• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Маусым, 2014

Қылмысты ашу – қылмысқа тұсау салу

1226 рет
көрсетілді

23 маусым күні полиция қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтеді. Ішкі істер органдарының алдыңғы қатардағы және маңызды қыз­меттерінің бірі болып саналатын криминалдық полиция қызметкерлерінің қылмысқа қарсы күреске, құқық тәртібін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосар үлесі зор. Осы орайда, біз Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция комитетінің төрағасы, полиция полковнигі Жанат СҮЛЕЙМЕНОВКЕ жолығып, кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, атқарылып жатқан қызмет барысы туралы әңгімелескен едік. – Жанат Қуанышұлы, сіз жетекші­лік ететін сала қыз­мет­керлерінің ісі ішкі істер орган­дарының атына сай ең негіз­гі міндеттердің бірі екені бел­гілі. Сондықтан алдымен, атқа­рылып жатқан шараларға тоқталып өтсеңіз. – Иә, криминалдық полиция қыз­меткерлерінің еңбегі ерен еке­ні сөзсіз. Атқарылып жатқан орасан жұмыстардың арқасында сол нег­ізгі міндеттер орындалып жатыр. Мәселен, ағымдағы жылы алға қойған міндеттерді орындай отырып, құқық тәртібін, қылмысқа қарсы күресті нығайту бойынша қабылданған ұйымдастырушылық және практикалық шаралар елімізде криминогендік жағдайға бақылау жасауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етті. Тіркелген ауыр және аса ауыр қылмыстардың саны өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 27,4 %-дан (14391-ден 101447-ге) 22,1 %-ға (1085-тен 845-ке) төмендеді. Адам өлті­ру қылмысының тіркелген саны 20,4 %-ға (485-тен 386-ға) қыс­қар­ған. Қарақшылық саны да айтар­лықтай 47,9 %-ға (792-ден 413-ке) төмендеді. Онша ауыр емес жә­не ауырлығы орташа қыл­мыс­тар­дың саны да біршама азайды. Жалпы, қылмыстарды ашу көр­сет­кіші өткен жылдың осы кезеңі­мен салыс­тыр­ғанда едәуір артып отыр. Мәселен, ауыр қылмыстарды ашу 10,2 % (32,6-дан 42,8), аса ауыр қылмыстар 2,6 % (62,5-тен 65,1), кісі өлтіру қылмыстарын ашу 6,3 % (62,6-дан 68,9), денеге ауыр зиян келтіру – 10,3 % (56,8-ден 67,1), зорлау – 12,6 % (52,4-тен 65,0), бұзақылықты ашу 8,4 %-ға (29,4-тен 37,8) өсті. Сонымен қатар, мал ұрлығын ашу көрсеткіші 18,1 % (28,6-дан 46,7), бопсалауды ашу 18,2 %-ға (47,8-ден 66,0) артқан. Тонау, алаяқ­тық қыл­мыс­тарын ашуда да жақсы көрсеткіштер бар. Кри­ми­налдық полиция комитеті қыз­мет­керлерінің қатысуымен ашылған аты-шулы қылмыстар да аз емес. – Сол ірі қылмыстарды ашу барысы туралы да айтсаңыз. – Ағымдағы жылдың қаңтар айында Батыс Қазақстан облысында есімі белгілі бір кәсіпкердің үйіне қарулы қарақшылық шабуыл жасалып, бетперде киген қылмыскерлер үй иесін өлтіріп, зайыбына ауыр дене жарақаттарын салған оқиға орын алды. Адам өлтірген қарақшылар ірі көлемдегі ақшалай қаражат пен алтын бұйымдарды иеленген. Бұл қоғамдық толқу тудырған қылмысты ашу үшін тез арада жедел-тергеу тобы құрылып, Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция коми­тетінің қызметкерлері Батыс Қа­зақстан облысына іссапарға жіберілді. Қарақшылық шабуыл мен қасақана кісі өлтіру фактісін ашу және тергеу бойынша үлкен көлемде жұмыстар жүргізілді. Жәбірленушілердің барлық таныстары мен айналасындағы адамдар мұқият тексерілді. Ішкі істер органдарының барлық мүм­кіндіктері, күштері мен құралдары кеңінен пайдаланылды. Әрине, қылмысты ашу және істі жүргізу барысында көптеген қиын­дықтар туындады. Айғақ заттар­ды табуда ауа райының қолай­сыздығы, қатты аяздар біраз кедергілер келтірді. Соған қара­мастан, қылмыс