• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 24 Ақпан, 2023

Құланнан шыққан жампоздар

366 рет
көрсетілді

Еліміздегі ең көп Олимпиада жүлдегерлері шыққан ауданды білесіз бе? Ол – қасиетті Құлан өңірі. Жамбыл облы­сы­ның Тұрар Рысқұлов ауданы­нан төрткүл дүниеге таныл­ған, төртжылдықтың іргелі додасында көк туды жел­бі­реткен төрт саңлақ шық­қанын біреу білсе, біреу білмеуі де мүмкін. «Төр­т­еудің түгелдігі» бүгінде 65 мың тұрғыны бар ауданның абы­ройын асқақтатып тұр!

Таяуда Ермахан Ыбырайы­мовпен сұхбат­тасу­дың реті келді. Сол кезде осы жайтты баяндаған едім. Төрт Олимпиада жүлдегері туралы. Даңқты боксшы менің қате­лігімді дереу түзеді. «Біз төр­теу емеспіз, біз – бесеуміз!» деп езу тартты. «Бесіншісі кім?» деп мен аң-таңмын. Ермахан «Бесін­шісі – Абсент!» деп әңгімені қыс­қа қайырды

 

Ермахан

Құланнан шыққан саң­лақтар арасынан Олимпия ойын­дарында жеңіс тұғырына алғашқы болып көтерілген Жақ­сылық ауылының тумасы Ерма­хан Ыбырайымовты барша жұрт жақсы біледі. 1996 жылы Атлантадағы жарыста жартылай финалға де­йін қарсыластарын қоғадай жапырған Ермахан дәл сол межеге жеткенде куба­лық Альфредо Дювергельге есе жіберді. Нәтижесінде, қола медальді мойнына ілді. Ол кезде қандасымызға үшінші орынға тұрақтаудың өзі орасан зор табыс еді. Себебі кезінде жап-жақ­сы өнер көрсеткен Ермахан 90-жыл­дардың басында үлкен спорт­тан қол үзіп, білікті бапкер Тұр­сынғали Еділовтің ықпа­лы­мен шаршы алаңға қайта оралды.

Сөйтіп, Олимпиадаға мықтап даярлана бастағанына бар-жоғы екі жылдай ғана уақыт болған-ды. Сол себепті де көпшілік та­­ра­пынан оның Атлантадағы қола­сы «алтынға бергісіз» деп баға­ланды.

Арада төрт жыл өткеннен соң ғасырлар тоғысында Сиднейде ке­­зекті Олимпия ойындарының алауы тұтанды. Сол жарыста Ер­маханның асқан шеберлігіне тәнті болдық. Бастапқы бәсе­ке­лерде сириялық Юсуф Массас пен венесуэллалық Хелли Янесті ұрып жыққан ол ширек финалда Хуан Эрнандеспен күш сынасты. Куба боксшысының Олимпия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, төрт дүр­кін әлем чемпионы, екі дүркін Па­намерика ойындарының жеңімпазы деген атақтары бар. Сол дүлей күш иесінің өзі қазақтың қайсар ұлы­ның қарқынына шыдай алмады. Бұл бәсеке 16:9 есебімен Ыбы­райымовтың пайдасына ше­шілді. Жартылай финалда кейіннен кә­сіпқой бокстың шоқ жұлдызына айналған әлем­нің абсолютті чемпионы, аме­ри­­ка­лық Джермейн Тей­лор­ды төр­тінші раундта есінен тан­дыр­ған Ермахан финалда Ат­ланта Олим­пиадасының қола жүл­дегері, әлем чемпионы, ру­мы­ниялық Марьян Симьонға сан соқ­тырып, Олим­пиада чемпионы атанды.

