«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Онлайн форматта ұйымдастырылған жиын барысында мүгедектігі бар адамдардың ақпаратқа қолжеткізу мәселесі жан-жақты талқыланды.
Жиынға қатысушылар жарнама, киноматография, телерадиодағы ақпарат тарату, ақпаратқа қолжетімділік, ақпараттандыру сынды бірнеше заңға өзгеріс енгізуді ұсынды. Өйткені мүмкіндігі шектеулі азаматтар қоғамда еркін өмір сүріп, оларға кез келген ақпарат қолжетімді болуы қажет. Заң жобасын талқылау барысында отандық телеарналарға сурдоаударма мен субтитрді міндетті түрде қосу ұсынылды. Өйткені статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде көру қабілеті нашар 85 мыңға жуық азамат бар. Ал 29 мыңға жуық жанның туылғалы құлағы естімейді немесе жүре бара есту қабілеті бұзылған.
– Өкінішке қарай, есту және көру қабілетінен айырылған азаматтар үшін еліміздегі мемлекеттік мекемелердің сайтындағы ақпарат қолжетімсіз. Егер қасында мәліметті оқып беретін адам болмаса, олар өздігінен қарай да, оқи да алмайды. Бұл азаматтардың құқығын шектейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 2050 жылға қарай шамамен 2,5 млрд адамның, яғни әлемдегі әр төртінші азаматтың құлағының естуінде қиындық болуы мүмкін. Демек бұл адамдарға қоғамға бейімделу үшін қазіргіден де бірнеше есе шара қабылдауды қажет – деді «Дара» орталығының өкілі Айгүл Табергенова.
Халықаралық тәжірибеде көру және есту қабілеті нашар адамдарға ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жаңа технологияның жетістіктері мен қызметтерін қолданылады. Осы ретте орталық өкілі еліміздегі жарнама туралы заңға осындай тәжірибені енгізуді ұсынды. Мұны дижитал-инклюзия бойынша сарапшы Зият Әбдіқаймов та қолдады. Бұған қоса ол басқосуда қолжетімді цифрлық орта қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
– Заңда мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне қатысты қолжетімділік және қауіпсіздік туралы бап бар. Жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, электронды Үкімет порталы мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімсіз. Заңның осы бөлігі тереңірек талдауды, әлі де нақтылауды қажет етеді. Электронды ақпараттық ресурстарға қатысты, оның ішінде электронды құжаттардың қолжетімділігіне қатысты біраз мәселе бар, – деді З.Әбдіқаймов.
Жиында Қазақ саңыраулар қоғамының төрағасы Жангелді Бекбатыров егде жастағы құлағы естімейтін азаматтар үшін субтитрдің маңыздылығына тоқталды. Ол сондай-ақ еліміздегі ерекше жандарға телеарналардағы барлық бағдарламаға сурдоаударманы міндеттеу керек деген көзқарасын ортаға салды. Мәселен, ресейлік «Рыжий» телеарнасында 4-12 жас аралығындағы балалар үшін сурдоаударма жасалады. Яғни есту қабілеті бұзылған немесе туабітті естімейтін балақайларға мультфильм, анимациялық және көркемдік сериалдарды, шоуларды көру мүмкіндігі бар. Ал бізде бұл мәселе әлі де өзекті күйінде қалып отыр.
– Түркияның Ыстанбұл қаласындағы музейлерде болғанмын. Онда көру қабілеті нашар адамдарға арнайы аудиоқұрылғылар беріледі. Музейдегі құндылықтардың әрқайсысында QR кодтары бар. Осылайша түрік халқының құндылықтарымен ағылшын-орыс тілдерінде еркін танысуға болады. Өте ыңғайлы. Біздің жүйеге де аудиодескрипцияны енгізу керек, – дейді Жангелді Бекбатыров.
Бұған қоса қоғамдық бірлестік төрағасы мемлекеттік органдар көру қабілеті нашар немесе мүлдем көрмейтін азаматтарға ұсынылатын бейнетаспалардың орнына заманауи ақпараттық технологиялардың әлеуетін тиімді пайдаланып, You Tube желісіне ойысу керек деген пікірін білдірді.
Ал «Internews Network» халықаралық ұйымы өкілдігінің заңгері Ольга Диденко заң жобасында қоғамның бұл санатындағы азаматтар үшін телеарналар, спутниктік және кабельдік операторлар арқылы ақпараттық қолжетімділікті қамтамасыз ету ұсынылғанын айтады. Осы ретте құжаттың әлі де сараптап, жетілдіретін тұстары бар. Өйткені алдағы уақытта заң осы күйінде қабылданса, бүкіл отандық телеөнімдерге сурдоаударма мен субтитрді міндетті түрде қосу, аудиодескрипцияны енгізу қаржылық қиындықтардың, өзге де проблемалардың туындауына әкеліп соғуы мүмкін.
Бұл конструктивті ойды жиынға қатысушылар да қолдады. Сондай-ақ жиында сала мамандарын даярлау мәселесі де көтерілді. Өткен аптада заң жобасын талқылау мақсатында түрлі форматта бірнеше жиын өткізілді. Заң жобасы азаматтық сектор және сарапшылар қауымдастығының мүдделі өкілдерімен әлі де талқыланады. Жалпы, Қазақстан Орхус конвенциясына және БҰҰ Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға қосылған. Сондықтан ерекше жандарға арналған ереже шеңберінде қолдау көрсету маңызды.