ашылды. Күні-түні тынымсыз еңбек өз нәтижесін берді. Қысқа мерзімде күдіктілер анықталып, оларды ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Бұрын сотталған үш күдікті ұсталды. Қылмыскерлер аталған қылмысты жасауға мұқият дайындалғаны белгілі болды. Қарақшылық шабуылды жасау туралы жоспарды өзінің сыбайлас­тарына жәбірленушінің байлығынан хабардар, көрші ауылда тұрған 28 жастағы бұрын сотталған ұсынған. Ол кәсіпкердің үйін көрсетіп, оның күзетілмейтінін, терезелерде торлардың жоқтығын айтқан. Сөйтіп, бұл ойды құп алған, яғни аса ауыр қылмысты ұйымдастырып бұрын бірнеше рет сотталған, соңғы жазасын аз ғана уақыт бұрын өтеп шыққан 33 жастағы екінші қандыбалақ қылмыскер тез арада арнайы жоспар құрып, әрқайсысының рөлін белгілеген. Ал үшінші қылмыскер, яғни 36 жастағы Орал қаласының тұрғыны жеке автомашинасын қылмыс жасауға пайдаланған. Қарақшылар кейін жасанды мұрт қойып, түрлерін өзгерткісі келгендеріне қарамастан ұсталды, жазадан құтылмады. Қылмыстық іс сотқа жіберіліп, қазіргі уақытта сот процесі өтуде. – Демек, қатыгез қылмыс­кер­лер енді лайықты жазасын алатыны анық қой. Бұдан басқа Криминалдық полиция коми­те­ті қызметкерлерінің қатысуы­мен тағы қандай ауыр қылмыс ашылғанын айта аласыз? – Өткен жылы қыркүйекте Ал­маты қа­ла­сында Желтоқсан және Сәтбаев көше­лерінің қиылысында «Трэвел Экспресс» ЖШС-нің инкассаторларына оқ атылып, қа­рақ­шылық шабуыл жасалды. Нәтижесінде, ауыр жарақат алған бір инкассатор оқиға орнында қайтыс болды. Екінші инкассатор жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Қылмыскерлерге қар­сылық көрсетіп, тапанша қол­данған өзге инкассаторлардан сес­кенген қылмыскерлер ақша салынған сөмкені ала алмай оқиға орнынан қашуға мәжбүр болды. Содан бұл қылмысты ашу­ға анағұрлым тәжірибелі қыз­мет­керлер жұмылдырылып, жедел-тергеу тобы құрылды. Қала­дағы 35 бейнебақылау камералары тексерілді, маңайдағы әрбір үй, пәтер тұрғындарынан, куәгерлерден жауаптар алынды. Куәлердің көрсетуі бойынша күдіктілердің бейне кескіні жасалды. Бейне-бақылау камераларының біріне ілінген бейнетаспа алынып, жан-жақты зерделеу жүргізілді. Тергеудің алдыңғы сатысында туындаған көптеген қиындықтарға қарамастан, қылмыстық істі ашу және тергеу бойынша жұмысты сауатты ұйымдастырудың, қыз­мет­керлердің тәжірибелі іс-қимы­лының арқасында тағы да қоғам­дық толқу тудырған аса ауыр қыл­мыс қысқа мерзімде ашылды. Алматы қаласында уақытша тұрып жатқан 1975 және 1980 жылы туған екі азамат ұсталып, қыл­мыс­тық жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта олардың біреуі 19, екіншісі 20 жылға сотталып, жазаларын қатаң мерзімдегі колонияда өтеуде. – Дұрыс екен. Заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуда ай­тарлықтай нәтижелерге қол жеткізіледі дейсіз ғой. Ал іздеудегі қауіпті қылмыскерлерге қарсы қандай шаралар қабылдануда? – Іздестіруде жүрген аса қау­іпті қылмыскерлерді ұстау бойынша көптеген табысты операциялар өткізілді. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде іздеуде болған 2 мыңға жуық қылмыскер анықталып, ұсталды. 