Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты біріншілігіндегі ең соңғы ойында да «Барыс» сәтсіздікке ұшырады. Бұл жолы олар Ярославльдің «Локомотивіне» есе жіберді.
Астанада өткен бәсеке бірден өте екпінді басталды. 2 минутта Максим Осипов қонақтарды алға шығарды. Арада үш минут өткен соң Самат Данияр таразы басын теңестірді. Бірақ сол кеште Ярославльден келген жігіттердің қарқыны күшті болды. Олар шабуыл өтінде ширақ қимылдап, айдын иелерінің қақпасын тағы төрт мәрте дәл көздеді. Бұл голдардың авторлары – Павел Красковский (8 минут), Максим Осипов (27 минут), Сергей Андронов (28 минут) және Степан Никулин (45 минут). Жерлестеріміздің екі шайбамен ғана жауап қайыруға шамалары жетті. 35 минутта Дмитрий Шевченко өз мүмкіндігін ұтымды пайдаланса, 48 минутта Михаил Рахманов мергендік танытты. Нәтижесінде бұл бәсеке 5:3 есебімен «Локомотивтің» пайдасына шешілді.
Сөйтіп, биылғы маусым «Барыс» үшін сәтсіз аяқталды. Олар осы біріншілік барысында небәрі 61 ұпай жиып, Шығыс конференциясындағы командалар арасында соңғы орында қалып қойды.