндегі мәліметтерден байқасақ, отбасы бұзылуының басты себептері – ерлі-зайыптылардың опасыздық жасауы немесе туыстарының отбасылық өмірге араласуы. Бұған қоса тұрмыстық зорлық-зомбылық, маскүнемдік, қызғаныш, жұмыссыздық, қаражаттың жетіспеушілігі және тұрғын үй мәселелері сияқты материалдық мәселелер де өз әсерін тигізеді екен.
Психолог Шолпан Әбілованың айтуынша, жастардың ажырасуына дәл осы капитализм заманында әлеуметтік проблемалар көп ықпал етеді. «Өйткені отбасы құндылығы қазір сезім мен сертке емес, көп жағдайда мүмкіндік пен есепке құрылған», дейді маман.
– Жастар отбасылық өмірге жеңіл қарайды. Отбасын құрып, сәбилі болғаннан кейін басына түскен тұрмыстағы ауыртпалықтарды көтере алмай, ұрыс-керісті үдетіп, үйдің берекесін алады. Салдарынан «Бүгінде жастар не үшін үйленеді?» деген сұрақ туындайды. Осы ретте ойға бірден «Бақытты болу үшін» деген жауап келеді. Алайда өзі өз болып өмір сүрмеген, ішкі жан дүниесі бақытты емес адам өзгенің өмірінде бақытты бола ала ма? Бұл, әрине, парадокс. Сауалға кез келген адам әртүрлі жауап қатады. Өйткені сана психологиясы тұтынушы секілді. Өзіне не керек, соған байланысты аясын кеңейтеді. Яғни біреуге тірек керек, біреуге жүрек керек. Осы схемамен өзіне сәйкес келетін объекті іздейді. Үйленіп, үйлі болады. Кейін жылдар өте келе «мінезіміз келіспеді» деген сылтаумен ажырасып жатады. Себебі адамның қалауы қанағаттанса, қызығушылығы бәсеңдей түседі. Бұған қоса отбасының бұзылуының шектен тыс көбеюіне адамдардың өмірлік серік таңдағанда оның жан дүниесіне үңілмей, сыртқы факторларға қарап қана бағалап таңдауынан болады, – дейді Ш.Әбілова.
«Демек жас отбасының ойрандалуына қаржылық, материалдық проблемадан бастап, моральдық жеке мәселелерге дейін түрткі болады. Сондықтан оның алдын алу үшін әр жас қарым-қатынасты дұрыс құрудан бастау керек. Яғни «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген аталы сөзді ескерсек, шешім қабылдамас бұрын қыз бен жігіт тарапынан рухани дайындық пен жауапкершілік қажет», дейді маман.
Жаһанның статистикалық дерегіне үңілсек, Үндістанда ажырасу әлдеқайда аз екенін көруге болады. Мұнда жылына шаңырақ көтерген мың отбасының 13-інің ғана некесі бұзылады. Бұған дәстүрге берік үнділердің отбасылық құндылықтарды сақтауы сеп. Бізде де отбасы институтына негізделген дәстүр, жоралғылар бар. Бірақ қазір оларды қолдану аясы тарылды. Мәселен, халқымыздың тұрмыстық дағдысына о бастан сіңген «Бесік құда». «Бесік құда» болу көңілі өте жақын, дос адамға ұсынылатын болған. Бұл – үлкен сыйластықтың нәтижесі. Өйткені мұндай уағдаластық әдетте екіжақты бұрынғыдан жақындата түскен. Өзара сыйластықты көріп өскен ұл-қыз да жаман болмасы хақ. Осылайша, бұл жоралғы ажырасуды мейлінше азайтатын. Себебі отбасын бұзу дәстүрлі қазақ жұртында күнә саналған. Сол себепті ата-бабаларымыз бесіктен белі шықпаған баланың тағдырын бүге-шігесіне дейін ойлап, ерте қамданған. Тіпті «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» дегенді берік ұстанып, әмеңгерлік институты арқылы жетім-жесірлердің көбеюіне жол бермеді. Алайда қазір қоғамда бұл салттың ізі де жоқ. Салдарынан елімізде ажырасу дерегі сейілмей тұр.
«Ал ажырасу салдарынан қоғамда жалғызілікті адамдар мен толық емес отбасылар көбейеді. Сондай-ақ ерлі-зайыптылар мен балалардың өміріндегі психикалық қиындықтар артып, демографиялық даму деңгейі төмендейді. Ең бастысы ұлттың зияткерлік сапасына Абай айтқан жастардың «толық адам» болып қалыптасуына кері әсер ететіні анық. Сондықтан ажырасу эпидемиясының салдарымен емес, себебімен күресу керек», дейді сарапшылар.
Жалпы, мемлекет тарапынан ұлттың сапасы мен сынына, қасиеті мен қабілетіне әсер ететін дерт – қоғамның өзегін өртеген ажырасу мәселесін болдырмау үшін бірқатар шара қолға алынған-ды. Нәтиже көрсетіп жатқандары да бар. Мәселен, елордадағы Алматы аудандық сотының судьясы Айгүл Молдыбаеваның сөзінше, «Отбасылық сот» қанатқақты жобасы аясында Астана қаласындағы Алматы, Сарыарқа, Байқоңыр, Есіл аудандарының сотына келіп түскен 5255 істің 2271-і оң шешілген. Яғни ерлі-зайыптылар татуласып, өтініштерін қайтарып алған. Олардың басым көпшілігі – жиырма бес пен отыз бес жас аралығындағы азаматтар.
– Бүгінде Татуласу орталығында 18 медиатор, 2 психолог жұмыс істейді. Мұнда заңгер, нотариус тегін қызмет көрсетеді. Статистикалық мәліметтерді салыстыратын болсақ, 2021 жылы – 3341, 2022 жылы 8024 өтініш түсті. Өзара татуласқан отбасылар 2021 жылы 1213, 2022 жылы 3347 болды. Ал заңгер кеңесіне 2021 жылы – 286, 2022 жылы 442 адам жүгінген. 2021 жылы – 258, 2022 жылы 470 жанға психологиялық көмек көрсетілді, – деді Татуласу орталығының басшысы Ләйлә Зинашева.