• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Ұстаз 19 Ақпан, 2023

Шәкірт жүрегіндегі ұстаз

823 рет
көрсетілді

Ұлағатты ұстазыңды есіңе алғанда, ет-жүрегің елжіреп, әлдеқайдан жаныңа бір жылы шуақ құйылып, көл-көсір мейірімге бөленетін кез болады. Сірә, бұл шәкірттің ұстазына деген құрметі, ризашылығы шығар. Шәкірт жүрегіне енген ұстаз – ең аяулы, ең қадірлі жан. Өз басым өмірде ұстаздан жолы болған адаммын. Қолыма қалам ұстаған жылдары көпке танылып, қандай да бір жетістікке жетсем, ол асыл ұстаздарымның арқасы.

Кеңес заманында шағын ауылдарда сегіз жылдық мектеп болатын. Орта мектепті аяқтау үшін түлектер маңайдағы мектеп-интернатқа барып, білімін жалғастыра­тын. Ал мен Үлгі сегіз жылдық мектебін біті­ріп, әрі қарай білімімді жалғастыруға Петропавл қаласындағы №2 Әбу Досмұ­хамедов атындағы қазақ мектеп-интерна­тын таңдадым. Облыс орталығындағы қара­шаңырақтың табалдырығын имене атта­ғаным әлі күнге дейін есімде. Қала көрмеген қарадомалақтарды мұнда жүзінен мейірім шуағы төгілген тамаша ұстаздар қарсы алды.

Қазақ тілі мен әдебиетінен Әлия Ғалым­қызы Малдыбаеваның бізге сабақ беретінін естігенде, шыны керек, қатты толқыдым. Әке­сі елімізге танымал журналист, атақты «Қырым қызының» авторы, белгілі қаламгер Ғалым Малдыбаевты өңірде білмейтін жан жоқ. Сондай әйгілі адамның қызынан білім алу – қандай бақыт. Ұстазымыз ажарлы, дау­сы күміс қоңыраудай сыңғырлап тұр екен. Ал аппақ жүзінен алтын шапақ нұр төгіліп тұр ғой. Сыныптағы отыз оқушы 45 минут бойы апайымызды мұқият тыңдаймыз. Содан бері отыз жылдан аса уақыт өтті. Баяғы ауылдан арман қуып келген қарагөздердің алды қазір ата-әже атанып отыр. Ал біздің Әлия Ғалымқызы бұрынғыша әдемі, ақ жүзіндегі оймақтай ғана қара мең артта қалған жәудір жастығының куәсіндей.

Қылышынан қан тамып тұрған кеңес заманында Қызылжардың «маңдайына» біткен жалғыз қарашаңырақ мектеп-интернатта тапжылмастан табаны күректей 43 жыл жұмыс істеу, ұстаздық ету – екінің бірінің тағдыр-талайына бұйырмаған бақ. Әрі бұл қажырлы еңбек пен төгілген тердің тәтті дәмі. Мерейлі мұғалім 43 жылда мыңдаған шәкіртті өмір баспалдағына ақ батасын беріп шығарып салды. Соның ішінде Әлия Ғалымқызының 100-ге жуық шәкірті өзінің жолын қуып, жер-жерде ұстаздық етіп жүр. Бұдан асқан бақыт бар ма.

С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін аяқтаған жас маман әкесі мен ағасы Шашу­байдың ақылын тыңдап, Петропавл қала­сындағы №2 қазақ мектеп-интернатына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасады. Ол кезде ұжым­­да бірыңғай жасы үлкен ұстаздар жұмыс істейтін. Жалпы, интернаттың жұмыс жүйе­сімен Әлия Ғалымқызы бұрыннан таныс. Мұнда алдындағы апа-ағалары Ақбаян мен Шашубай, сіңлісі Алма, інілері Алтай мен Шәкірбай оқыған. Жас мұғалімге ұжым­ға сіңісу қиындық туғызған жоқ. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Мәриям Мырзатаева оны қанатының астына алып, зор қамқорлық танытты. Ол кісіден үйренге­ні өте көп. Әсіресе оқушының дәп­терін тексеруге ерінбеуге, ол мұғалімнің грам­ма­тикалық сауаттылығын арттыратын тамаша әдіс екенін жете түсіндіргені Әлия Ғалымқызының осы күнге дейін есінде. Оқушыны кітап оқуға баулуға, сыныптан тыс оқу мәселесіне жете көңіл бөлуге үйреткені де жадында. Осылайша, өмір ағысына еркін ілесіп, еңбекпен табылған нанның тәтті екенін түсіне бастады. Өз пәніне деген құш­тарлық пен сүйіспеншілік күн санап арта берді. Кейіннен ұстаздың жолын қуған алғашқы шәкірттері де шыға бастады. Бұл ретте қазіргі күні М.Қозыбаев атындағы уни­верситеттің профессоры, фило­логия ғы­лы­мдарының кандидаты Жанар Таласбаева, Жанар Құлыбекова, ғылыми-зерттеуші Назым Өмірсейітова, Гүлнар Беке­нова, озық инно­вациялық әдістеме­лерімен елімізге таныла бастаған білікті ұстаз Зухра Ауғанбаева, тағы басқаларды атап өтуге болады.

