Халықты әбігерге салып, дәрігердің алдына апаратын сарып дерті оңтүстік өңірдің тұрғындарын алаңдатып отыр. Басқа-басқа, Жамбыл облысында жыл сайын орташа есеппен 150-ге жуық азамат бруцеллездің жеделдетілген түріне шалдығады. Дертке душар болғандардың әрбір үшіншісі ауыр түрін жұқтырып алады.
Мамандар келтірген деректерге сенсек, бруцеллез дертін жұқтырғандардың әрбір бесіншісі балалар мен жасөспірімдер екен. Індетке шалдыққандардың 15 пайыздан астамында ауру созылмалы түріне ауысып, ондаған жылдар бойы адам баласының жүйкесін жұқартады.
«Ауру адамның дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріліп, бас ауруы, қалтырау, әлсіздік секілді белгілер байқалады. Содан кейін буындарда ауырсыну мен ісіну, жүрек-қан тамырлары, жүйке, урогенитальды жүйелердің зақымдануы пайда болады. Бұл құбылыстар кейде жоқ болып кетіп, кейін қайта өршіп, ұзақ уақыт бойы жалғасып, мүгедектік пен жұмысқа жарамсыздыққа әкеліп соқтыруы мүмкін», дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологі, жұқпалы аурулар ауруханасының консультативтік-әдістемелік орталығының басшысы Гүлфайра Мырзабекова.
Г.Мырзабекованың айтуынша, 2022 жылы өңірдің 103 тұрғыны сарып дертін жұқтырған. Олардың 26-сы – балалар мен жасөспірімдер. Жасөспірімдердің бруцеллез дертіне жиі шалдыға бастауы кімді де болсын ойландырмай қоймайды.
Бруцеллез дертімен жасөспірімдердің жиі ауыра бастағаны байқалады. Анығырақ айтар болсақ, бала денсаулығын қорғау жөніндегі іс-шаралар ұйымдастырудың қиындағаны бізді алаңдатады. Мысалы, бұрын балалар мен жасөспірімдерді мал шаруашылығына жұмылдырғаны үшін нормативті бұзған тұлғалар дер кезінде тиісті жазасын алатын. Қазіргі уақытта төрт түлік малдың негізгі бөлігі жеке қолда болып, малды күту жұмыстарына жас та, жасамыс та білек сыбанып кіріседі. Бұл өз кезегінде емделуі қиын ауруды жас ұрпақтың жиі жұқтыруына әкеліп отыр.
«Жыл сайын және осы жылдың мал төлдету науқаны алдында аудан әкімдеріне, құзырлы мекемелерге және аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына індеттің алдын алу мақсатында кешенді іс-шараларды жүргізу үшін хат жолданған еді. Өткен жылы бұл түйткіл облыс әкімінің аппараттық кеңес отырысында, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мен денсаулық сақтау басқармасының алқа отырыстарында талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды. Бүгінгі таңда ветеринарлық және денсаулық сақтау мекемелерімен біріккен 3 айлық жарияланып, індеттің алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Ұжымдарда әдістемелік іс-шаралар, халық арасында санитарлық ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстары, оның ішінде ауыл шаруашылығы жануарларын күтіп-баптау кезінде жеке гигиена ережелерін сақтау мәселелері қамтылған», дейді жауапты маман.
Оның айтуынша, малды сатып алған кезде ветеринарлық анықтаманы сұрағаннан ешкім ұтылмайды. Бұл өз кезегінде індеттен сақтануға кепіл болмақ. Бруцеллезбен ауырған малды өзге төрт түліктің ортасына қоспау керек. Алайда бұрындары туындаған мұндай мәселелерге алдағы уақытта жол берілмейді. Өйткені, адам саулығы – бәрінен де қымбат.
Жамбыл облысы