Ермахан Ыбырайымовтың одан бөлек, әлем чемпионатының кү­міс және қола жүлдегері, Азия ойын­дарының жеңімпазы, Азия­ның екі дүркін чемпионы деген атақтары тағы бар. Ол басқа да көптеген аса ірі халықаралық жа­рыстарда жеңіс тұ­ғырына кө­терілді. Екі бірдей Олимпия ойындарының ашылу салтанатында Қазақ елінің көк байрағын ұстап шығу құрметіне бөленді. Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін Қазақстан ұлттық құра­масының бас бапкері болды. Қа­зіргі кезде Олимпиадалық даяр­лау орталығы директорының орынбасары, Алматы қалалық мәслихатының депутаты.

 

Ислам

Дәл сол Сидней Олимпиада­сында Тұрар Рысқұлов ауда­нының Каменка ауылында дү­ниеге келген Ислам Бай­ра­­му­ковтың да бақ жұлдызы жар­­­қы­рады. Бала кезінен еркін кү­реске ден қойған отандасымыз уақыт оза республикамыздың мықты балуанына айналды. 1993-2001 жылдар аралығында Байрамуков Азия чемпионатында 1 алтын, 3 күміс және 1 қола медальді ие­лен­ді. Азия ойындарының қола ме­далін мойнында жарқыратты. Орталық Азия мен Шығыс Азия ойындарында бас жүлдені олжалады.

Ислам үш Олимпиадаға қатысты. 1996 жылы Атланта мен 2004 жылы Афинада асығы алшысынан түс­педі. Есесіне 2000 жылы Сиднейде жеңіс тұғырына көтеріліп, спорттық мансабындағы ең зор табысына қол жеткізді. Сол жарысқа кере­мет даяр­лықпен барған отандасы­мыз атақтары алысқа жайылған апай­төстерді ары да, бері де лақ­тырып, ақтық сынға дейін ал­қынбай жетті. Финалда оның жолы Ресейдің дүлдүлі Сагит Мұртазалиевпен қиысты. Ол кезде дағыстандық балуанның даңқы дүркіреп тұрған. 1999 жылы Са­гит әлем чемпионы атанса, 2000 жылы Еуропа біріншілігінде бас жүл­дені иеленді. Одан бөлек, Ізгі ниет ойындары мен Иван Яры­гиннің турнирін ұтқаны тағы бар. Финалда Мұртазалиевтен же­ңілген жерлесіміз жасыл құр­лықтағы үлкен додадан күміс медальмен оралды.

Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін Ислам Байрамуков ұлт­тық команданың бапкерлер құрамында болды. Жалпы, оны «сегіз қырлы, бір сырлы жігіт» деп айтсақ та болады. Ислам Ілия­с­ұлы күреспен ғана шектеліп қалған жоқ. Ол Алматы қалалық мәслихатының депутаты ретінде қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы қарашай-балқар «Бірлік» қоғам­дық бірлестігі төрағасының орын­басары қызметін атқарды. Со­нымен қатар Ислам Байра­му­ковты атбегі және спорт ком­мен­таторы ретінде де жұрт жақ­сы біледі.

 

Ақжүрек

2012 жылы Лондон Олимпиа­да­сында Ақжүрек Таңатаровтың тұ­ғыры биік болды. Құмарлық ауы­лында жарық дүниеге келген ол еркін күреспен шұғылданып, бозбала шағында-ақ талантымен дараланды. Қысқа ғана мер­зім аралығында аудан, облыс және республикалық жарыс­тарда қарсылас шыдатпай, ұлт­тық құрама командасының сапына қабылданды. Бірақ Ақ­жүректің үлкен спорттағы жолы өте ауыр болды. Елішілік дода­ларда қазақ балуаны ешкімге бет қаратпағанымен, байрақты бәсекелерден талайынан шет қалды. Оның орнына басқалар барды. Таңатаров Бейжің Олим­пиадасы мен бірнеше әлем чемпионатынан тыс қалып, сол бә­секелерді теледидар арқылы та­ма­шалауға мәжбүр болды.

