Мектеп партасымен қош айтысқан әрбір жастың алдында мамандық таңдау дейтін маңызды қадам тұрады. Аттай қалап түскен мамандығынан мән таппай, яки жібі түзу жұмыстың реті келмей жол ортадан бағыты басқа арнаға бұрылатындар жетерлік. Профориентологтер мұның себебін түрлі жағдаймен түсіндіреді. Жаны сүймеген жұмыс адамды келе-келе қажытса, кейде керісінше кездейсоқ таңдаған кәсіп жұлдызын жағады.
Бұл тұста баса мән берер тірек – адамның жігері мен ынтасы һәм өзіне деген сенімі. Құлшына кіріскен кішкентай кәсіптің өзі таудай табыс әкеліп жатса таңғалмаңыз. Ал өз ісіңізді жаныңызбен сүйіп, армандай алмасаңыз, бәрі бекер. Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері талай замандасына үлгі болар алматылық тігінші бала – Бағдәулет Парсаханов. Бағдәулет 19 жаста. Кәсіби курстың көмегімен-ақ мықты маманға айналған. Оның қолынан шыққан классикалық үлгідегі ерлер киімдері кәдімгідей сұранысқа ие. Мектеп бітірер тұста бала күннен ынтасы ауған кәсіпке қадам басқан.
– 2020 жылы Алматы қаласындағы №86 мектеп- гимназияны бітірдім. Оқу үлгерімім ойдағыдай еді, ҰБТ-дан жинаған 91 балмен бірқатар оқу орнына грантқа түсуге мүмкіндік болды. Алайда жиған балым өзім қалаған мамандыққа жеткіліксіз болғандықтан құжат тапсырудан бас тарттым. Әкем ерте дүние салғандықтан ақылы бөлімде оқып жалғыз анама жүк түсіргім келмеді. Тігін ісіне қызығатынмын. Әсіресе ерлерге арналған қымбат костюмдер тігетін табысты дизайнерлердің парақшасына жазылып, жұмыс барысын бақылап жүрдім. Бірте-бірте өзіме керегі осы екенін түсініп, ақылы курсқа жазылуға бел байладым. Анама бұл кәсіп үлкен сұранысқа ие екенін, мықты маман болсам далада қалмайтынымды айтып көндірдім әйтеуір. Оның үстіне ақылы түрде оқуға түссем, бір жылдың өзінде миллион теңге төлеуіме тура келеді, құны 600 мың тұратын курсты оқу да біздің отбасымыз үшін үлкен тәуекел болды. Десе де анам мен ағам мені қолдады. Бұл саланың қыр-сырына баулып жүрген Әсет Айманов – еліміздегі мықты тігіншілердің бірі. Болашақта ателье ашып, өз кәсібімді өрге сүйреуді мақсат етемін, – дейді Бағдәулет Парсаханов.
Талантты жастың талабы сүйсіндірді. Көзінен өз ісіне деген адалдығы ұшқындап тұр. Тігін өнерінің түрлі әдісін меңгерумен шектелмей, салаға қатысты әлемдік нарықта сұранысқа ие трендтерді тізбелеп, соңғы үлгідегі киіну мәдениеті туралы сараптап айтып берді. Таза қол еңбегінен шыққан өнім қашанда бағалы. Дейтұрғанмен халықтың әл-ауқаты оны толық түсінуге жете қоймағанын айтады.
– Біздің елдегі көп тігін шеберханаларында негізгі басымдық әйелдер киіміне берілген. Ерлер костюмдерін тігетін санаулы орындардың өзі әлі күнге дейін баяғы кеңестік технологияның әдістерін қолданады. Біз классикалық киімдердің ежелгі отаны ағылшын технологиясын негізге аламыз. Көп отандастарымыз бұл технологиядан хабарсыз. Әлемдік трендте күн сайын түрлі жаңалықтар болып жатса да, классикалық киім өз биігінен түспейді. Сапалы өнімді бағалайтындар, мұндай айрықша әдіспен тігілетін киімдердің артықшылықтарын жақсы түсінеді. Нағыз сапалы костюм жүріс-тұрысқа ыңғайлы әрі жеп-жеңіл болуы керек. Тіпті тігістерінің қыртыстарына дейін білінбейді. Терлетпеуі керек. Базардағы көп өнім үлкен цехтарда тігілетіндіктен желім пайдаланады. Көп жағдайда желімнің әсерінен костюм терлеткіш әрі ауыр болып келеді. Біздің әдісте желім мүлде қолданылмайды. Қол жұмыстарының тігісі созылғыш болғандықтан, үстіңе ыңғайлы отырғанын соншалық, сезбей де қаласың. Бұл істен мүлде хабары болмаса да екі өнімді салыстыра киіп көрген адам жер мен көктей айырмашылықты бірден байқайды, – дейді Бағдәулет.
Танымал тігінші Әсет Аймановтың қол астында жұмыс істейтін талапты жас заманауи медианың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, желі оқырмандарына костюм тігудің әдістері мен бұл бағыттағы түрлі технологиялар туралы ақпарат беруді әдетке айналдырған. Біз де Бағдәулетті инстаграм желісіндегі bakdaulet_tailor парақшасы арқылы кездейсоқ тауып алдық. Жас маман желіде оқырмандарына өз жұмыстарын таныстыра отырып, тігін барысында өздері қолданатын «Bespoke» мәдениетінің ерекшеліктерін танытуды көздейтінін айтады.«Жақсы киіну адамның талғамын қалыптастырып қана қоймай, өзін кез келген ортада еркін сезінуге көмектеседі. Бұл тұрғыда талғам үлкен рөл ойнайды. Көп дүкендердегі тауарлар өз сапасына татымай жатады. Кейде 50-60 мыңға алған костюм мен 150 мың теңгеге алған костюмнің сапа тұрғысынан пәлендей айырмашылығы болмауы мүмкін. Халыққа осыны түсіндіргім келеді. Негізі костюм киюдің өзіндік мәдениеті бар. Қандай іс-шараға қандай костюм кию керек, жеңінің, шалбарының ұзындығы қандай болуы қажет, осының бәріне мән беруге үйретеміз», деп ой бөлісті жас тігінші.
Бағдәулеттің бойынан өз кәсібіне деген жігер-жалынның тасқынын байқадық. Болашақта жоғары білім иесі атану да жоспарында жоқ емес. Әзірге тігін ісінің қыр-сырын терең меңгеріп елге белгілі тігінші болуды армандайды. Жай ғана армандап емес, талпынып, талаптанып жүр.
Өткенде бір танысымыз: «Көршінің баласы аз уақытта автоэлектрик кәсібін меңгеріп еді, ауласынан көлік үзілмейді, адвокат болам деп алты жыл оқыған біздің жүгермек жеті жылдан бері желкесін қасып әлі жүр», деп еді. Жұрттың бәрі мұғалім мен дәрігер, полиция мен прокурор болмасы тағы анық. Әрине, академиялық білім алып, көкжиегіңді кеңейткенге не жетсін. Десе де ата-анасы аузынан жырып оқытқан дипломын місе тұтпай, қиял қуып жүрген жастар қаншама?! Талапқа сай маман тасада қалмайды. Бұл сөзіміздің жарқын мысалы – Бағдәулет Парсаханов.
АЛМАТЫ