Қазақстанның екі боксшысы ғана Болгарияның бас шаһары – Софияда өтіп жатқан «Странджа кубогінің» жартылай финалына жолдама алғаны белгілі.
57 кило салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген Оразбек Асылқұлов бұл межеде Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, армениялық Артур Базаянмен күш сынасты. Тактикалық тұрғыдан қарасақ, өте сауатты жұдырықтасқан қандасымыз қарсыласынан басым түсті. Ақтық сында Оразбек Болгарияның туы астында өнер көрсететін кубалық боксшы Хавьер Ибаньеспен айқасады. Көп кешікпей шаршы алаңға 75 килодағы Нұрқанат Райыс көтерілді. Бұл жекпе-жекте қандасымыздың жеңіске жететініне күмәніміз болмады. Себебі ринг қожайыны Рами Киван ересектер дуына күні кеше ғана қосылған. Былтыр ол жастар арасындағы құрлық біріншілігінде екінші орын иеленді. Десек те бұл кездесуде Киванның асығы алшысынан түсті.
Естеріңізге сала кетейік, жартылай финалда О.Асылқұлов 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2022 жылғы Азия чемпионы Әбдімәлік Халоковты ұтса, Н.Райыс Алахон Абдоллаевтан айласын асырды. Бұл боксшылардың екеуі де Өзбекстаннан.