Десек те өзінің жанкештілігі мен табандылығының арқасында Ақжүрек көздеген мақсатына қол жеткізді. Ол Лондон Олим­пиа­­дасында қола медальді ие­ленді. Егер жартылай финалда жолыққан үндістандық Сушил Кумар құлағын тістеп алмағанда, алтын тұғырға да көтерілуі әбден мүмкін еді. Ол оқиғаны кейіпкеріміздің өзі былай деп еске алады: «Соның алдында ғана мен Кумарды Астанадағы турнирде ұтқан едім. Осы жолы да жеңетініме сенімді болдым. Алайда әлем және Азия чемпионы, Бейжің Олимпиадасы мен Азия ойындарының қола жүлдегері деген атағы бар Үн­дістанның өкілі мені әбден зерттеп келген екен. Екеуміз біраз тірестік. Бірінші кезеңді ол өз пайдасына шешсе, екіншісінде менің мысым басым болды. Үшінші кезеңде 3:0 есебімен алда келе жаттым. Бәсекенің аяқталуына небәрі 49 секунд қалғанда ол арамза әрекетке барды. Алдында көзімді шұқығаны аздай, құлағымды оңдырмай тістеді. Мен біраз кібіртіктеп қалдым. Сол сәтті пайдаланған ол артыма шықты да, кілемнің үстінде айналдырып, бес-алты ұпай олжалап үлгерді. Мен қансыраған құлағымды көрсетіп, төрешіге шағымдандым. Ол ештеңе болмағандай сыңай танытты. Қапталдағы төрешілер де үнсіз қалды. Соның барлығын біздің дөкейлер де көрді. Бірақ ешқайсысы ләм-мим демеді. Егер олар жұлқынып шығып, әділдікті талап еткенде мен финалға шығатын едім. Ал ақтық сайыста жапониялық Тацухиро Енэмицуды еңсеретініме еш күмәнім жоқ еді».

2017 жылы Парижде өткен әлем чемпионатында Таңатаров қола медальді мойнына ілді. Азия чемпионы және басқа да ха­лықаралық турнирлерде топ жарды. Қазіргі кезде Ақжүрек Дос­тықұлы Жамбыл облысы ор­та­лығындағы спорт мектебінің ди­рек­торы.

 

Елдос

Құлан өңірінен шыққан тағы бір дүлдүл – Елдос Сме­тов. Жал­­­пақ­саз ауылында дүние есі­гін ашқан Елдос алдымен Ах­мет Жұмағұловтан ба­луан­дық өнер­дің қыр-сырын үй­ренсе, бұл күндері Ғалымжан Жыл­­кел­­диевтің қол астында жат­ты­ғады. Жасөспірімдер мен жас­тар арасындағы жарыстарды те­гістей ұтқаннан соң ол ересектер дуына қосылды. Бұл ретте де Сме­тов қалың топтың арасында қалып қойған жоқ. Бірден төрге ұм­ты­лып, дзюдо күресіндегі аса же­ңіл салмақтың тізгінін мықтап өз қолына алды.

2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпия ойындарында Елдос ливиялық Эл­кабиса Мұхаммед Эльхади, ұлы­бри­таниялық Эш­ли Маккензи, өзбек­стандық Диор­­бек Уразбоев және әзер­бай­­жандық Орхан Сафаров сын­ды саңлақтарға сан соқтырды. Финалда Ресейдің туы астында өнер көрсеткен кабардин жі­гіті, әлем және Еуропаның екі дүркін чемпионы, Еуропа ойын­да­рының жеңімпазы Беслан Мудра­новпен жолы қиысты. Аса тар­тысты өткен белдесудің негізгі уақытында жеңімпаз анықталған жоқ. «Голден скорда» Сметов аяғын беріп қойып, соның салдарынан жеңілістің кермек дәмін татты. Сөйтіп, Оңтүстік Америка құрлығы сапарынан қазақ дзюдошысы күміс медальмен оралды.

