• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Өнер 24 Ақпан, 2023

Қайта бүр жарған «Гүлдер»

489 рет
көрсетілді

Қазақ эстрада өнеріне тың серпін беріп, шабыттандырған шығарма­шылық ұжым туралы айтпай кету мүмкін емес. Ұлттық нақыштағы музыкалық туындылармен сахна төріне жол тартқан «Гүлдер» еліміздің бетке ұстар ансамбльдерінің бірі болды. Өнерпаздар Қытай, Үндістан, Германия, Жапония, Куба, Болгария, Моңғолия, Израиль, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттеріне гастрольдік сапарларға шығып, эстрадалық-музыкалық ревю бағытындағы концерттік бағдарламаларды көрермен назарына ұсынды.

Алпысыншы жылдардың ая­ғын­да құрылған ансамбль алға­шында 71 адамнан тұрды. Сара Тыныш­ты­­ғұлова, Роза Рым­бае­ва, Қапаш Құлышева, Қайрат Бай­босынов, Айжан Нұрмағам­бетова, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, Майра Нүркенова, Сембек Жұмағалиев, Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева және басқа да таланттар өнер жолын осы ансамбльден бастады. Бүгінде олар талғамы биік мәдениет қайраткерлеріне айналды.

Содан бері қаншама жылдар өтті. Жаңа ғасырға сай қазақ өнері мен мәдениетіне жаңа жұлдыздар легі қосылып жатыр. Алайда тарихи брендіміз болып келген ансамбль белгілі бір себептермен өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болғанын білеміз. Талай мәрте өнердің биік шыңына көтерілген мәдениет тарландары өнер ошағынан айырылуға шақ қалды. Дегенмен былтыр мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, «Роза Бағланова атындағы «Қазақ­концерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Гүлдер» ансамблінің шы­ғармашылық ұжымын қайта құру жұмыстарын қолға алған еді. Бұл мақсатта ұжымға шығарма­шылық оқу орындарының түлектері алынды. Тәжірибелі тәлімгерлер – бас балетмейстер Анвара Садықова және жобаның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Серік Дәулетов ша­қырылды.

Жаз айларында ансамбльдің құрамына өнерпаздарды қабылдау үшін С.Дәулетов, А.Садықова, хоре­ограф А.Шәмшиев еліміздің бірқатар қаласында кастинг жүр­гізді. Содан кейін-ақ ұжымның жаңаша бағыттағы қызу дайындық жұмысы басталып кетті. «Гүл­дер» ансамблінің бұрынғы құрамында өнер көрсеткен талантты әншілер мен кәсіби бишілер арнайы ша­қырылып, ансамбльдің репертуары жаңа музыкалық шығармалармен жаңартылды.

Аңызға айналған ансамбльдің атын шығарған «Бипыл» (хореограф Д.Қияқова), «Асатаяқ» (хореограф З.Райбаев), «Малайзия биі» (хореограф Г.Измайлова) және басқа да билер хореограф Татьяна Ауталипов­тің қатысуымен жүргізіліп жатыр. Ал жаңа хореографиялық композицияларды Гүлнәр Саитова, Карина Хайтматова, Гүлден Фат­кулла, Евгений Моисеев, Карина Жирен­баева, Мөлдір Нығымет сынды хореографтар қойды. Қазір жаңа ансамбльде 15 биші мен 9 музыкант бар.

Өнер ұжымы әлемнің көптеген елінде өнер көрсетіп, танымал болғаны белгілі. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемле­кет­тік концерттік ұйымының басты жаңалықтарының бірі осы ансамбльді қайтадан жаңа құраммен көрерменге таныстыру болып отыр. Сол себепті, көктемнің алғашқы күні «Гүлдер» ән-би ансамблінің тұсаукесер концертін өткізуді жоспарлап отырмыз. Айта кететін жайт, ансамбльдің видеоқұжаттары сақталғанымен, архивтік құжаттарды ақтарып отырып, сол кездегі қазақ би өнерінде қолданылған қимыл-қозғалыстары мен би түрлеріне қатысты құнды мәліметтерді таба алмадық. Сондық­тан ансамбльдің басы-қасында жүрген шығармашылық топқа осы бағытта да көп еңбек етуге тура келді.

Халық әртісі Сара Тынышты­ғұлова апайымыз ансамбль туралы: «Менің есімде қалғаны ансамбль бір жарым жыл ішінде үш жүзге жуық концерттің 70-тен астамын ауылдық жерлерде берген. Жақында 1 наурызда «Қазақконцерт» ұжымы «Гүлдер» ансамблін жаңа құрамда таныстыру үшін арнайы мерекелік концерт ұйымдастырғалы жатыр екен. Ұжымның басшылығына және жаңа ансамбльдің алдағы жұмыстарына сәттілік тілеймін. Ансамбль өркен­десін, көркейсін, халықтың ықыла­сына бөленсін», деген еді.

Жаңа құрамда жасақталған ан­самбльдің алдағы тұсаукесер кон­цертіне барша өнерсүйер қауымды шақырамыз. Сәтін салса, «Гүлдер» ан­самблі еліміздің түкпір-түкпіріне гастрольдік сапарларға шығып, шығармашылық концерттерін өткізетін болады.

 

Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт»  мемлекеттік концерттік ұйымының директоры