• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қысқы спорт 20 Ақпан, 2023

Скандинавиялықтар жүрістерінен жаңылған жоқ

202 рет
көрсетілді

Германияның Оберхоф қаласында биатлоннан кезекті әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. 11 күнге жалғасқан дүниежүзілік додада жер-жаһанның әр қиырынан келген спортшылар 12 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Оның тең жартысына жуығын норвегиялық биатлоншылар жеңіп алды.

Қысқы спорт жарыстарында жүлде біткеннің бәрін күреп алатын скандинавиялықтар бұл жолы да алдарына жан салмады. Мәселен, ерлер арасындағы жекелей жарыстың үшеуінде 17 дүркін әлем чемпионы, бес дүркін Олимпия ойындарының жеңімпазы норвегиялық са­йып­қыран Йоханнес Тиннес Бе қарсылас шақ келтірген жоқ. Белердің кішісі (Тарьей Бенің інісі) Германияда 10 шақы­рым­дық спринтте, 12,5 ша­қы­рымдық із кесу жарысында және 20 шақырымға жекелей жарысуда мәреге бірінші жетті.

Ал 15 шақырымдық масс-стартта 25 жастағы швециялық Олимпиада чемпионы Себастьян Самуэльссон төрт оқ ату ай­ла­ғында барлық нысананы дәл көздеп, Йоханнес Бенің алдын орап кетті. Бұл сында екінші орынды 2021 жылғы әлем чемпионы Мартин Понсилуома иеленсе, оқ ату кезеңінде небәрі бір мәрте қиыс кеткен Йоханнес Бе үшінші орында қалып қой­ды. Швециялық Себастьян Са­муэльссон өз карьерасында тұң­ғыш рет әлем чемпионы атан­ғанын айта кеткен жөн.

Ерлер арасындағы 4×7,5 шақырымдық эстафетада құ­рамында екі дүркін Олимпиада чемпионы Кантен Фийон Майе, үш мәрте әлем біріншілігінде бас жүлде олжалаған Эмильен Жаклен, Бейжің Олим­пиа­­да­сының эстафетадағы күміс жүл­дегері Фабьен Клод және әлем чемпионы Антонен Ги­гонна бар Франция құрамасы чем­пион атанды. Олар аталған қашық­тықты 1 сағат 21 минут 48 секунд ішінде бағындырып, оқ ату кезеңінде төрт спортшы 10 мәрте нысанадан мүлт кетті. Күміс жүл­де Франция құрамасынан 38 секунд қалып қойған Норвегия (Ветле Шостад Кристиансен, Тарьей Бе, Йоханнес Тиннес Бе, Стурла Холм Лагрейд) биат­лоншыларына бұйырды. Үз­дік үштікті Швеция құрамасы түйін­деді.

Әйелдер арасындағы бәсекеде швециялық Ханна Эбергтің бақ жұлдызы жанды. Қысқы Олимпия ойындарының екі дүркін жеңімпазы 27 жастағы Эберг 15 шақырымдық жекелей жарыс пен 12,5 шақырымға жал­ғасқан масс-стартта бірінші болды. 7,5 шақырымдық спринт­те 34 жастағы Бейжің Олим­пиа­­дасының чемпионы, гер­ма­ниялық Дениз Херрман-Вик, 10 шақырымдық із кесуде Франция құрамасының мақтанышы, әлем чемпионы, Олимпиаданың күміс жүлдегері Жюлья Симон алтыннан алқа тақты.

Ал 4×6 шақырымдық эстафетада Италия құрамасы (Самуэла Комола, Доротея Вирер, Ханна Аушенталлер, Лиза Виттоцци) өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанды. Күміс жүлдені Германия (Ванесса Фойгт, Ханна Кебингер, София Шнайдер, Денис Херрман-Вик) жеңіп алса, қола жүлде швециялық квартетке (Линн Перссон, Анна Магнуссон, Эльвира Эберг, Ханна Эберг) бұйырды.

Аралас эстафетада Норвегия құрамасы (Ингрид Тандревольд, Марте Олсбю-Ройселанн, Стур­ла Холм Легрейд, Йоханнес Тин­нес Бе) үздік шықса, жекелей аралас эстафетада да сканди­на­виялықтар – Марте Олсбю-Ройселанн мен Йоханнес Тиннес Бе бас жүлдені ешкімге берген жоқ.

Осылайша, Оберхофтағы биатлоннан биылғы әлем чем­пионатының жалпыкомандалық есебінде 5 алтын, 5 күміс, 3 қола медаль жеңіп алған Норвегия биатлоншылары көш бастады. Екінші орынға Швеция (3 алтын, 3 күміс, 5 қола) спортшылары орналасса, Франция құрамасы (2 алтын, 2 қола) үшінші орынға табан тіреді. Кейінгі орындарға Германия (1 алтын, 2 күміс), Италия (1 алтын, 1 күміс, 2 қола) және Аустрия (1 күміс) жай­ғасты. Жалпы, Германиядағы әлем біріншілігіне 37 ұлттық құ­ра­маның 308 биатлоншысы (ерлер – 164, әйелдер – 144) қатысты. Олардың қатарында Қазақстан биатлоншылары да бар екенін айта кетейік.