– Тәуелсіздік өмірімізге жақсы өзгеріс әкелді. Ғұмырымдағы жауапты кезең осы тұс еді. 1989 жылы мемлекеттік тілге ерекше мәртебе берілген тұста өмір бойы «Петропавл орыс қаласы» деген пікірге де өзгеріс ене бас­тады. Сол уақытқа дейін қаладағы №2 мектеп қазақ тілінде білім беретін жалғыз оқу орны болатын. Одан кейінгі қарашаңырақ облыстық «Ленин туы» газеті-тін. Қаланың бәрі орыстілді қазақтар. Олардың балалары орыс мектебінде оқыды. Оның ішінде өзіміз ұстаздық еткен мектеп мұғалімдерінің балалары да бар. Облыс аумағында қазақ тілі мұғалімдері де тапшы еді. Қазақ мектеп­тері аз, қазақ тілі сабақтарына сағаттың аз бөлінетін кезі. 1989-1990 оқу жылында облыстық білім басқармасы мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру жайында ерекше бастама ұсынып, №2 қазақ мектеп-интернатының сол кездегі директоры Қарахан Сейітке өңірге тіл мамандарын даярлау үшін осы мектептен қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын арнайы сыныптар ашу мәселесін күн тәрті­біне қояды. Арнайы бұйрық шығарылды. Жауапты жұмыс маған жүктелді. Әрине, алғашқыда келіспедім. Қандай да бір түсінік хат, не оқулық, не бағдарламасы жоқ бұл сыныптарға сабақ беру жеңіл болмайтынын түсіндім. Бағдарлама 9-11-сыныптарға арналуы керек. Әйтсе де қарап отыратын уақыт жоқ, сонымен істі бастауға тура келді. Бағдарламаны өзім жасауға бел будым. Ғалымдардың еңбегіне сүйеніп, күн-түн отырып жаздым, сөйтіп, бағдарлама да дайын болды-ау, – деп еске алады қадірменді ұстаз.

Өткен күндер де тарих шежіресіне айналды. Осы оқиғаның өзі ерлікпен пара-пар еді. Сол тұстағы мектеп директоры, жалпы ұжым Әлия Ғалымқызына ерекше сенім артты, ал ұлағатты ұстаз сол үде­ден шыға білді. 1992 жылы тереңдетілген сынып­тың алғашқы қарлығаштары (22 оқушы) Петропавл, Көкшетау, Алматы және басқа да қалалардағы жоғары оқу орындарының филология факультеттеріне түсті. Әсіресе Петропавл мен Көкшетауға түлектер көп барды. Осылайша, тереңдетілген сыныпты үш сыныптың оқушылары бітіріп шықты. Әр сыныпқа 27 оқушы қабылданған еді. 1990 жылдардың басында М.Қозыбаев атындағы университетте де қазақ бөлімдері ашыла бастады. Соның бірі қазақ филологиясы факультеті-тін. Әлия Ғалымқызының шәкірттері факультеттің табалдырығын аттап, маман ретінде облыс аумағындағы мектептерге жұмысқа орналасты. Сол жылдары қазақ классикалық гимназиясы, №19 қазақ гимназиясы, №18 Әл-Фараби мектеп-лицейі, Ж.Тәшенов атындағы №20 мектептердің шаңырағы жарқырай көтерілді.

Ал Әлия Малдыбаева апайымыз қызмет атқаратын №2 қазақ мектеп-интернатының мәртебесі өзгеріп, Қазақ гимназиясы, кейін Дарынды балаларға мамандандырылған Кеңес Одағының Батыры Әбу Досмұхамедов атындағы мектеп-гимназиясына айналды. Дарынды балаларға білім беру мәселесі күр­делене түсті. Арнаулы курстар ашуға тура келді. Осы кезде де тығырықтан Әлия Ғалымқызының ұстаздық-зерттеушілік қыры алып шықты. Өңірдің оқулықтарға енбей қалған ақын-жазушыларының шығар­машы­­лығына арнап «Есіл өңірінің әдебиеті», «Мағжантану» сияқты бағдарламалар жаса­ды. Олардың ішінде Шал ақын, Әлі­бай Игібаев, Зейнел-Ғаби Иманбаев, Ахмет­жан Нұртазин, Ғалым Малдыбаев, Герольд Бельгер, Есләм Зікібаевтар болды. Бұл жергілікті ақын-жазушылардың шығар­машылығын таныс­тыру мақсатында 10-сы­нып­қа негізделген оқу жоспары-тын. Сол кездері ұстаздар қауымы Астана қаласын­дағы «Дарын» ғылы­ми-практикалық орталы­ғымен етене жұмыс істеді. Осы орталық­тың қолдауымен 8-сыныпта қазақ тілін бейін­дік оқыту, 5-сыныпта «Лексиканы оқыту» әдіс­темесі, 5-6-сынып оқушыларына арналған «Әдебиет – этноэкологиялық рухани бұлақ» деп аталатын әдістемелік құралдар жарыққа шықты.

