27 ақпан мен 12 наурыз аралығында Астанадағы Ұлттық теннис орталығында «ITF World Tennis Tour» сериясы аясында әйелдер арасындағы «BeeTV 40 Women’s» және «BeeTV 60 Women’s» жарыстарының жалауы желбірейді. Екі турнирдің жалпы жүлде қоры –100 мың АҚШ долларын құрайды.
Елордадағы байрақты додаға әлемдік рейтингте ТОП-300 теннисшінің қатарына енетін спортшылар қатысады деп жоспарланған. Олардың арасында 1ITF Circuit1 санатындағы жеті жарыстың жеңімпазы жапониялық Моюка Учижима (120 WTA), жұптық сында «Үлкен дулыға» турнирлерінің тоғыз дүркін жеңімпазы франциялық Кристина Младенович (150 WTA), ресейлік жас теннисші Анастасия Захарова (166 WTA), румыниялық Ирина-Мария Бара (197 WTA), сербиялық Наталья Стефанович (221 WTA) және тағы басқа теннисшілер бар.
Ал өз жерімізде өтетін аталған жарыста ел намысын жұптық сындағы Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина, әлемдік рейтингте 483-орында тұрған Жібек Құламбаева, бірнеше турнирдің жеңімпазы Гөзал Айнитдинова (509) мен Аружан Сағындықова (1182), Дана Байдәулет пен Жанель Рүстемова қорғайды.
Айта кетейік, әйелдер арасындағы «ITF World Tennis Tour» аясына алты санаттағы жүлде қоры – 15 000, 25 000, 40 000,
60 000, 80 000 және 100 000 АҚШ долларына тең жарыстар кіреді. Елордадағы додалар «ITF World Tennis Tour» турнирлерінің үшінші және төртінші санатына жатады.
Қазақстанның теннис жан- күйерлері аталған турнирді «Qazsport» және «Insport-тың» «Bee TV» спорттық бөлімінен тікелей эфирде тамашалай алады.