2013 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен «2010 жылғы 10 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қаты­сушы мемлекеттердің адамдарды мемле­кет­аралық іздестіру шарты» ратификацияланды. Қазіргі уақытта аталған Шартты іске асыру бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Басқа мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен тығыз өзара іс-қимыл ж­а­са­судың нәтижесінде ағымдағы жылғы ақ­панда Астана қаласында барсетка ұрлап және бір азаматты тонауға оқталған қылмыс үстінде грузин азаматы ұсталды. Тергеу барысында күдіктіні тексеру кезінде оның Тбилиси қаласында кісі өлтіргені және қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін іздеуде болғаны, сондай-ақ, Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласының ІІББ аталған азаматты ұрлық жасағаны үшін іздеу жариялағаны анықталды. Қылмыскер Өзбекстанда барсетка ұрлаумен айналысып, тонауды кәсіп етіп келген. Ағымдағы жылдың маусым айында қыл­мыс­керді Астана қаласының аудандық соты бір жылға бас бостандығынан айыруға соттады. Басқа мемлекеттерде жасаған қылмыстары үшін де алдағы уақытта жазасын алатын болады. Мұндай мысалдар аз емес. – Қазіргі уақытта ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесуде не атқарылып жатыр? – Ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекеттерінің жолын кесу бойынша қатаң және табанды шаралар қабылданды. Нәтижесінде 1094 қылмыстық іс қозғалды, 158 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ұйымдасқан қылмыс желісі бойынша іздеуде болған 15 адам ұсталды. Заңсыз айналымнан 49 бірлік атыс қаруы, 500 килоға жуық есірткі құралдары тәркіленді. Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарымен бірлесіп атқарған жұмыстың, қоян-қолтық іс-қимылдың нәтижесінде Мәскеу қаласында бұрын Қазақстан Республикасында бірнеше рет сотталған 41 жастағы қауіпті қыл­мыскер ұсталды. Ол еліміздің түзеу мекемелеріндегі криминогендік ахуалға теріс ықпал етуге тырысып, өзінің идеологиясын таратқысы келген. Осылайша, Қазақстан мен Ресей ІІМ қызметкерлерінің бірлесіп қабылдаған шаралары барысында трансұлттық қылмыстық қоғамдастық өкілінің қылмыстық әрекетінің жолы кесілді. Қа­зір­гі уақытта оған Қазақстан Рес­пуб­ликасы Қылмыстық кодексінің бірнеше баптары бойынша айып тағылып, қылмыстық жауапқа тартылды. – Экстремистік ба­ғыт­тағы қыл­мыс­тар да бейбіт ха­лық­тың тыныштығын бұза­ты­ны белгілі. Бұл қауіптің алдын алуда не атқарылып жатыр? – Ағымдағы жылдың 5 айында ішкі істер органдары экстремистік сипаттағы қылмыс белгілері бойынша 14 қылмыстық іс қозғап, 126 құқық бұзушылықты анықтады. Мәселен, Алматы облысының ІІД-іне Ресей Федерациясындағы ресми электронды сайттардың біріне Қазақстан аумағында теракт жасалатыны туралы хабар түскені белгілі болды. Арнайы арналар арқылы терроризм актісі туралы жалған ақпаратты растайтын материалдар алынды. Жалған хабар таратқан Алматы облысының 50 жастағы тұрғыны анықталып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта ақпарат таратушы қылмыскер үш жылға сотталды. Сол сияқты осыған ұқсас қылмыстары үшін 192 азамат ұсталды, оның 51-і сот арқылы жауапкершілікке тартылды. Заңсыз миссионерлік қызмет үшін 40 Қазақстан азаматы және басқа мемлекеттердің 12 азаматы ұсталды. – Комитеттің тағы бір маңыз­ды міндеттерінің бірі кибер қыл­мыс­қа, яғни, компьютерлік техно­логияларды пайдаланумен жа­салатын қылмыстарға қар­сы күресті күшейту болып та­бы­­ла­тынын білеміз. Интернет ар­қы­­лы жасалатын қылмыстар саны артып бара жатқан жоқ па? – Иә, ағымдағы жылдың басы­нан бері 890 компьютерлік құқық бұзушылықтар анықталған, дегенмен, олар бойынша 216 қыл­мыстық іс қозғалды. Бұлардың 25-і ақпараттық технологияларды пайдаланумен жасалған ұрлық, ал 45-і жоғары технологияларды пайдаланумен жасалған алаяқтық қылмыстар. Сонымен қатар, бұл бағытта жасырын жұмыс істеген 7 цех анықталды. Криминалдық полиция коми­тетінің қызметкерлері, өзіңіз айт­қандай, Интернет саласында