• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 28 Ақпан, 2023

Допинг дауынан сабақ алатын кез жетті

264 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары қазақ спортының дамуын тежеп тұрған бір мәселе бар болса, бұл – спортшылардың жегіқұртына айналған допинг дауы. Кезінде Олимпия ойындары, әлем чемпионаттары секілді ел мерейін асыратын ірі-ірі байрақты додаларда дараланып, қазақ халқына үлкен қуаныш сыйлаған спортшыларымызды жер-көкке сыйғызбай, төбемізге көтерген едік. Өкінішке қарай, көп ұзамай сол саңлақтарымыздың Олимп шыңын қитұрқы жолмен бағындырғаны дәлелденіп, жер-жаһанның жанкүйерлері алдында масқара болдық...

Бұрынғылардың «ауру қалса да, әдет қалмайды» деген сөзінің рас екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Таяуда дәл осындай жағдай тағы қайталанды. Жапонияның бас шаһары Токио­да өткен Олимпия ойындарын­да ерекше өнерімен дараланып, қола жүлдеге қол жеткізген ауыр атлет Игорь Сон допингпен ұста­лып, абыройымызға тағы нұқсан келтірді.

Қоғамды елең еткізген жаңа­лық әлеуметтік желіде де кең тарап, қолданушылар арасында қызу талқыланып жатыр. Жанкүйер­лердің көбі допингпен ұсталған спортшыларға аяушылық танытпай, ауыр жаза тағайындау керек деп есептейді. Тіпті мемлекеттен берілген барлық сыйақыны түгелімен бюджетке қайтаруға тиіс екенін айтып жатыр.

Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Алдияр Нұралиновтің айтуынша, Игорь Сон мен тағы бірнеше спортшының қанында тыйым салынған препараттың бар екені Қазақстан Ұлт­тық допингке қарсы орталығында анықталған соң, бұл нәтижелер федерация мен ұлт­тық құраманың басқа да өкілдеріне кері әсерін тигізбейді. Алайда ереже бұзған спортшылар Бүкіл­әлемдік антидопинг агенттігінің (WADA) Кодексіне және Халықаралық ауыр атлетика федерациясының допингке қарсы ережелеріне сәйкес 4 жылдан 8 жылға дейін жарыстардан шеттетіледі.

– Спортшыларды жарыстан тыс допингке тексеру олар қатысқан ха­лықаралық додалардан кейін, яғни алты ай өткен соң қабылданады. Сон­дықтан бұл жерде спортшылардың әлемдік додадағы нәтижелерін жою немесе медальдарын қайтару туралы мәселе туындамайды. Әсіресе И.Сонның Олимпиада жүлдесіне және мемлекеттен алған сый­ақысына қатысты екенін ерекше атап өт­кім келеді. Федерация допингтің кез келген көрінісіне нөлдік төзімділік қағидат ұстанады. Біз ұлттық құра­маның барлық өкілінен халықаралық жа­рыстардың қарсаңында және әлемдік додалардан кейін допинг сынама алып отырамыз, дейді А.Нұралинов.

Сонымен қатар бас хатшы бұл тек­серістер ең алдымен спортшы­ла­ры­мыздың халықаралық додаларда ереже бұзбауы үшін қажет екенін айтады. Өйткені WADA ел спортшыларынан шетелдік жарыстарда үш және одан да көп артық тәртіп бұзғанын анықтаған жағдайда, олар бүкіл команданы жарыс­тан шеттетуі мүмкін.

Спорт журналисі Руслан Меделбек спортшылар арасында мұндай тексерісті жиі өткізіп тұрған дұрыс деп есептейді. Сондай-ақ ол допинг сынамалар алатын орталық тәуелсіз және ешбір нәтижені жасырып қала алмайды дейді.