Мұғалімнің жемісті еңбегінің нәтижесі білім жарысында көрінеді. 1988 жылы Ал­ма­­тыда қазақ тілі мен әдебиетінен тұң­­­ғыш рет республикалық олимпиада ұйым­дас­тырылды. Осы додада Әсия Ғалымжанқызының шәкірті Анар Нұрпейісова жүлделі екінші орынды иеленді. Ал 1991 жылы республикалық олимпиадада 9-сынып оқушысы Фарида Тұяқова І дәрежелі дипломмен марапатталды. Одан кейін Жанар Рамазанова топ жарып, жүлделі екінші орынды екі мәрте жеңіп алды. Ботагөз Сәдуақасова, Ақбота Әліпова, Нұржан Сейіл­беков және тағы да басқа оқушылар білім додасында жоғары нәтижесімен көзге түсті. Қазір осы шәкірттердің бәрі де жауапты қызмет атқарып, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүр.

Мектепте ұстаздық етіп жүрген жылдары Әлия Ғалымқызы республикалық, облыстық газет-журналдарға мазмұнды мақалалар, зерттеу еңбектері мен әдістемелік кеңестер жазды. Қарап отырсақ, олардың саны 400-ге жетіп жығылады екен. Солардың ішінде «Мағжанның ақындық-азаматтық тұлға­сы», «Абай жолы – халықтық педагогика­ның қайнар көзі», «Зейнел-Ғаби Иманбаев шығар­­машылығының көркемдік сипаты», «Қырым қызының» қырмызылығы туралы» (әкесі Ғ.Малдыбаевтың шығармашылығы жайында), «Тұншыққан тілге тыныс керек», «Ар-ұятым, асылым – тілім менің» секілді көкейкесті мәселелерге арналған материалдар қазіргі күннің өзекті тақырыбын қозғады. «Қазақстан мектебі», «Қазақстан мұғалімі» басылымдарында жастарға арналған көмекші әдістемелік нұсқаулықтары жарық көрді.

2005 жылы тіл саясатын жетілдіруге бай­ланысты Білім департаменті облыста қазақ тілі мен әдебиеті зертханасын ашу туралы бұйрық шығарды. Сенім бұл жолы да Әлия Ғалымқызының мойнына түсті. Сөйтіп, білікті ұстаз зертхана жетекшісі болып тағайындалды. Зертхана Әлия Ғалымқызы қызмет ететін №2 мектептің базасында ашылды. Оған 17 мұ­ғалім мүше болды. Әрине, оның көбі жас­­тар еді. Мақсат – ұлттық мектептерде қазақ тілін инновациялық тұрғыдан тиімді оқыту. Зертхана жұмысы аясында түрлі ашық сабақ үлгісі, тақырыптық семинарлар, өнер­лі оқушылардың шығармашылығын дамы­ту сияқты іс-тәжірибелер көрсетілді. Мәселен, Шал ақын ауданының Сергеевка қаласын­дағы №2 қазақ мектебінде, Аралағаш орта мектебі мен Бескөл қазақ мектебінде көшпелі зертхана отырыстары ұйымдастырылды. Кейін облыстық Білім жетілдіру институты­ның көмегі арқылы «Пайдалы нұсқаулық» ­деген атаумен жинақ жарыққа шығып, өңірге таратылды. Бұл да өңірдегі жас мамандарға көрсетілген үлкен қолдау еді.

2011 жылы аяулы ұстазымыз заңды түрде зейнеткерлікке шықты. Мектеп дирек­торы, марқұм Гүлжан Жұмашқызы оны босатқысы келмей, 2018 жылға дейін жұмыс істеуге мүмкіншілік берді. Әлия апайымыз аз сағат алып, мектеп мұражайының қызметін ретке келтірді. Ұстаздар мен оқушылардың мәлі­меттерін кеңейтіп жетілдірді. Бұл мек­теп­тің сонау 1935 жылы ашылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Міне, осындай игі істерді үлкен ыждаһаттылықпен атқарған Әлия Ғалымқызы қазір өмірлік қосағы Серік ағай екеуі немерелерінің ортасында шат-шадыман ғұмыр кешіп отыр.

Ұлы Мағжан ақыннан «Алты Алаштың баласы жиылса, төр – ұстаздікі» дейтін бір тамаша тәмсіл қалған. Адамзат қай кезеңде де ұстазға ерекше құрмет көрсетіп, пір тұт­қан. Ал маған мына жарық дүние аяулы ұстаздардың арқасында гүлденіп, құлпырып, шуақ шашып тұрғандай болады.

 

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ,

журналист, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты