Бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионаты негізгі фаворит құрамаларының қатысуынсыз өтуі мүмкін. Себебі Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте жалауы желбірейтін дүниежүзілік доданың уақыты жақындаған сайын жаһан біріншілігінен бас тартып, бойкот жариялаған құрамалардың қатары артып барады. Бүгінге дейін АҚШ, Чехия, Ирландия, Ұлыбритания, Канада, Польша, Швейцария және Нидерланд құрамалары Ташкент шаршы алаңында жұдырықтаспайтындарын мәлімдеп үлгерді.
«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры», дегендей 2022 жылдың күзінде Халықаралық бокс ассоциациясының (IBA) президенті Умар Кремлев Ресей мен Беларусь спортшыларының жарыстардан шеттетілуіне қарсы шығып, екі елдің өкілдеріне Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) тарапынан салған «санкцияларды» (өз туы астында жарыстарға қатыстырмау) алып тастаған болатын. Осы шешімнен кейін «Дайрабайдың көк сиырының» арты үлкен дауға ұласып, құрамалардың әлем чемпионатына жаппай бойкот жариялауына алып келді.
Сөйтіп Ресей мен Беларусь спортшыларына «қамқорлық» жасаймын деген IBA Халықаралық Олимпиада комитетінің шешіміне мойынсынбай, онсыз да екі ұйым арасында сетінеп тұрған нәзік қатынасты тіпті нашарлатып жіберді.
IBA-ның даулы шешімі 2022 жылдың қазан айында қабылданғанымен, түрлі наразылықтардан кейін батыс елдерінің спорт басшылары мен халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері күні кешеге дейін бокс ұйымы өз шешімінен бас тартады деп үміттеніп келді. Бірақ ақпанның басында IBA басшылығы өз ұстанымында қалатынын тағы да мәлімдеді. Содан кейін демократия десе делебесі қозып шыға келетін АҚШ бокс федерациясы («USA Boxing») IBA-ның бұл бастамасына қарсы шығып, алғашқылардың бірі ретінде боксшыларын Ташкенттегі әлем чемпионатына жіберуден бас тартатынын жариялады. Олар IBA-ның бұл ұстанымы Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) Ресей және Беларусь спортшыларына қолданған шешіміне қарсы іс-әрекет екенін айтып, қатаң айыптады. Сондай-ақ АҚШ бокс федерациясы халықаралық бокс ұйымының қаржылық басқаруы ашық түрде жарияланбайтынын және санкция салынған компаниялармен тығыз жұмыс істеуі бойкот жариялауға себеп болғанын жеткізді.
АҚШ-тың ізін ала Ирландия мен Чехия бокс федерациялары да дәл осы мәселеге байланысты 2023 жылдың наурыз және мамыр айында Үндістанның Дели қаласында өтетін әйелдер арасындағы әлем чемпионаты мен Ташкенттегі ерлер арасындағы додаға қатыспайтындарын мәлімдеді. Тіпті Чехия бокс қауымдастығының (CBA) президенті Марек Шимак IBA-ға қарсы балама әлем чемпионатын өткізуді ұсынды.
Одан кейін әлем чемпионатына Англия, Канада, Швеция, Польша, Швейцария мен Нидерланд бокс федерациялары бойкот жариялап, Ресей және Беларусь спортшыларының өз тулары астында жарыстарға қатыстыруға қарсы екендерін білдірді. Бойкот жариялаған құрамалардың қатары көбейген сайын бұл жағдайға бокс сарапшылары алаңдай бастады. Себебі бокс мамандары алдағы уақытта бұл тізім тағы да толығар болса, онда ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаттарының өтпей қалуы мүмкін екенін айтып отыр.
Бокстан әлемдік держава құрамаларының әлем чемпионатына қатыспауы IBA-ның дүние жүзі алдындағы жоқ атақ-даңқына да, әлем біріншілігінің деңгейіне де кері әсерін тигізбей қоймайды. Өйткені бойкот жариялаған елдердің боксшылары айтулы жарысқа қатыспағандықтан, былғары қолғап шеберлері арасындағы шынайы бәсекелестіктің болмайтыны белгілі. Себебі қазірге дейін бойкот жариялаған құрамалардың ішінде тек Чехия боксының әлеуеті төмен демесеңіз, АҚШ, Ұлыбритания, Ирландия боксшылары әлем чемпионаттарында, Олимпия ойындарында әрқашан жүлделі орындардан көрініп жүр.
Мәселен, Токио Олимпиадасында Англия бокс құрамасы алты медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте Куба боксшыларымен бірге алғашқы орынды өзара бөліскен еді. Сонымен қатар үздіктер қатарынан бір алтын және бір қола алған Ирландия мен үш күміс және бір қола жүлдеге қол жеткізген АҚШ былғары қолғап шеберлері де көрінген болатын. 2021 жылы Сербияның бас шаһары – Белградтағы әлем чемпионатында АҚШ боксшылары екі алтын және екі күміс медальмен жалпы есепте үшінші орыннан көрінсе, Ирландия құрамасы әйелдер арасындағы дүниежүзілік додада екі алтын медаль жеңіп алған.
Ал жуырда Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев Қазақстан құрамасы әйелдер мен ерлер арасындағы әлем чемпионаттарына қатысатынын мәлімдеді. Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы Сербиядағы әлем біріншілігінде Қазақстанның ерлер құрамасы 2 алтын, 2 күміс,
1 қоламен жалпыкомандалық есепте Куба боксшыларын (3 алтын, 2 қола) алға жіберіп, екінші орынға ие болған еді.
Үндістан астанасы – Нью-Делидегі әйелдер арасындағы әлем чемпионаты 15-31 наурыз аралығында, Өзбекстанның Ташкент қаласындағы ерлер бәсекесі 1-14 мамыр аралығында өтеді деп жоспарланған.