– Әлеуметтік желі қолданушы­ла­­рының пікірі ауыр атлетика феде­рация­сындағы допинг дауы арнайы тапсырыс­пен жасалып отыр дегенге саяды. Бірақ бұл жерде мына нәрсені түсіну керек. Қазақстанда допинг сынама алатын орталық тәуелсіз жұмыс істейді. Олар допинг сынаманың нәтижесін жасырып қала алмайды, егер мәліметтерді жасыратын болса, онда біз Ресейдің кебін киеміз. Өздеріңіз білетіндей, Ресейдің антидопинг орталығы (РУСАДА) Со­чидегі сынамаларды жасырғаны үшін лицензиясынан айырылды. Ал Қазақстанда допинг сынамасын алатындар ешкімнің атақ-даңқына қарамай өте әділ жұмыс істеп жатыр. Мысалы, біз кез келген бір зертханаға барып қан тап­сырдық дейік, қанда не барын, қан­дай сырқатымыз бар екенін жасырып қалмай, бәрін көрсете салады ғой. Біздегі допинг орталығы да сол жолмен жұмыс істейді. Қайта осындай спортшыларда допинг бар екенін ерте бастан анықтап, дұрыс істеп жатыр,  – дейді спорт сарапшысы.

Спорт әлемінде 2014 жылы бағы жанып, ауыр атлетикадан қазақтан шық­қан тұңғыш әлем чемпионы атанған Жасұлан Қыдырбаевтың басынан да допинг дауы айналып өткен жоқ. 2015 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлде алған отандасымызға 2016 жылы допинг қолданды деген айып тағылып, бүкіл атағынан айырылған-ды. 8 жылға спорттан шеттетілген отандасымыздың жазасы биыл күзде аяқталады.

– Бұл жайсыз жаңалықты естігенде аспаннан жай түскендей әсерде болдым. Мен ешқашан рұқсат етілмеген дәрі-дәрмекті қолданған емеспін. Өзім­нің таза спортшы екенімді дәлелдеу үшін Халықаралық соттың да көмегіне жүгіндік. Өкінішке қарай, бұл әреке­тімізден еш нәтиже шықпады. Осы­лайша, Олимпиадада атой салсақ деген асқақ арманымызбен біржола қош айтысуға тура келді. Әрине, бұл жерде спортшыларды кінәлай салу оңай. Бірақ ешкім біздің жан дүниемізді түсінгісі келмейді. Көбісі спортшы болу оңай, тіпті біздің өмірімізді рақат деп ойлайды. Әрбір істің өзіне сай машақаты бар екенін олар түсіне бермейтін сияқ­ты. Бозбала шағымыздан спортты жа­нымызға серік етіп, бүкіл өмірімізді осы салаға арнағанбыз. Осы күнге жеткенге дейін қаншама тер төгілді, ет жақындарымызды, туыстарымызды жылдап көрмей, жаттығу залынан шықпадық. Көп спортшы ел намысы үшін денсаулығын құрбан етіп жатыр. Айта берсең, ақталғандай боласың. Бар­лығымыздың спортқа келгендегі мақ­сатымыз байрақты додаларда ел намысын қорғап, халқымызды қуанту болатын, –дейді Ж.Қыдырбаев.

Қазақ спортының тарихына зер салар болсақ, елімізде ең көп допинг дауына ауыр атлетика спортшыларының ілінгеніне көз жеткіземіз. Мәселен, 2019 жылға дейін осы спортты жанына серік еткен 40-тан аса өреніміздің тыйым салынған препаратты қолданғаны анықталып, жарыстардан аласталған. Дәл сол жылдың қыркүйек айында Мәжіліс депутаттары «Дене шынықтыру және спорт туралы кейбір заңнамалық ак­ті­леріне өзгертулер мен толықтырулар ен­­гізу туралы» заң жобасын қабылдаған еді.

Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған заң жобасында спортшыны допинг қолдануға мәжбүрлеген я септес­кен жаттықтырушы, функционерлер әкім­шілік жауапкершілікке тартылып, оларға 200 айлық есептік көрсеткіш (ша­мамен 500 мың теңге, 1 300 доллар) кө­лемінде айыппұл салынады деп көрсетілген.

Тіпті бұдан бөлек заң жобасында спортшы допингпен ұсталып, нәтижесі жо­йылса, Үкімет атлетке берілген ақша­лай сыйақыны қайтарып алу, өзіне және бапкеріне мемлекеттен тағайын­далған өмір бойғы материалдық төлемді тоқ­татып, жарыстарда алған жарақаты үшін мемлекеттен алатын өтемақысынан айы­рылып, мемлекет берген тұрғын үйді қайтарып беру мәселелері нақты көр­сетілсе де, ереже бұзатындардың қатары әлі күнге дейін азаймай тұр.

