• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 21 Ақпан, 2023

Горький және біз

348 рет
көрсетілді

Өмірі аңызға айналмаған алып тұлғалар некен-саяқ. Әсіресе әдебиетте шебер суреткердің жарық сәулесі шекара асып, түу шалғайға дейін түседі. Мәселен, қазақ әдебиетіне Горькийдің тигізген әсері ұшан-теңіз. Ең алғаш Горькийді танып, оның орасан ұлылығын, өмірдің өзіне ұқсайтын қарапайымдылығын, ұсақ ұлт әдебиетінің өсуіне деген адал ойын ұға білген қаламгерлер болды.

Соның ішінде Сәкен Сейфуллинді бірінші айтамыз. «Совет жерінің ұлы жазушысының ұмытылмас жанды бейнесі менің жүрегімде мәңгі сақталады және ол жүрегімнің соғуы тоқталғанша өшпек емес», деп толға­ды ақын. Ал Ілияс Жансүгіров бұ­ры­­нырақта Горькийге жолығып, өз аудармасын бетпе-бет отырып оқып берген-ді. Сонда: «Мен оған «Дауыл­паз жырының» өзім жасаған аудар­масын оқып бердім, ол ерекше ықыласпен тыңдады. Содан соң ол менің қолымды қысып тұрып: «Қазақ тілін білмегеніммен, сіздің мені түсінгеніңізді сеземін», деп толқи сөйледі», деген.

Горький шығармалары тұңғыш рет жиырмасыншы жылдардың бас кезінде арагідік аударылса да жаппай жұмыла кірісу сезілмеп еді. Әдебиетіміздің енді-енді қанат жайған тұсында қыран-құс алып жазушыны өз деңгейінде аударуға мұрша болмағандай. Сөйтсе де, Горькийдің шағын әңгімелері жиыр­масыншы жылдардың екінші жартысында оқтын-оқтын жарияланып жатты. «Дауылпаз жыры», «Бақ» (аударған Мәжит Дәулетбаев), «1905 жыл» (аударған Нәзипа Құлжанова), «Суайт сарышымшық пен шыншыл тоқылдақ», «Сабаз», «Герой» (аударған Сәйділ Талжанов) шығармалары қазақша сөйледі.

«Мен жазуды қалай үйрендім» деген Горькийдің мақаласын сол кездің өзінде-ақ Ілияс Жансүгіров аударып бастырды. Дауылпаз жазушының шығар­машылығы мен өмірбаянын баршаға таныстыру үшін Анатолий Луначарский әйгілі мақала жазып жариялаған еді. Бұл іргелі еңбекті Ғабит Мүсірепов өз ана тіліне тәржімалады. «Мәдениет төң­ке­рісі мен осы күнгі әдебиет» атты туын­дыны да қазақ тілінде берген Мүсі­­репов болатын. Осы бір тұста қазақ авторлары Горькийдің өмірі мен шы­ғар­машылығына арнап жекелеген әдеби мақалалар да шығарды. Аударма ісіне мұндай еңбектердің көп септігі тиді. «Адамның анасы», «Өлімді жеңген ана» әңгімелерін Ғабит Мүсірепов сол уақытта аударды. Кейін «Ана» романына кірісті. Айта кетейік, бұл роман қазақ, татар, өзбек әдебиетіне көп ықпалын тигізді. Татар әдебиетінің классигі Ғалымжан Ибрагимов жазған «Бізнің күнләрі», Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі», өзбек әдебиетінің классигі Абдулла Қадиридің (Жұлқынбайдың) «Өткен күнләрі» – әрқилы ұлттық арна­да берілген көлемді романдар. Бұлар­дың әрқайсысы да – белгілі бір мөлшерде Горький өрнегін алған үлгілі туындылар.

Ал 1935 жылы Мұхаметжан Қа­ра­таев «Менің университетімді», Рахым Уәлиахметов «В.И.Ленинді» қазақ­шалады. 1936 жылы Ғ.Мүсірепов «Адам­ның тууын», Назыр Ноғайұлы «Кісі есігіндегіні» аударды. Ишахат Бегалиев «Балалық шақты» қазақ оқыр­­манына 1939 жылы жеткізді. Әрі қарай жалғай берсек, Горькийге қалам тигізген аудармашылар жетерлік. Дегенмен жылдан жыл озған сайын әдебиетіміз де ны­ғайып, қазақ тілінің нормалары қалып­таса бастады. Осы бір кезеңде орта буын өсіп, жаңа есімдер толқыны үдеді. Құрманбек Сағын­­­дықов, Мұхтар Жанғалин, Омарға­­зы Оспанов, Қалижан Бекхо­жин, Айтбай Хангельдин, Әбді­жәміл Нұрпейі­сов, Қуандық Шаң­ғыт­баев, Жүсіп Алтайбаев тәрізді талантты авторлар лек-легімен көрініп жат­ты. Олардың қарулы қаламдары бір­та­­лай табысқа жетті. «Ана» романы, «Ба­ла­лық шақ», «Кісі есігінде», «Шыңы­рау түбінде», «Егор Булычев», «Васса Же­лез­­но­ва», «Дұшпандар», «Мещан­дар», «Құш­наш кемпірдің әңгімелері», «Ита­лия ертегілері», «Фома Гордеев» романын ауыл оқырманы қызыға оқыды.

Заманның заңғар жазушысының айналасына түсірер шуағы да орасан. Аудармашы Сәйділ Талжанов бір мақаласында дауылпаз қаламгермен жазуда «жүздескендердің» бәрі Горькийше толғануға тырысты дейді.

«Біздің әдебиетте ана бейнесін жаңа­ша суреттеуді Ғабит Мүсірепов баста­ған­дай. Бұл жөнінде оның қаламынан шыққан ана жайындағы новеллалары көкейіңнен кетпейді. Сәбит Мұқановтың «Менің мектептерім», Саттар Ерубаев жазған «Менің құрдастарым» атты ро­мандарда да Горькийдің әсері, әсіре­се «Менің университетім» деген туын­дының күшті әсері сиқырлы самалдай есіп тұрады. Алайда осылардың бәрі де өзінің ұлттық шеңберінен шықпаған төл еңбектер», деп жазады ол.

Иә, әсіресе кешегі кеңес қоғамында қазақ жазушылары да, оқырмандар да Горькийді көптен оқиды әрі көптеп оқиды. Горькийден өнеге алмаған, оған ұқсамаған һәм ұқсауға талпынбаған қалам­гер некен-саяқ. Баяғыда 1930 жылы бір жас жазушы: «Көбінесе қандай материалға сүйенесіз?» деп сұрап­ты. Сонда Горький: «Көбінесе өз өмірімнің материалына сүйенемін, бірақ негізгі әрекет иесі өзім болып көрінуден қашамын, оның үстіне өмір хақында сөз толғаған өзіме тұсау болмас үшін, өзімді уақиғалардың куәсі ретінде қатыстырамын... Өйткені автор, біреуді сыпаттаймын деп, өзіне өзі сүйсініп, өзінің ақылына, біліміне, сөзінің ұтқырлығына, көзінің қырағылығына масаттанар болса, «көркем шындық» деп аталатын нәрсені бүлдіреді...» деген екен. Осы бір үзіндінің өзінен де талай-талай өнегелі ойдың сарынын ұғуға болады.