Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) орта салмақта әлем чемпионы отандасымыз Жәнібек Әлімханұлына (13-0, 8 КО) британиялық боксшы Лиам Смитпен (33-3-1, 20 КО) жұдырықтасып, чемпиондық белбеуін қорғауды міндеттеді.
WBO ұйымы екі тарапқа жекпе-жек кешін ұйымдастыру бойынша жедел түрде келіссөздерге кірісуді міндеттеді. Боксшылардың командасына ымыраға келу үшін 20 күн уақыт берілді. Егер осы мерзім ішінде олар ортақ мәмілеге келе алмаса, онда WBO ережесі бойынша жекпе-жекті өткізу құқығы промоутерлік бәс саудаға шығарылады.
Кәсіпқой бокстағы орта және бірінші орта салмақта жұдырықтасатын Лиам Смит – өз салмағындағы ең мықты боксшылардың бірі. 34 жастағы былғары қолғап шебері Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында дүниеге келген. Әуесқой бокста айтарлықтай табысқа қол жеткізе алмаған Смит 2008 жылдан бері кәсіпқой рингте жұдырықтасып жүр. Сол аралықта 37 кездесу өткізіп, 33 жекпе-жегінде жеңіске жетті. Соның ішінде 20 қарсыласын мерзімінен бұрын ұтты. Сонымен қатар үш айқасында қарсыласына жол беріп, біреуінде тең түскен.
2015 жылдың күзінде ол өзінің отандасы Джон Томпсонды жетінші раундта ұрып жығып, орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Кейіннен ол алтын белбеуін британиялық Джимми Келли мен черногориялық Предраг Радошевич секілді бірде-бір жеңілісі жоқ атақты боксшылармен өткен жекпе-жектерде сәтті қорғады. Алайда кейінгі айқасында мексикалық даңқты боксшы Сауль «Канело» Альварестен нокаутпен ұтылып, чемпиондық атағынан айырылып қалды. Бұл оның карьерасындағы алғашқы жеңіліс еді. Лиам Смит одан кейінгі айқастарында мексикалық Хайме Мунгия мен ресейлік Магомед Курбановтан ұпай саны бойынша ұтылды.
Смит өз кезегінде Лиам Уильямс, Роберто Гарсия, Энтони Фаулер, Джесси Варгас, Сэм Эггингтон сынды танымал боксшыларды ұрып жыққан. Британиялық боксшы ең кейінгі жекпе-жегін биылғы қаңтар айында отандасы кіші Крис Юбенкпен өткізіп, төртінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Биыл 30 жасқа толатын жерлесіміздің аяқ алысы жаман емес. Бүгінге дейін ол кәсіпқой рингтегі 13 кездесуінің барлығын жеңіспен аяқтап, сегіз бәсекесінде айқын басымдық танытты. Жоғарыдағы жаңалық ресми жарияланған соң Жәнібек «Шынын айтқанда, менімен жұдырықтасудан бас тартатын қарсыластардан шаршадым! Келесі қарсыласым менімен кездесуден қашпайды деп үміттенемін. Бірақ кіммен шаршы алаңда кездессем де, әлемдегі ең атақты боксшылардың бірі болатыныма уәде беремін», деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында.
Әлімханұлының бұл жекпе-жектің де өтпей қалуынан күдіктеніп отырғаны бекер емес сияқты. Өйткені Лиам Смит жоғарыда кіші Крис Юбенкті жеңгенін айттық. Смит пен Юбенк арасындағы жекпе-жектің келісімшарты бойынша, екі боксшы алдағы уақытта міндетті қарымта жекпе-жегін өткізуге тиіс. Сондықтан Лиам Смит те Жәнібекпен жұдырықтасудан бас тартуы ғажап емес.