2021 жылы Токио Олимпиа­дасында Сметовтің бас жүлдені олжалауға жақсы мүмкіндігі болды. Бастапқы бәсе­ке­лерде Түр­кияның тарланы Ақ­­құс Михраж бен Оңтүстік Корея­ның оғыланы Ким Вон Джин­ның аяғын көк­тен келтірген қандасымыз жар­тылай финалда үш дүркін әлем чемпионы, жапониялық Нао­хиса Такатодан қосымша уақыт­та ұтыл­ды. Ал одан кейін Ни­дер­ландтың өкілі Торнике Цакад­жое­ні ойсырата ұтып, қола ме­дальді мойнына ілді.

Олимпия ойындарында екі рет жеңіс тұғырына көтерілген Елдос Сметовтің басқа да ауыз толтырып айтарлықтай жетіс­тік­тері жетерлік. Ол – 2015 жыл­ғы әлем чемпионы, 2019 және 2022 жылдардағы әлем чем­пио­натының қола жүлдегері, 2014 жылғы Азия ойындарының же­ңімпазы және 2016 жылғы Азия чемпионы, Сондай-ақ қазақ дзюдошысы Гранд-Слэм мен Гран-при жарыстарында сан мәр­те олжаға кенелді. Елдос әлі де спорттық бабында, татамиде тер төгіп жүр.

 

Абсент

Міне, бір ғана Тұрар Рысқұлов ауданынан Олимпия ойындарында атой салып, жеңіс тұғырына көтерілген төрт саңлақ шықты. Сол дүлдүлдер төртжылдықтың басты додаларында алты жүлде алды. Атап айтсақ, Ермахан – бір алтын мен бір қола, Ис­лам бір күміс, Ақжүрек – бір қола, Елдос – бір күміс пен бір қола медальді олжалады. Яғни Құлан өңірінің еншісінде Олим­пиаданың бір алтыны, екі күмісі, үш қоласы, барлығы алты медалі бар. Расында да, бұл – керемет көрсеткіш!

Таяуда Ермахан Ыбырайы­мовпен сұхбаттасудың реті келді. Сол кезде осы жайтты баяндаған едім. Төрт Олимпиада жүлдегері туралы. Даңқты боксшы менің қате­лігімді дереу түзеді. «Біз төр­теу емеспіз, біз – бесеуміз!» деп езу тартты. «Бесіншісі кім?» деп мен аң-таңмын. Ермахан «Бесін­шісі – Абсент!» деп әңгімені қыс­қа қайырды.

Расында да, қалай естен шы­ғар­ған екенмін. Абсент – 1952 жылы Жам­был облысының Лу­говой (қазіргі Құлан ауылы) асыл тұқымды ат зауытында ту­ған таза қанды ақалтеке тұқым­дас сәйгүлік. 1956 жылы ол КСРО ха­лықтары спартакиадасы мен 1958 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қа­тысты. Мәскеуде оған белгілі ша­бандоз Сер­гей Филатовтың көзі түсті. Содан қауырт жұмыс, ты­нымсыз жаттығу басталды. Ақыры ерен еңбек еш кеткен жоқ. 1960 жылы Римде алауы тұ­танған Олимпия ойындарында Абсентті тізгіндеген Филатов бас жүлдені олжалады. Бұл – КСРО-ның ат спорты тарихындағы Олим­­пиаданың тұңғыш алтыны еді. 1964 жылы Токио Олим­­пиадасында олар екі қола медальді иеленді. 1968 жылы Мехикода Абсент командалық сайыста кү­міс медальді еншіледі. Мек­сика­ның астанасында өткен жа­рыс­тың шабандозы Иван Калита еді. Ал Абсенттің бас бапкері Екінші дү­ниежүзілік соғыстың ардагері, әскери көп­са­йыстан КСРО чемпионы, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген жат­­тықтырушысы, Қызыл ту орде­­нінің иегері Кәрім Әсенов еке­нін біреу білсе, біреу білмеуі де мүмкін. Міне, Құлан өңірінің спорт­тағы жетістіктері осындай!