қашықтықтан банктік қызмет көр­сету (ҚБҚК) жүйесінің көмегімен қа­зақстандық банктердегі есепшоттардан ақшалай қара­жат ұрлаумен айналысқан ұйым­дас­қан топ қызметінің жолын кесті. Бұл топ Астана, Алматы қала­ларының және басқа да облыс орталықтарының аума­ғын­да әрекет еткен. Қылмыс құр­бан­дарының пошталық мекенжайларына салық органының атынан жіберілген электрондық хатқа бекітілген зиянкес бағдарламаның көмегімен қылмыскерлер компьютерде сақталатын ақпаратқа қол жеткізіп, клавишалардың комбинацияларын, оның ішінде, ҚБҚК жүйесіне кіру парольдарын алып отырған. Іздеу, тексеру нәтижесінде бұл алаяқтар электронды қар­жы­лық басқаруға рұқсаты бар түрлі компаниялардың бухгалте­риясының қызметкерлері екен. Олар жеке басын куәландыратын жалған құжаттар дайындап, содан кейін алдамшы салым иелерінің өтініші бойынша қолдан жасалған жалған құжат бойынша банк филиалдарында есепшот ашып, оған ақшалай қаражат аударылған. Кейін оларды қолма-қол ақшаға айырбастап отырған. Осындай жолмен топ мүшелері қарапайым салымшылардың 300 миллионнан астам теңгесін жымқырған. Бірақ, біз оны дер кезінде анықтап, әшкереледік. – Криминалдық полиция комитеті­нің жедел-қыз­мет­тік жұмысының тиім­ді­­лігін арттыруда қандай ұйым­дас­ты­ру­­шылық-практикалық ша­ралар қабыл­дануда? – Қызметтің тиімділігін арттыруда жо­ғарыда атап өткен шаралардан басқа да бірқатар жұмыстар атқарылды. Заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыстарды үзбей жалғастырып келеміз. Өткен жылы «Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне адам саудасына қар­сы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Аталған заңмен адамды қайыр сұратуға мәжбүрлегені және ком­мер­циялық емес сексуалдық құлдыққа тарт­қаны, сондай-ақ, кәмелетке тол­ма­ғандарға қатысты еңбек заңна­масын бұзғаны үшін жауап­кер­­ші­ліктер енгізілді. Бұдан басқа жеке және заңды тұлға­лар­­дың осы саладағы әкімшілік жауап­кер­шіліктері белгіленді. Қылмысқа қарсы күресте құқық қор­ғау және арнайы органдармен, басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізуге арналған бірлескен жос­парлар бар. Ішкі істер органдарының қыз­меттері арасындағы өзара іс-қимылдың тиім­ділігін арттыру бойынша бірқатар нормативтік құжаттар әзірленді. Сонымен бірге, қолданыстағы заңнамаларға азамат­тардың хабарсыз кету фактілері бойын­ша қылмыстық іс қозғау бөлігінде өзге­рістер мен толықтырулар енгізілді. Же­дел-іздестіру жұмысын жетілдіру үшін бірқатар бұйрықтарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, сондай-ақ, экстремизмге, ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ведомстволық бұйрықтар мен нұсқаулықтар бекітілді. Қылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі норма­тивтік-құқықтық актілерге, заңна­малық базаларға, интернет ресурс­тарға мониторинг жүргізіп отырамыз. Бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2012-2014 жылдарға арналған бағдарлама қабылданып, іске асырылуда. Нәтижесінде елімізде тіркелген ұрлық саны 2,7 %-ға (82830-дан 80623-ке) кемісе, ал оларды ашу 12,4 %-ға (16,8-ден 29,2) артты. Пәтер ұрлығы 5,0 %-ға (19066-дан 18120) төмендеді, оларды ашу 12,8 %-ға (14,0-ден 26,8) өсті. Осылайша, сұрағыңызға жауабымды аяқтай келе айтарым, Криминалдық полиция комитеті қызметкерлерінің қылмысқа қарсы күресте, әділдік орнатуда атқарар ісі аз емес дегім келеді. Өйткені, кез келген қылмысты аша білу, қылмыскерлерге қылмыс жасаудан үркуі үшін алдын ала құрылатын тұсау болмақ. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».