Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Жетісу облысында бірқатар ірі өндіріс орнының жұмысымен танысты.
Министр Айдарлы ауылдық округіне қарасты «Sky Agro» ЖШС-ның қызанақ өсіретін жылыжайына барды. Мұндағы жұмыс барысымен серіктестік директоры Илмаз Кемаль таныстырды. Жылыжай 2016 жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның жалпы жобалық құны 7,2 миллиард теңгені құрайды. Негізінен томат өнімін шығаратын кәсіпорын жылына 750 тонна қызанақ өндіріп сатады. Серіктестік Алматы қаласының Алматы, Жетісу облыстарының тұрғындарын жыл бойы қызанақпен қамтамасыз етеді.
Одан кейін министр «Көктал Агро» ЖШС тауарлы-сүт фермасының жұмысымен танысты. Мың гектардан астам жерге жүгері, көпжылдық шөп өсіретін шаруашылықтың жемшөп базасы мығым. Сондықтан серіктестік 2,5 млрд теңгеге мың бастан астам сауын сиыр ұстай алатын кешенді қора салып, 2019 жылы тауарлы-сүт фермасын іске қосты. Серіктестік малын жыл бойғы жемшөппен өздері қамтамасыз етіп отыр. Министрге фермадағы ілкімді істерді ЖШС жетекшісі Жәнібек Оқанов көрсетіп, серіктестік жұмысының мән-жайын айтып берді.
Жаркент қаласында полипропиленнен жылына 48 миллион қап шығаратын зауыт құрылысы 2012 жылы пайдалануға берілген. Зауыттың жұмыс істеу жүйесі бірнеше цехтан тұрады. Мұнда бастапқыда мұнай қалдығынан алынатын 21030-16 маркалы полипропиленнен қыздырып еріту арқылы жіп иіріледі. Келесі кезекте ол жіп тоқылып, жалпақ материалға айналып, одан сұранысқа қарай сыйымдылығы 25-тен бастап, 150 килолық қаптар тігіледі. Қазір зауытта 552 адам ауысымдық жүйемен жұмыс істеп келеді.
«Зауыт өнімдеріне сұраныс жоғары. Сапалы тігілген қаптарға отандық тауар өндірушілермен қатар Ресей, Украина, Балтық жағалауы елдері тапсырыс береді», дейді министрге зауыт тіршілігін таныстырған ЖШС директоры Закир Кузиев.
Шаһардағы 2013 жылдан бері жүгері дәнін өңдейтін «Жаркент крахмал-сірне» зауыты – бүгінгі таңда қанатын кеңге жайған ірі өнеркәсіп орындарының бірі. Мұнда 292 адам тұрақты еңбек орнын тапқан. Зауыт өнімнің сапасын бақылайтын өз зертханасы бар.
Биыл Панфилов ауданының жүгерішілері жалпы 26 мың гектардан астам жерге жүгері егіп, 160 мың тоннадан жоғары өнім алған. Өткен жылмен салыстырғанда биыл өнім 20 мың тоннаға артық. Соның 100 мың тоннадан астамын «Жаркент крахмал-сірне» зауыты сатып алып, ұқсатуда. «Жаркент крахмал-сірне» зауытының жүгері дәнінен өңдеген өнімдерін еліміздегі «Рахат», «Трейдинг қағазы», «Хамле», «Іле картон-қағаз комбинаты», «Жамбыл гипс», «Рудстройсервис», «Қазупак», АХБК компаниялары сатып алады. Зауыт өніміне шетелдерден де тапсырыстар бар.
Ауыл шаруашылығы министрі өңірдегі өндіріс орындарын аралаумен қатар сапар барысында «Универсал» ЖШС жиынжайында ауылшаруашылық еңбеккерлерімен кездесіп, актив жиынын өткізді. Басқосуда министр еліміздегі агроөнеркәсіп өндірісінің жаңалықтарын жеткізді. Сонымен қатар Жетісу облысы еңбеккерлерінің өткен жылғы өндірістегі жетістіктері сараланды. Биыл атқарылатын жұмыс жоспарлары талқыланды.
Кездесуден кейін жеке мәселелері бойынша аудан тұрғындарын қабылдаған министр ұсыныс-өтініштерді Үкімет отырысында талдап, шешім қабылдайтынын мәлімдеді.
Жетісу облысы