• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 22 Ақпан, 2023

Жыр-дастандарға жан бітірген

389 рет
көрсетілді

Кәрім Бекеновтің есімі қазақ бейнелеу өнерінің графика саласында ерек аталады. Шығармашылық өмірі халық аңыз ертегілері мен эпостық жырлардан бастау алған график-сурет­шіні еске алуға арналған көрме Ә. Қастеев атындағы өнер музейінде есік ашты.

Суретші белгілі бір мәтіндегі кейіпкерлерді бейнелеуде уақи­ғаларды көзбен көргендей оқыр­манды тап сол әлемге енгізіп жі­береді. Ол қазақ руханиятының қазынасына енген «Қобыланды батыр», «Қыз-Жібек», «Тазша бала», «Алдаркөсе», «Мың бір түн», «Әлем халықтарының ер­тегілері» сынды танымал шығар­маларды, сондай-ақ Бейімбет Майлиннің «Раушан – коммунист», Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», Сәбит Мұқановтың «Бота­гөз», Құрманбай Толыбаев­тың «Дән», Шыңғыс Айтматовтың «Мәң­гүрт», Әбіш Кекілбаевтың «Бір шөкім бұлт», «Шыңырау» туын­ды­ларының иллюстрациялық па­рақ­шаларын жасап, безендірді.

Өнертанушы Гүлнар Жұбания­зованың айтуынша, танымал мә­тіндердің иллюстрациясы оның қолтаңбасында құлпыра түседі. Тұлғалық қасиет пен мінез ырғақты сызықтармен көркемделеді. Су­ретшінің тақырыпқа қарай із­­­де­ністері эстетикалық, психо­ло­гия­­лық күйді сездіре, ондағы адам­гер­шілік пен тәрбиелік мәнді тануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ оның графикалық композициялары ерекше бір көркемдік пен контрастық үйлесімділікте шешілген.

Кітап көркемдеудегі сурет­шінің кәсіби шеберлік тұлғасын, ішкі жан дүниесін, рухани болмысын әрбір жасаған иллюстрациялық композициясынан тануға болады. Өйткені белгілі бір тақырыптың астарына бейнелік композиция арқылы терең түсінік беретін әр­бір ырғақты сызықтары тарих­тың өткен сарынын, ондағы шын­дықтарды айқындаған.

Өнер иесі халқымыздың жыр-дастандарын, белгілі ақын-жазу­шыларымыздың құнды еңбек­теріндегі ғажайып ортаны, ондағы сюжеттерді жан дүниесімен зерделеген. Оның туындыларында қаншама кейіпкер тарихи образға айналды.

Суретшілер одағының мүшесі, Журналистер одағының мүшесі, Полиграфияға еңбегі сің­ген қай­раткер, ВЦСПС баспа­сының үз­дігі, баспаларда жария­ланған «Кітап өнері» халықаралық және республикалық бірнеше байқаудың жеңімпазы – Кәрім Бекенов 1938 жылы 10 қазанда Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Ключи ауылында дүниеге келді. 1965 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітіріп, 1967-1968 жылдары «Целиноград ХПМ» суретші көркемдеуші қызметін атқарды. 1973 жылы Мәскеу поли­графия институтын тәмамдады. 1965-1997 жылдары ол ма­ман­дығы бойынша «Мектеп», «Жеті қара», №1 баспахана бас­пасында көркемдеуші редактор, аға техникалық редактор, бас суретші, көркемсурет бөлімінің меңгерушісі, 2007-2011 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның «Графикалық ди­зайн» кафедрасының аға оқыту­шысы болып еңбек етті.

 

АЛМАТЫ