• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 22 Ақпан, 2023

Биыл егіс алқаптары ұлғаяды - Ербол Қарашөкеев

304 рет
көрсетілді

Биыл қазақстандық шаруалар күнбағыс, көкөніс және бақша дақылдарының, сондай-ақ картоптың егістік алқаптарын ұлғайтуға ниетті. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкіметте ведомствоның алдағы көктемгі егіс науқанына арналған жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл егіс алқабы 23,4 гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда  68,6 мың гектарға артық. 2023 жылы дәнді дақылдар, бұршақ және жемшөп дақылдары, қант қызылшасы мен күріш дақылдарын көбейту жоспарланып отыр.  Ал мақсары, соя және қыша сияқты майлы дақылдар аз егілуі мүмкін. Сондай-ақ мақта алқаптары қысқарады деп болжанып отыр. Министрдің айтуынша, жоспарланған егіс көлемі ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті болады.

Көктемгі егіс жұмыстарын сапалы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер оңтайлы мерзімде қажетті ресурстармен қамтамасыз етіледі. Қазір арнайы техника паркінде 470 мыңға жуық трактор, сепкіш және топырақ өңдеу құралдары бар, оның ішінде бір мезгілде бірнеше технологиялық операцияларды орындайтын 5 мыңнан астам заманауи егіс кешені бар.

Көктемгі жұмыстарды жүргізу үшін өңірлерге 413 мың тонна дизель отыны бөлінді, бұл өткен жылғы деңгейден 13 мың тоннаға артық. Операторлардың шығыстарын ескере отырып, фермерлер үшін орташа баға литріне 204 теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан 15-20%-ға төмен. Биыл ақпан айында оңтүстік өңірлер үшін ғана емес,  астық егетін солтүстік өңірлері үшін де арзандатылған ЖЖМ жөнелту басталды. 

Ербол Қарашөкеев атап өткендей, биыл шамамен 704 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған, оның 63%-ы отандық өнім (аммиак селитрасы мен аммофос). Тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасына жергілікті бюджеттерде 31,3 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар фермерлердің айтуынша, оңтүстік өңірлерде аммофоспен қамтамасыз етуде бірқатар мәселе болған, қазір олар шешімін тауып жатыр.

Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап алғаш рет 140 млрд теңге көлеміне көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру мәселесі пысықталды. Көрсетілген қаражаттың бөлінуін күтпестен, Аграрлық несие корпорациясы желтоқсан айында қолда бар ресурстар есебінен қаржыландыруды бастады. 39,7 млрд теңге көлеміндегі қаржы 1400-ге жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге аударылды. Жалпы 3200-ден астам фермерді қамту жоспарланып отыр.