Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартқан әлемдік рейтингте Қазақстанның қос өкілі үздіктер санатына енді. Олар – Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева.
Былтыр «Уимблдонда» топ жарып, биыл Аустралияның ашық біріншілігінде финалға дейін жеткен Рыбакина 10-орынға жайғасқан. Путинцева да өткен аптамен салыстырғанда жағдайын біраз жақсартты. Бірден алты сатыға жоғарылаған ол 40-орынға көтерілді. Өзге бұрымдыларымыздың көрсеткіштері мынадай: Жібек Кұламбаева – 448, Гозаль Айнитдинова – 505, Анна Данилина – 539. Ал WTA рейтингінің алдыңғы легінде айтарлықтай өзгеріс жоқ. Көш басында – Ига Свентек (Польша).
АТР тізімінде Новак Джокович (Сербия) алда келеді. Қазақстанның теннисшілері арасында Александр Бублик қана тәуір нәтижеге ие. Марсельдегі турнирдің жартылай финалына дейін жеткен жерлесіміз төрт сатыға жоғарылап, қазіргі кезде 46-орынға табан тіреді. Өзге жерлестеріміздің нәтижелері мынадай: Тимофей Скатов – 134, Михаил Кукушкин – 250, Денис Евсеев – 304, Бейбіт Жұқаев – 314, Дмитрий Попко – 400, Григорий Ломакин – 980.