Спорт журналисі Бек Төлеуов осыдан үш жыл бұрын 2008 жылдан бері допингпен ұсталған Қазақстан ауыр атлеттерінің саны 40-тан асып жығылатыны туралы мақала жазғанын, қазір бұл көрсеткіш адам шошитын деңгейге жеткенін айтады.

«Спортшыларымыз қазір заңға да, спорт ережесіне де бағынып жатқан жоқ. Бұл – өте қиын жағдай. Қазіргі таңда бір ауыр атлет әлемдік жарыс­тан медаль әкелсе, оның жетістігіне қуануға тиіс болған жанкүйерлер допингпен ұсталып қалмай ма екен деп уайымдайтын жағдайға жетті. Қазақстан құрамасын ұзақ жылдар бойы баптаған Алексей Ни мен оның көмекшісі, марқұм Энвер Түркелери еліміздегі ауыр атлетика спортына көп еңбек сіңіргенімен, қызды-қыздымен біраз дүниені бүлдіріп кеткенін де айтуымыз керек. Олар атақ-даңқ пен ақшаға оңай жету үшін осындай лас әрекеттерге көп барды және бұл жоспарлары жүзеге асып, қазақ спортшылары Олимпиада мен әлем чемпионаттарында жүлделерді күреп ала бастады. Бірақ қазақта «Көп асқанға – бір тосқан» деген сөз бар ғой. Енді, міне, соның зардабын тартып жатырмыз. Энвер Түркелери Болгария, Түркияда жұмыс істегенде де шәкірттері допингпен ұсталған. Оның дайындаған допингтерін Илья бастаған біраз атлеттеріміз ішіп, опық жеді. Бірақ өткеннен сабақ алмаған сыңайлымыз. Әлі күнге дейін допингпен ұсталып жат­қандар бар. Сосын ауыр атлетика федерациясы мен соның айналасында талас-тартыс толастар емес. Тіпті кісі өлімі болса да, тәубесіне келмегендер бар. Әрқайсысы, өзінікін дұрыс деп санайды. Ал ақиқат – жалғыз. Сондықтан қазақ ауыр атлетикасы дұрыс жолға түсу үшін «балықты» басынан тазалау керек сияқты», дейді спорт шолушысы.

Спорт жанкүйері Дәурен Алик­баев болса бүкіләлемдік допинг агенттігі қор­ғаушысы жоқ спортшылармен күре­сіп кеткеніне наразы. Құзыретті орган өкіл­дері негізінен спортшылармен емес, допинг препараттарын өндіретін дәрі-дәрмек зауыттарымен күресуі керек еді деп есептейді.

– Кейде жаңалықтардан әлемде ғылым саласы қарқынды дамып жат­қанын, түрлі жаңалықтар ойлап тауып жатқанын оқып қаламыз. Бірақ неге екені белгісіз, допинг мәселесіне келгенде ғылымның озық үлгісін байқай алмай жатырмыз. Спортшылардан допингті дәл уақытында таппаған соң, арада пә­ленбай уақыт өткен соң анықтағаны кімге керек. Демек, ғылым допингтен қалып бара жатыр деп қабылдауға болатын шығар. Меніңше, допингпен күре­сетіндер негізі спортшылармен емес, соны шығаратын дәрі-дәрмек зауыттарымен күресуі керек. Бірақ оған шамалары жетпейді. Ал олардың әлдері өздерін қорғай алмайтын спортшыларға ғана жетеді. Біле білсеңіз, дәріханадағы 90-95 пайыз дәрі – спортшы үшін допинг. Сонда нағыз допинг пайдаланатын кім? Сіз бен біз сияқты спортпен айналыспайтын жұрттың балалары, – дейді ол.

Қорыта айтқанда, тау көтерген то­лағай­ларымыздың допинг қолдануы сөз басында айтқандай, ауру емес, әдетке айналып кеткен сыңайлы. Жер-жаһанның спортшылары ұран етіп айтып жүрген «Әлем таза спорт үшін» деген ережеге бағынбайтын спортшылар заңға да пысқырып жатқан жоқ. Бір басын кессе, екінші басы өсіп шығатын әлгі ертегідегі айдаһар секілді қанша жерден допингке қарсы күрес жүргізсе де, ебін тапқандар екі асап жей бермек...